Әскери бөлімнен ұрланған қарумен ешкімге ешқандай залал келтірілмеді – министр

0
833

Қарудың жасырынған жері мен анықталған орны туралы деректер бойынша қосымша мәлімет ертең беріледі.


Әскери бөлімнен ұрланған қарумен ешкімге ешқандай залал келтірілмеді – министр

ERNUR.KZ. Әскери бөлімнен ұрланған қарумен ешкімге ешқандай залал келтірілмеді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Келісімшартпен қызмет етіп жүрген ол әскери бөлімнен рұқсатсыз шығып, қару-жарақты алып қашып кеткен. Олар – атыс қаруына жататын автоматтар мен тапаншалар. Қазіргі уақытта күдікті ұсталды. Сәйкесінше, бүгінде аталған қаруды алуға қатысты тергеу іс-қимылдары жүргізілуде», – деді ведомство басшысы Парламент Сенатында тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Оның сөзіне қарағанда, ертең барлық тергеу шаралары өткізілгеннен кейін, сондай-ақ сыбайластарды анықтау шаралары жүргізілген соң, яғни қарудың жасырынған жері мен анықталған орны туралы деректер бойынша қосымша мәлімет беріледі.

«Бүгін тергеу амалдары жүргізілуіне байланысты және тергеу мүддесіне сай бұл ақпаратты толықтай жариялауға болмайды. Ертең толық ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарына жария етемін», – деді Е.Тұрғымбаев.

«Аталған қарудан ешкімге ешқандай залал келтірілмегенін айта аламын», – деп нақтылады министр.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысындағы әскери бөлімшелердің бірінен сарбаз постты тастап кетіп қалған туралы хабарланған еді. Тәулік өтепей оның ұсталғаны туралы ақпарат жарияланды.