Білім ұясы соңғы үлгідегі заманауи жабдықтармен қамтылған.
Сарыағаш ауданында 300 орындық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Жемісті ауылдық округі, Тың елді мекенінде 300 орындық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындары еңселі де сәнді мектептің алдына жиналды. Ұстаздар мен ата-аналардың, оқушылардың, жалпы ауыл адамдарының қуанышында шек болмады.
Салтанатты жиында сөз алған Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев ауыл тұрғындарын жаңа мектеп ғимаратының ашылуымен құттықтады. Мектеп құрылысын жүргізген «A.S Invest Stroi» ЖШС-нің басшысы жаңадан ел игілігіне берілген ғимараттың символикалық кілтін мектеп ұжымына салтанатты түрде табыстады.
Айта кетейік, білім ұясы соңғы үлгідегі заманауи жабдықтармен қамтылған. Екі қабатты, бірнеше блоктан тұратын ғимаратта оқу сыныптары, спорт залы, кітапхана, асхана, медициналық кабинет, компьютерлік сынып және тағы басқа кабинеттер бар. Барынша жағдай жасалынған ғимарат оқушылар мен ұстаздарға және ата-аналар үшін нағыз шаттық пен білім мекеніне айналары сөзсіз.