Ер Дәуіт мазарындағы Қотырбұлақ бұлағына тазалық жұмыстарын жүргізді.
«Эко – Ордабасы» қозғалысы тазалық жұмыстарымен қатар тарихи туризмді насихаттап келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ордабасы ауданындағы «Эко – Ордабасы» экологиялық қозғалысының белсенді мүшелері Бадам ауылдық округі аумағында орналасқан Ер Дәуіт мазарындағы Қотырбұлақ бұлағына тазалық жұмыстарын жүргізді.
Экологиялық сана қалыптастырумен қатар туған өлкенің тарихын танып білуді көздеген еріктілер тобы мазар атырабы мен бұлақ басын қоқыстан тазартып, зияратшының үйін сырлап берді.
Айта кетсек, киелі орынның шырақшысының айтуынша, «Бұлақтың жоғарғы жағындағы көктастарда Дәуіт пайғамбардың ізі қалған», - деген де аңыз-әңгіме бар екен. Қариялардың сөзіне сүйенсек, бастау қос тастың арасынан жарып шығатын болған. Қотырбұлақ суының қасиеттілігімен қоса әртүрлі ауруларға ем болғандығы көп айтылады. Сондықтан бұл бұлақтың суына қышыма, қотыры бар адамдар, безгек болғандар шомылып емделген көрінеді.