ТҮРКІСТАН: Колледждер жұмысшы мамандықтарын даярлауға басымдық береді

0
390

2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады.


ТҮРКІСТАН: Колледждер жұмысшы мамандықтарын даярлауға басымдық береді

Түркістан облысындағы колледждерде жұмысшы мамандықтарын даярлауға басымдық беріледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысы 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Биылғы Жолдауында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды, қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттауды тапсырды. Осы бағыттағы жұмысты талқылау мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Оған Облыстық білім басқармасының жауапты тұлғалары, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің директорлары қатысты.


– Біз бүгін атқарылған жұмыстарды пысықтап, мәселелерді ашық ортаға салу үшін жиналдық. Проблемалардың шешу жолдарын бірге қарастырамыз. Сіздердің ұсыныстарыңыз ескерусіз қалмайды. Бұған дейін инфрақұрылымды ретке келтіру, қауіпсіздікті күшейту шараларын жүйеледік. Заң бұзушылық әрекеттерге тосқауыл қойдық. Облыс колледжеріне бөлінген 15 500 гранттың игілігін жастар көруі үшін насихатын күшейтіп, оқуға қабылдауды іске асырдық. Ендігі кезекте стратегиялық бағыттан айнымай, жұмысшы маманықтардың мәртебесін арттыруға басымдық беріп, жаңашыл әрі тың бастамалармен жүзеге асыруымыз қажет. Оқу бағдарламасында заманауи технологияларды интеграциялау өзекті. ІТ, робототехника, жасанды интеллект секілді бағыттарды енгізген жөн. Колледж басшылығы өндіріс орындарын серіктестікке тарту керек. Бұл студенттерге өндірістік тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беріп ғана қоймай, жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес маман даярлауға ықпал жасайды. Білім беру жүйесінде кәсіпкерлік қабілеттерді шыңдауға көңіл бөліп, стартап мәдениетін қалыптастыру арқылы еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларға бейімдей аламыз. Әсіресе аудан, қала әкімдерінің инвестициялық жобаларына қажетті кадрлар даярлау маңызды. Қайталанатын мамандықтарды қысқартып, жаңа мамандықтарды ашуды қолға алайық. Сіздердің ұсынымдарыңызды күтемін. Сонымен қатар студенттерді ағылшын тілін меңгеруге бағыттаңыздар. Креативті жаңа инновациялық жобаларды жандандыруға тиіспіз, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.


Облыстық білім басқармасының орынбасарлары колледжердегі білім беру жүйесі, жүргізілген зерделеулер және проблемалық мәселелер, жылу маусымына дайындық жұмыстары және өзге мәселелер жайлы сөз сөйледі.


Жиында облыс әкімінің орынбасары басқарма басшылығы мен директорларға бірқатар тапсырма жүктеді. Жұмысшы мамандықтар жылына орай іс-шаралар жоспарын әзірлеу, қаржыландыру және инвесторлардың жобаларын заң аясында қарастыру, колледж түлектерін жұмысқа орналастыру, колледждер базасында ІТ орталықтарды ашу, WorldSkills чемпионатына дайындықты пысықтау, тәрбие жұмыстарын күшейту, қажетті құрал-жабдықтармен қамту, бейнекамераларды жедел басқару орталығына қосу міндеттері сапалы орындалады. Мәжіліс қатысушылары Сауран ауданындағы өндірістік паркіне барып, жобалармен танысты. Ондағы мамандармен тілдесіп, пікір алмасты.


Айта кетейік, Түркістан облысында 50 колледж бар. Оның 28-і мемлекеттік болса, 22-сі жекеменшік. Оқу орындарында 75 мамандық бойынша 45 мыңнан астам студент білім алуда. Колледж қызметін бағалау 12 критерий, ал рейтингі 3 бағытқа сәйкес тұрақты жүргізіледі. PISA-2023 халықаралық зерттеу нәтижесінде 2 колледждің балы анықталса, 2024-2025 оқу жылында 4 колледж қатысады. Осы жылы директорлар мен әдіскерлер Франция елінде, Қазақстанда Ақмола облысында тәжірибеден өтті. Алдағы уақытта Қытай және Өзбекстан елдерінде іссапарлары жоспарлануда.

Бөлісу