ТҮРКІСТАН: «Тәуелсіздік ұрпағы – жыл көшбасшылары» форумында жастарға тың идеялар ұсынылды

0
818

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған форумға өңір жастары қатысты.


ТҮРКІСТАН: «Тәуелсіздік ұрпағы – жыл көшбасшылары» форумында жастарға тың идеялар ұсынылды

Бүгін Түркістанда өткен «Тәуелсіздік ұрпағы – жыл көшбасшылары» атты облыстық жастар форумында сан түрлі саланың үздіктері Түркістан жастарына тәжірибе арқылы келген жетістікке жету жолдарын үйретіп, жігерлерін жаныды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған форумға өңір жастары қатысты. Форумның негізгі мақсаты – жастардың көшбасшылық қырын ашып, мемлекетті дамыту мен ұлт мүддесі жолындағы істерге жұмылдыру.

Форумның ашылу салтанатында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Ахымбетов құттықтау сөз сөйлеп, жастарға табыс тіледі. Тәуелсіздіктің қадірлі құндылық екеніне тоқталып, жастарды отаншыл болуға шақырды.
Жиында креативті индустрия саласындағы кәсіпкер Асқар Абубакиров модератор болды. Форумда мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруды кеңінен насихаттап, оның дамуына зор үлес қосып, елдің саяси және қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген әрі өз саласының үздіктері атанған спикерлер еркін форматта ой бөлісті. Атап айтсақ, «Global coffee», «Salem coffee & tea» кофеханалар желісінің негізін қалаушы Аят Азимов, паралимпиялық спортшы, волейболшы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Серік Есматов өз салалары бойынша идеяларын ортаға салды. Пікірсайысшы, ҚР пікірсайыс турнирлерінің бірнеше дүркін жеңімпазы, 2014 – 2016 жылдардағы ҚР үздік спикері Бекарыстан Аманжолов, оңтүстік аймақтағы қазақ-түрік мұз айдыны қауымдастығының негізін қалаушы Дінмұхаммед Зиятбеков, «Атамекен» ҰКП бизнес-тренері, жеке кәсіпкер Қанат Әбілдәбеков және «City hotel Shymkent» қонақ үйінің дизайн үйлестірушісі Қалжан Шотаева жастарға тәжірибелері мен жетістік сырлары туралы баяндады.
Түркістан жастары сан қырлы тақырып бойынша мағлұмат алып, спикерлерге өз ойларын, ұсыныс-пікірлерін ашық жеткізіп, сауалдарын қойды. Нақты жауаптар алып, Түркістанды дамыту жолында еңбек ететіндерін жеткізді.