ТҮРКІСТАН: «Жайлы мектеп» жобасы аясында Сарыағашта 10 мектеп салынады

0
681

Жобаға сәйкес, мектептер қажетті оқу жабдықтары, түрлі пәндік кабинеттері, бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелері, балаларға арналған жеке сөрелер және тағы басқа да құралдармен толық жабдықталады.


ТҮРКІСТАН: «Жайлы мектеп» жобасы аясында Сарыағашта 10 мектеп салынады

Сарыағаш ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 10 мектеп салынады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Сарыағаш ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 10 мектеп салынады. Жобаға сәйкес, мектептер қажетті оқу жабдықтары, түрлі пәндік кабинеттері, бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелері, балаларға арналған жеке сөрелер және тағы басқа да құралдармен толық жабдықталады.


Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев аудандық аудандық білім саласының өкілдерімен кездесуінде мәлімдеді. Айтуынша, биыл жаңа форматтағы оқу орындарының ауқымды құрылысы басталады.


Жиынға Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы, аудан әкімінің орынбасары Алдияр Қозыбаев, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дәулет Акатов, аудандық полиция бөлімінің басшысы Амангелді Бурханов пен прократура қызметкерлері, аудандық білім беру ұйымдарының басшылары мен балабақша меңгерушілері қатысты. Онда білім саласындағы 2022 жылғы қорытындылар сараланып, биыл атқарылатын міндеттер талқыланды.


Атап айтқанда, аудан аумағындағы күрделі жөндеуді қажет ететін мектептер, 2023-2027 жылдарға арналған жоспарға сәйкес құрылысы жүргізілетін мектептер, аудандағы білім беру ұйымдарындағы өзекті мәселелер ортаға салынды. Жиын соңында аталған мәселелер жан-жақты зерделеніп, аудандық білім бөліміне тиісті тапсырмалар мен ұсыныстар берілді.


Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, басқарма басшысы Дінислам Болатханұлы келестік мектеп директорларымен де кездесіп, білім беру жүйесінің қазіргі ахуалы мен даму перспективалары жөнінде ашық талқылау жүргізді. Аудандағы білім беру ұйымдарының алдағы міндеттері мен сапаны арттырудағы бірқатар кезеңдерін таныстыру – бастаманың басты мақсаты.


Жаңа форматтағы кездесудің күн тәртібінде 3 мәселе қозғалды. Былтырғы және жыл басынан бері атқарылған жұмыстар, тоқсандық білім сапасы, кәмелетке толмағандардың мәселелері жөнінде бөлім басшыларының баяндамалары тыңдалды. Жиынға қатысқан мектеп директорларының ұсыныс-тілектері назарға алынды.


Мұнан соң, облыс әкімінің орынбасары мектептерді аралап, жұмыстарымен танысты. Аудан орталығындағы №7 жалпы орта мектебі 2006 жылы пайдалануға берілген. Бүгінге дейін күрделі жөндеуден өтпеген білім ордасы 2023 жылғы жоспарға есепке алынды. Ал 1970 жылы салынған Ө.Жәнібеков атындағы №2 мектеп-гимназиясына асхана мен жаңа спорт залы керек. Бұл түйткілдер назарға алынады.


Атап өтерлік, Келес ауданында да «Жайлы мектеп» жобасы аясында 5 мектеп салынады. Биыл 600 орындық мектептің құрылысы басталып, жалпы 3 мектептің іргетасы қаланбақ. Қалған 2 білім ғимаратының құрылысы 2024 жылы жүргізіледі.


Білім беру ұйымдарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылау Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлының ұсынысымен жүзеге асырылып келеді. Өткен апта осы ашық кездесулер Сайрам ауданында да ұйымдастырылған болатын. Алдағы уақытта өзге де аудандарда жалғастыру жоспарлануда.