2021 жылы 1,5 млн адам келеді деген болжам бар.
Рашид Аюпов Түркістан Халықаралық әуежайының жұмыс барысымен танысты, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қала әкімі Рашид Аюпов Түркістан Халықаралық әуежайының жұмыс барысымен танысты. Түркітілдес елдердің рухани астанасы атанған шаһарға қызығушылық артып, қонақтар легі өсетіні күтілуде. 2020 жылы індетке байланысты Түркістан қаласына 869 242 мың адам келген болса, 2021 жылы 1,5 млн адам келеді деген болжам бар.
Сол межеге жету мақсатында жаңа әуе бағыттары ашылып, жаңа келіссөздер жүргізілуде. Карантин кезеңінде бір мезетте көп адамға сапалы және қауіпсіз қызмет көрсету үшін алдын ала дайындық жұмыстары қажет етілетінін айтып өткен Рашид Абатұлы арақашықтық сақталуын және бетперде тағылуын қадағалайтын қызметкерлер, санитайзерлер мен арнайы сызықшалардың болу маңызын ұмытпауды ескертті.
Бұған қоса, ұшақпен шаһарға келген қонақтардың алғаш көрері әуежай болатындықтан сыртқы келбетімен қоса, ішкі тазалығына да мән берудің қажеттілігін айтты. Ал, келген қонақты қуана күтіп алып, қажетіне сай сапалы әрі жылдам қызмет көрсету - ерекше әсер қалдыратынын алға тартып, қызметкерлерге арнайы оқу және біліктілігін арттыру дәрістерін алуын ұсынды. Айта кетейік, ҚР Үкіметінің шешімімен әуежай аумағы Түркістан қаласының құрамына енген болатын.