Қолға түскен ағайынды шымкенттіктердің өзге де қылмыстарға қатысы бар болып шыққан.
Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері қымбат автокөліктерді заңсыз айдап әкетумен айналысқан екі ағайындыны Шымкенттен ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Атап айтсақ, 2019 жылы тамыз айының басында Сарыағаш АПБ-не Ресей азаматы арызданып, Жібек жолы ауылының автотұрағынан оның «Тойота Ланд Крузер 200» маркалы автокөлігін белгісіз біреулер айдап кеткендігін айтқан және жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 3,5 миллион Ресей рублін (20 миллион теңгеден астам) құраған. Ал, аталған жайт Сарыағаш ПБ-не ҚР ҚК-нің 188-бабы "Ұрлық" бойынша тіркеуге алынып, қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ, қылмысты ашу мақсатында Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция және тергеу бөлімінің тәжірибелі қызметкерлері қатарынан жедел-тергеу тобы құрылып, Полиция қызметкерлері қажетті жедел-іздестіру шараларының барлығын тез арада атқарып шыққан.
Нәтижесінде, Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция қызметкерлері автокөлікті айдап кеткен күдіктілердің ізіне түсіп, олар Шымкент қаласында ұсталған және күдіктілер, яғни екі ағайынды Шымкент тұрғындары болып шыққан. Сонымен қатар, Түркістан облысының жедел уәкілдері іздестіру іс-шараларын тиянақты жүргізе отырып, Қарағанды қаласынан ұрланған көліктерді сатып алған азаматты да құрықтаған.
Сондай-ақ, күдіктілер Түркістан облысына жеткізіліп, Полиция қызметкерлері бұл қылмыстық топтың қымбат шетел маркалы көліктерін ұрлаудың басқа да жайттарынақатысы бар екендігін анықтаған. Қазір ұсталған үш күдікті де қамауда және сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.