​Қымбат ШИНАның арзаннан АРТЫҚШЫЛЫҒЫ: ақиқат па, аңыз ба?

0
603

Қалтаға арзаны ұнаса, көңіл қымбатына қарай тартады


​Қымбат ШИНАның арзаннан АРТЫҚШЫЛЫҒЫ: ақиқат па, аңыз ба?

Автокөлік шиналары да барлық басқа өнімдер сияқты бірнеше түрлі болып келеді. Қолданылуы бойынша қысқы, жазғы және барлық маусымдық болып, түріне қарай тікенді (шегеленген)-тікенсіз болып бөлінумен қатар, баға санаттары бойынша да жіктеледі. Нарықтағы бағаларға қарасақ олардың спектРі өте кең, 10 мың теңге мен 1 миллион теңгенің аралығын құрайды.


Осынша баға айырмашылығын тудырып тұрған қандай кемшілік немесе артықшылық екен?

Әрине, шиналар өндірісінде заманауи техникалық шешімдер мен инновациялар, жаңартылған техникалық жабдықтар қолданылады. Халықаралық стандарттарға және уақыт тенденцияларына сәйкес келетін сапалы өнім шығару үшін шина өнеркәсібіне соңғы ғылыми әзірлемелерді белсенді түрде енгізу міндетті. Өйткені жыл сайын автомобильдердің жылдамдығы мен динамикасы артып келеді, бұл шиналарға қойылатын талаптарды да арттырады.


Бағасына қарай шиналар негізгі үш санатқа бөлінеді:

  • А сегменті (премиум). Бұл ірі инновацияларды әзірлейтін және енгізетін, сондай-ақ шина өнеркәсібінде сапа стандарттарын белгілейтін әлемдік беделі бар жетекші өндірушілер.
  • C сегменті (эконом-класс). Брендтердің ең бюджеттік класы, олардың көпшілігі бар. Көбінесе бұл аймақтық деңгейде танымал, бірақ басқа елдердің нарықтарында нашар танымал, ең қолжетімді шиналарды ұсынатын және олардың ассортиментін жиі жаңартпайтын брендтер.
  • B сегменті (орташа баға). Бұған өте сенімді өнімдерді шығаратын шина өндірушілерінің «орта класы» кіреді, олардың тән белгілері тұтынушылардың көпшілігі үшін жоғары сапа және салыстырмалы түрде қолжетімді бағалардың үйлесімі болып табылады.

Шина таңдау кезінде қалтаға арзаны ұнап тұрса, көңіл шіркін қымбатына қарай тартады та тұрады. Сізде де солай ма? Бірақ, үнемі мына сұрақтар мазалайды: Қымбат шинаның арзаннан артықшылығы көп пе? 1 миллион теңге тұратын шинаның 10 мың теңге тұратыннан айырмашылығы қандай? «Алтын» дөңгелек артық төлеуге және қолдануға тұрарлық па? Арзан шиналар соншалықты нашар, оларды қолданбаған дұрыс па?

Кейбір шина үлгілерінде қымбаты мен арзандарының арасындағы айырмашылық көзге көріне бермейді. Бірақ бұл екеуінің сапасы бірдей деген сөз емес. Өйткені қымбатырақ шиналарды өндіру кезінде резеңке массаға шиналардың сапасын жақсартатын арнайы қоспалар енгізілетіні анық. Мәселен, сымды қалыптастыру кезінде күшті және серпімді жіптер пайдаланылады, бұл өнімнің сипаттамаларын айтарлықтай жақсартады:

• Дөңгелектің салмағы азаяды. Бұл өз кезегінде жанармай шығынына әсер етеді, автомобильдің суспензиясына жүктемені азайтады, автомобильді іске қосу және тежеу динамикасын жақсартады;

• Қызмет көрсету уақыты ұзарады;

• Шинаның беткі қабатының беріктігі тесілген жерлерді азайтуға мүмкіндік береді;

• Қөлік құралын басқару мүмкіндігі артады, әсіресе бұрылыс кезінде сырғанау азаяды;

• Ұзақ қашықтыққа жүруді ыңғайлы етеді.

Алайда, бұл қоспалар өте үлкен көлемдегі миға сыйымсыз баға айырмашылығын туғызады деу де қате болар еді. Шын мәнісінде, бағаның осынша аспандауына әсер ететін қосалқы себептер де бар. Мәселен, брендтік маркалардың өндірушілері жарнамалық науқандар үшін, өз өнімдерінің имиджін сақтау үшін қомақты қаражат жұмсауға мәжбүр. Осы шығынның орнын толтыру үшін тауардың өзіндік құнын да көтеруге мәжбүр болады. Осыған байланысты брендтік маркадағы шиналардың қарапайым халық үшін қолжетімділігін сақтау қиынға соғады.

Сондай-ақ қымбат шиналардың жоғары бағасы әртүрлі тестілеу сынақтарынан (беріктік, тозу және динамикалық сипаттамалар) өтуіне де байланысты.


Ал орта не эконом-сегменттегі шиналарды өндірушілер, фирмалық брендтермен салыстырғанда, өз өнімдерін өндіруге кететін шығындарды барынша қысқартуға тырысады. Әсіресе, сатып алушысын өнімдерін жарнамалауға көп қаржы жұмсамай-ақ табудың жолын іздейді. Осы арқылы қарапайым адамдар үшін қолжетімділікті сақтауға күш салады. Бірақ көп жағдайда бұл шиналардың сапасы өзінен кішкене қымбатырақ, жақсы жарнамаланғанынан кем түспейді.


Тым төмен бағаны қуған да жөн емес. «Арзанның сорпасы татымас» деп сан соқпас үшін орташа бағадағы нұсқаларды қарастырған дұрыс. Модельдің сипаттамаларын, рейтингін зерттеңіз. Осы бағадағы басқа да үлгілермен және осындай сипаттамалары бар, бірақ бағасы төменірек үлгілермен салыстырыңыз. Сыртқы көрінісі, жайлылық мәселелерін екінші орынға жіберіп, бірінші кезекте қауіпсіздік және төзімділік тұрғысынан бағамдаңыз.

Дайындаған: Б. Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:

Жапон елінің қазіргі кездегі ЕҢ ҮЗДІК кроссоверлері

МҰНЫ БІЛЕТІНДЕР АЗ: Ауыстырылған шинаны дұрыс сақтап жүрсіз бе?