​«СЫБАҒА САҚТАУ» салты сапардағы жақыныңа тілекші болып тұрады

0
551

«Өкпе бер, бауыр бер, сыбағамды тәуір бер» деп халқымыз сыбағаға үлкен мән берген.


​«СЫБАҒА САҚТАУ» салты сапардағы жақыныңа тілекші болып тұрады

фото: el.kz

Қазақ халқы ежелден салт-дәстүрге бай және оны ұрпағына өнеге, өсиет етіп қалдыра білген. Ұлтымызда «Сыбаға беру» деген керемет салт-дәстүр бар. Сыбағаны еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін жақсы біледі. Халық арасында жақсы сақталған салттардың бірі. «Сыйлағаныңа сақтағаныңды бер» деп текке айтылмаса керек. Бұл ерекше дәстүрді қазақ халқына ғана тән дей алмаймыз, күллі мұсылман халықтарының атауы басқа болғанымен, түбі бір салты деуге келеді. Яғни, бұл да сыйлықтың, сыйластықтың бір көрінісі.

Қазақ халқын қонақжай халық деп өзге ұлттар да тани алады. Сондықтан, сол қонақжайлылылықтың әдемі көрінісі осы «сыбаға беру». Қазы-қарта, жал-жая, май-құртын сары майдай сақтап, келген сыйлы қонақтың да алдына қояды.

Алыста жүрген ұл-қызына, ет-жақын туысы мен құда-жекжаттарына да арнайы сақтаған сыбаға үлесін беріп те жібереді. Бұл салт- ағайынды жақындастырады, бір-біріне құрметін арттырады. Ақ жаулықты апаларымыз сыбағаның түр-түрі бар екендігін айтады.
Біз салт-дәстүр, жөн-жоралғыны мейлінше берік ұстанатын халықпыз. Әсіресе, қысқы соғымнан алыстағы ағайын-туысқан, оның ішінде жасы үлкен кісілерге арнайы сыбаға дайындалатын.

Туған үйінен жыраққа кеткендерге, ұзақ сапарда жүргендерге арнап арнайы сыбаға сақталады. «Жеңсік ас» деп сапарға шыққандардан арнайылап беріп жіберетін. Тарқатып айтар болсақ, сыбаға - қазақтың жарасты әрі әдемі дәстүрлерінің бірі. Құрметті адамға, келімді-кетімді сыйлы қонаққа, жақын - жұрағатқа, болмаса жырақта жүрген үй - ішінің бір мүшесіне, жиын-тойға келе алмай қалған жандарға сыбаға беріледі.

Қазір де бұл дәстүр ұмытыла қойған жоқ. Дегенмен сиреп бара жатқаны байқалмай қоймайды. Өйткені, қазір өз қамын күйттеп, күн көрістің қамымен күйбеңдеп жүрген жандарға өкпелей де алмайсың. Өзге үшін сыбаға дайындап, сарқыт сақтап жүрген бұрынғының көзін көрген көнекөздер болмаса, жастар жағы тіпті мән бермейтін де секілді. Тіпті, ауылдағы туған-туыс пен қаладағы ағайынның алшақтаған арасын жақындастырып тұратын сәлем-сауқат та сиреген. Осыны ойлағанда, дана қазақтың туысына деген бауырмалдығы мен сыйластығын арттыратын осы бір дәстүрін кейде сағынасың, аңсайсың.

Ежелден келе жатқан, осы сыбаға дәстүріне қатысты «Өкпе бер, бауыр бер, сыбағамды тәуір бер» деп үлкен мән берген.

«Үйге қонып, әкеңнің сыбағасын жеп кет» деген сөзді бала кезде жиі естуші едік. «Әкеңнің сыбағасы» дегеннен сыбағаның, яғни жіліктердің адамдардың жасы мен мәртебесіне қарай тартылатынын аңғаруға болады. Ертеректе беретін сыбағаны ерекше баптап, сақтайды. Айранды ашытып құрт жасайды. Көктем кезінде дайындалған сары майды «бұзылмасын» деп қарын мен бүйендерге салатын. Майлы сүттен сары ірімшік дайындайтын. Ал, сүрленген еттің жөні бөлек. Оның кәделі мүшелері мен қазыларын бүтіндей, қой етін қарынға тұздап, бұрыштап, алыстағы ағайынға бөлек - бөлек беріп жібереді.

Сондай-ақ, сыбаға сақтау сапардағы жолаушының аман - есен оралып, осы дәмнен ауыз тиюіне тілектестік білдіріп тұрады деп ырымдаған.


фото: bilimdiler.kz


Өлі сыбаға
Өлі сыбаға дәстүрін қолданатындар өте сирек. Мүмкін бұл туралы біреу білер, біреу білмес. Біздің мейірбан халқымызда өлген адамды, оның отбасын да ұмытпай, үлестен құр қалдырмайтын жақсы салт бар. Соның бірі ұмытылып бара жатқан «өлі сыбаға» деп аталатын ғұрып. Мұны көбінесе балықшы ауыл қолданады. Бас көтеретін азаматы жоқ қарттарға, асыраушысы дүниеден өткен жетім - жесірлерге балықшылар үлес береді. Бұған ешкім іштарлық немесе қарсылық жасауға тиіс емес. Бұл ел ішінде бұлжымас заң. Қазақ даласында егіннен – кеусен, малдан – көгендік, мүліктен – шүлен, балықтан – өлі сыбаға беру сияқты жоғары азаматтық пен жомарттықтың, кең пейілдің, қамқорлықтың ғажайып мысалдары ел тарихы мен әңгімелерінде жиі кездеседі.


фото: kazpravda.kz


Үлпершек

«Үлпершек» – тұрмысқа кеткен қызға берілетін сыбаға. Төркіндеп келгенде не болмаса арнайы беріп жіберіп отырған. «Бізден кетсең де жүрегіміздесің» деген ойдан туған. Үлпершек- ұлттық тағамға жатады. Дайындалуы сиыр немесе жылқының, яғни ірі қара малдың жүрегінен жасалатын ұзатылып кеткен қыздың сыбағасы деп арнайылап жасайды.

Жүректің үшкір жағы емес, төменгі тұсынан тесіліп, тазаланып, жуылады. Ішін қатпаршақтап тіледі. Осы қуыстарға қыстан қалған қазы, құйрық май, сүрленген етті ұсақтап турап, сарымсақ пен дәмдеуіштерді араластырып, осы жүректің қуыстарына тығыздап салады. Сосын қазы секілді қуысты жіппен тігеді. Оны етпен не болмаса жеке өзін пісіруге болады. Кезінде үлпіршекті аналарымыз ұнның арасында қыс бойы сақтаған екен. Тұрмысқа кеткен қызына деген сағынышын басу, оның төркіндеп келуін күту және оның ата-анасы мен бауырларына, туып-өскен еліне келіп, аунап-қунап жатып, сағынышын басып қайтуына тілеулес болып тұрады деп сенген.

Құдалар жақтан қонақ келе қалса, қыздарының сыбағасы ретінде беріп жіберген. Ал төркіні дайындаған үлпершекті асып жеген қыз олардың амандығын біліп, сағына қауышатын күнді асыға күтетін болған.

Қазақтың сыбаға сақтау салтының қай түрі болса да көңілге қуаныш, жүрекке шаттық, езуге күлкі ұялататын керемет дәстүр екені даусыз.

Осы салтты жаңғыртып, жалғастыруға әбден болады.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ҚАРАЛЫ ҮЙден дәм аларда ОЙЛАНЫҢЫЗ!


Бата беру - қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі