Ақтөбенің Қаратал ауылында тасқын кезінде бұзылған үйлер сүріліп жатыр

0
255

Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал ауылында 200-ден астам үй бар.


Ақтөбенің Қаратал ауылында тасқын кезінде бұзылған үйлер сүріліп жатыр

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал ауылында 178 үй қайта салынады. Қазір бұзылған үйлердің орнын жинап, тазарту жұмысы жүріп жатыр, деп жазады inform.kz.

Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал ауылында 200-ден астам үй бар.

Су тасқыны кезінде оның тек 19-ы аман қалып, жөндеуге жарамды деп танылған.

Ал 178 үй қайта салынады.

— Бағалау комиссиясы жарамды деп тапқан 19 үйде адамдар тұрып жатыр. Ал өзгесіне 125 шатыр, 25 дана киіз үй берілді. Мұнда жарық бар, ал тамақ пісіруге қазан-ошақ, газ құрылғысы қолданылып жатыр. Бұзылған тұрғын үйлерді қайта салуға 2 ЖШС мердігер компания тартылған. «Строй стандарт» ЖШС 10 үйді, «ГТА сервис» ЖШС-і 4 үйді бастау үшін ескі үйлерді сүрді. Құрылыс материалдары тасымалануда, — деді Ш. Берсиев атындағы ауылдық округ әкімі Нұрлыбек Шауменов.

Оның айтуынша, ауылдағы 100-ге жуық үйдің төбесі бұзылған. Ал 60 үйдің орны толық тегістелді.

— Аудан бойынша жан-жақтан көмек барып жатыр. Алдымен бұзылған үйлердің орны тегістеледі. Аудан әкімдігі, қоғамдық штаб үндеуі тастады. Үй иелерінің әлі келмеген соң аудандағы барлық ауылдық округтерінен, мекемелерден, білім беру ұйымдарынан адамдар бөлек-бөлек келіп, үйлерді бөліп алып, көмек көрсетіп жатыр. Негізінен үй сол бұзылған ескі үйдің орнына салады. Онда инфрақұрылым бар әрі тұрғындардың өз қалауы соған сай, — деді Нұрлыбек Шауменов.
Еске салсақ, биыл наурыз айының соңында Қаратал ауылына су кіріп, тұрғындарды эвакуациялау қиынға соқты.

Кейін олардың бәрі тікұшақпен Ойыл ауданының орталығына жеткізілді.