«Хабардың» басшысы жақында жабылған «Бірақ» ток-шоуы туралы пікір білдірді

0
285

Басты кейіпкердің бұрынғы күйеуін эфирге шығару туралы келісім «Хабар» агенттігімен серіктесіп жұмыс істейтін продакшн компания арасында ауызша жасалған.


«Хабардың» басшысы жақында жабылған «Бірақ» ток-шоуы туралы пікір білдірді

ERNUR.KZ. «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы Кемелбек Ойшыбаев қоғамның қатал сынына ұшырап, жабылып қалған «Бірақ» ток-шоуын жүргізген журналистерді енді эфирге шығару арнаның жоспарында жоқ екенін айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Оның сөзінше, басты кейіпкердің бұрынғы күйеуін эфирге шығару туралы келісім «Хабар» агенттігімен серіктесіп жұмыс істейтін продакшн компания арасында ауызша жасалған.

«Бұл оқиға - «Хабар» агенттігінің серіктесі болып келетін продакшн компанияның тарапынан болған олқылық. Олар берген ұсыныста басты кейіпкердің жолдасы эфирге келетіні туралы жазылмаған. Кейін продюсерлерімен ауызша келісілді деп айтылды. Біз болған оқиғаға байланысты кейіпкерден кешірім сұрадық, ток-шоуға қатысты тиісті шараларды қабылдадық. Сценарийді қабылдаған бас продюсер қызметінен кетті. Ток-шоуды жүргізген журналистерді қайта эфирге шығару жоспарда жоқ», - деді Ойшыбаев Комитет отырысында.

Еске салсақ, 13 наурызда «Хабар» арнасындағы «Бірақ» деген ток-шоу жүргізушілері бұрынғы күйеуінен көптеген жылдар бойы қорлық көріп, 6 баласымен қашып құтылған әйелді тікелей эфирде жылатып, күйеуіне қайта қосылуға үгіттейді. Бұл оқиға қоғамның қызу талқысына түсті.

Кейін Мемлекеттік идеологияны жүргізіп отырған телеарна олқылыққа жол бергені үшін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның сынына ілігіп, бір күннен кейін ток-шоу жабылды.