Құлсарыдағы орталық аудандық аурухананың жұмысы қайта жанданды

0
218

Қалада су сору жұмыстары жалғасуда.


Құлсарыдағы орталық аудандық аурухананың жұмысы қайта жанданды

ERNUR.KZ. Атырау облысы Жылыой ауданының Құлсары қаласы су тасқынынан қатты зардап шекті. Қазіргі кезде қалпына келтіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте өңір әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев айтып берді, деп жазады inform.kz.

Ең алдымен, қалада су сору жұмыстары жалғасуда. 18 сәуірдегі жағдай бойынша 10 мың текше метрден астам су сорылды, ал сорылған судың жалпы көлемі 521 мың текше метрді құрайды.

«Сондай-ақ Құлсары қаласында еріген қар суы сорылған аумақтарды дезинфекциялау жұмыстары басталды. Жылыой ауданының бас санитарлық дәрігерінің ақпараты бойынша, №2 және Новостройка шағын аудандарында аула аумақтары мен кіреберістерді өңдеу жұмыстары аяқталды. 18 сәуірде Достық шағын ауданындағы №19 орта мектеп, №3 60 пәтерлі үй, сондай-ақ аудандық сот ғимараттары, Бейсенқұлов көшесіндегі үйлер электр қуатына қосылды. Бүгіннен бастап Құлсары қаласының орталық аудандық ауруханасы өз жұмысын жандандырды», - деді спикер.

Су тасқынынан зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек төлеу жалғасуда. 18 сәуірдегі жағдай бойынша 3137 өтініш қабылданды. 1324 отбасы төлем алды.