Прокурор Қ. Бишімбаевтың басты қателігін атады

0
276

Оның айтуынша, Бишімбаевтың ұялы телефонынан Салтанатты азаптаған сәттері бар бейнематериал табылғанда кінәсіздігі туралы барлық нұсқасы бірден қирады.


Прокурор Қ. Бишімбаевтың басты қателігін атады

ERNUR.KZ. Астаналық сотта бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ісі бойынша тараптардың жарыссөздері басталды. Ең алдымен прокурор Айжан Аймағанова сөйледі, деп жазады inform.kz.

«Біз тұтас процесс бойы Бишімбаевтың өзіне ыңғайсыз сұрақтарды айналып өтіп, ашықтығын көрсетіп, қателеспеуге тырысып, шебер өтірік айтқанын байқап отырмыз. Бірақ ол бір қателік жіберді», - деді мемлекеттік айыптаушы.

Оның айтуынша, Бишімбаевтың ұялы телефонынан Салтанатты азаптаған сәттері бар бейнематериал табылғанда кінәсіздігі туралы барлық нұсқасы бірден қирады.

«Ол ұялы телефонның құпиясөзін бергенде бұл видеоларды түсіргенін, бәрі сақталып тұрғанын ұмытып кеткен. Неліктен? Өйткені ол мұны үнемі жасап келген, қырағылығы әлсіреп, есінен шығып кеткен. Бұл видеолар табылған сәттегі Бишімбаевтың реакциясын барлығы байқады. Ол абдырап, басын ұстап, монтаж екенін айта бастады. Бірақ кейін 10 минуттық үзілісті пайдаланып, видеоны өзі түсіргенін мойындады», - деді А. Аймағанова.

Прокурор таңғы 6:43-тен 8:24-ке дейінгі аралықта 20-дан астам видеода экс-министр Салтанатты ұрып-соғып, азаптағанын атап өтті.

«Бишімбаев – шетелде оқыған, ауқатты отбасында дүниеге келген жоғары білімді адам, бұрынғы экономика министрі, еліміздің бет-бейнесі. Ол жай ғана кешірім алуға лайық емес, өз әрекеті үшін екі есе жауап беруі керек», — деп толықтырды прокурор.