Зерттеумен айналысатын мұғалімдердің жалақысына қосымша ақы белгіленеді – Сенат төрағасы

0
339

Мемлекеттік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы педагогтер мен және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін қызметкерлерге ғылыми атағы үшін 25 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін, сондай-ақ «профессор» ғылыми атағы үшін 50 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін қосымша ақы белгілеу ескерілген.


Зерттеумен айналысатын мұғалімдердің жалақысына қосымша ақы белгіленеді – Сенат төрағасы

ERNUR.KZ. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мақұлданды, деп жазады inform.kz.

«Құжат ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруды, ғалымдар үшін әлеуметтік кепілдіктерді жақсартуды және ғылымдағы қаржы ресурстарын пайдалануды оңтайландыруға бағытталған механизмдерді енгізуді, сондай-ақ мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген азаматтарымызға білім алуда бірқатар жеңілдіктер беруді көздейді. Атап айтқанда заңда бірқатар жаңа өзгерістер мен толықтырулар қарастырылған. Біріншіден, жергілікті атқарушы органдарға ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру құқығын беру арқылы, өңірде ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды ұйымдастыру әрі іске асыру бойынша құзыреттер беріледі», - деді сенатор Талғат Жүнісов.

Мемлекеттік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы педагогтер мен және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін қызметкерлерге ғылыми атағы үшін 25 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін, сондай-ақ «профессор» ғылыми атағы үшін 50 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін қосымша ақы белгілеу ескерілген. Қазір бұл көрсеткіш сәйкесінше 17 және 34 АЕК деңгейінде белгіленген. Енді ғылым кандидаты дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін – 93 мың теңге, ал бейіні бойынша доктор дәрежесі және профессор ғылыми атағы үшін – 185 мың теңге қосымша ақы алатын болады.

«Сонымен қатар, жоғары оқу орындарында және ғылыми ұйымдарда бес жылдан кем емес жұмыс істейтін ғалымдар үшін ғылыми, ғылыми-педагогикалық және ғылыми-техникалық сипаттағы жұмыстарды аяқтау үшін орташа жалақысын сақтай отырып, 1 жылға дейін шығармашылық демалыс алуға құқық беріледі. Ғылыми әрі ғылыми-техникалық қызмет субъектілері ұстанатын әдеп қағидаттары, қағидалары мен нормаларының жиынтығы ретінде «ғылыми әдеп» ұғымы енгізіледі және ғылыми әдептің үлгілік қағидаларын әзірлеу мен бекіту жөніндегі уәкілетті органның құзыреті айқындалды. Сонымен бірге, уәкілетті органның құзыретіне жер қойнауын пайдаланушылар субъектілерінің қаражаты есебінен іске асырылатын ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, олардың нәтижесін коммерцияландыруды мемлекеттік есепке алу тәртібін регламенттеу құзыреті беріледі», - деді депутат.

Оның айтуынша, заңмен мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер, сондай-ақ жатақханадан орын алуға басым құқық беріледі.

Өз кезегінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев заң Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында белгіленген міндеттерді іске асыру үшін әзірленгенін, сондай-ақ оған Парламент депутаттары бастамашы болғанын атап өтті.

«Жаңа нормалар ғалымның мәртебесін көтеруге, ғылыми қызметкерлерді ынталандыруға және талантты жастарды ғылыми қызметке тартуға бағытталған. Атап айтқанда, заң ғылыми-педагогикалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын мұғалімдердің негізгі жалақысына қосымша ақы белгілеуді көздейді. Сондай-ақ жетекші ғалымдарға ғылыми жұмыстарды аяқтау үшін ақылы шығармашылық демалыс алу құқығы қарастырылды. Мерзімді әскери қызметті өткерген азаматтарға да жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер беріледі. Мақұлданған заң отандық ғылымды және еліміздің білім беру жүйесін одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді М. Әшімбаев.