​«Күйеудің бәрі Бишімбаев емес»: Ләйла Сұлтанқызы тұрмысқа шыққысы келмейтін қыздардың көбейгенін айтты

0
506

«Көпшіліктің көкейіне үрей қалыптастырды»


​«Күйеудің бәрі Бишімбаев емес»: Ләйла Сұлтанқызы тұрмысқа шыққысы келмейтін қыздардың көбейгенін айтты

Белгілі журналист, тележүргізуші Ләйла Сұлтанқызы «Бишімбаев ісінен» кейін тұрмысқа шығудан қорқатын қыздардың көбейгенін айтты.


«Боянып отырғанмын. Есік ашылып, «мен күйеуге шықпаймын» деген сөздермен бір қызым (командамыздың мүшесі) кіріп келді. Мені бояп тұрған визажист те «мен де қорқамын шығуға» деп қостай кетті. Соңғы кездері жастардан бұл пікірді жиі естимін. Себебін сұрасам: «Эмоцияның адамы бірінші істеп алып, кейін ойланады. Сондайда ұрып жіберсе ше?», «Сөзге келіп қалудан қорқамын…» «Изменять» етсе ше?», «Менің сөзіммен санаспай, өзінікін жасай берсе?» «Ата-енем қатал болса…?», «Баламен ешқайда шығармай, үйде отырғызып қойса?» деп жалғастыра берді. Аргументтері жетеді енді.


Енді мені, «неге тұрмыс құруды бақытсыздықпен тең көретіндер көбейіп кетті?» деген ой мазалауда. Бес саусақ бірдей емес. Күйеудің бәрі Бишімбаев сияқты деген сөз де емес.


Білесіз бе, отбасы деген нағыз бақыт, бағалай білген адамға. Ішінде екі адамның бір-біріне деген қамқорлығы, мейірім, төзім, жақсы көру, сыйластық, бірігу, талпыну, армандау, мақсатқа жету сияқты қанша эмоция, іс-әрекет жатыр. Қыздардың бұл ойы мені қатты алаңдатады. Мені 72,5% қыз-келіншектер оқиды. Арасында 16-20 жасар қыздар да бар. Айтыңыздаршы, қазіргі қыздар тұрмыс құрудан неге қашады?» - деп оқырмандарына сауал тастады Ләйла Сұлтанқызы.


Журналистің бұл жазбасына көпшілік өз пікірін білдірді.


«Мен қызымның болашағына алаңдаймын. «Тұрмыс құруға асықпа» деп ақыл айттым. Бишімбаевты көргелі әйел болсам да еркектерге деген бір қорқыныш қалыптасты», «Бишімбаев көп адамдардың көкейіне үрей салып қойды», «Бес саусақ бірдей емес қой, қыздар жақсыға ниет етсін», «Адекватты жігіттер көп. Бірақ өте аз, абайлау керек», «Ел ішінде Бишімбаевтан асып түсетін «еркектер» көп. Абайламаса өте қиын қазір» деп жазды көпшілік.


Айта кетейік, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездіктен, азаптап өлтірді деген айып тағылып, оқиға орнынан қамауға алынған. Кейіннен қылмысты жасыруға көмектесті деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды. Қазір олардың сот отырысы ашық түрде өтіп жатыр.