​«Үйге қамап, сыртымнан құлыптап кететін»: Айжан Нұрмағамбетова жеке өмірі жайлы құпияны жайып салды

0
2 550

«Бір жағынан көмек, екінші жағынан аяғыма тұсау болды»


​«Үйге қамап, сыртымнан құлыптап кететін»: Айжан Нұрмағамбетова жеке өмірі жайлы құпияны жайып салды

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші Айжан Нұрмағамбетова алғаш рет «Алғашқы» бағдарламасында жеке өмірі, қазіргі жолдасымен қарым-қатынасы жайлы айтып берді.


Әншінің алғашқы некесі сәтсіз болып, жолдасы дүние салған екен.


«Артымнан жүгірген жігіттер көп болды. Өзге ұлттың өкілдері де бар ішінде. Сонда әкем менің болашағымнан қорықты ма, шешем арқылы «Анау қызға айт, біреуге тиіп кетпесін. Қанша жерден сұлу болсаң да, ақылды болсаң да, уақыты келгенде ол бәрібір өз қанына тартып, оны тастап кетеді, өз ұлтымыздың жігітімен бас құрасын» деп айтқызған.


Сосын жастық максимализммен ерте тұрмысқа шығып, бала туып, кейін ажырастым. Біраз жылдан кейін ол қайтыс болды. Енді тұрмысқа шықпайтын шығармын деп ойладым. Кейіннен сезімін білдірген азаматтар көп болды. Бірақ бәрі «Бриллиантпен аптап қоямын, бар жағдайыңды жасаймын, бірақ сахнаны тастайсың» деп шарт қойды. Мен ол бриллиантты асханада кімге көрсетем? «Ондай өмір керек емес» деп олардан бас тарттым.


Сөйтіп жүргенде қазіргі жолдасым Әділді кездестірдім. Бәрі менен «Әділге не үшін көндің?» деп сұрайды. Біріншіден, ол менің артымнан қалмады. Жарты жыл жүгірді. Тұрмысқа шықпай тұрып оған «Қолымнан ештеңе келмейді, бұл – бір. Екіншіден, фамилиямды өзгертпеймін. Үшінші шартым – сахнаны тастамаймын» деп айттым. Ол бәріне келісті. «Әніңді айта бер, фамилияңның түк маңызы жоқ. Ал басқа тірлікті өзім-ақ істей аламын» деп күлді. Сөйтіп бас қостық. Бірақ, бір нәрсені ескермеппін», - деді Айжан Нұрмағамбетова.


Өнер иесінің екінші күйеуі қызғаншақтығынан оны үйге қамап, құлыптап кеткен күндері болған екен.


«Гастрольге шықсам, артымнан қалмайды. Шетелге кетсем, шетелге барады. Ауылды жерге концертпен барсақ, амалын тауып, телефон жоқ болса да басқа біреулер арқылы телефон соғып, мені тексеретін. Сонда қасымдағы әнші қыздар «Не деген махаббат» деп таңғалатын.


Үйде отырсам, сыртымнан құлыптап кететін, ешқайда шыға алмаймын. «Әділ, мен қыздармен кездесіп, бір кесе шай ішіп келейінші» деп сұранам. «Әрине, бара ғой, саған 40 минут жете ме?» деп сұрап, уақытпен жіберетін. Сондай қызғаншақ болды. Қазір енді екеуміз де қартайдық, мен кімге керекпін?!


Қазір де қасымда, шаруаларымды реттестіріп, өнеріме қолдау білдіріп жүреді. Бір жағынан көмек, екінші жағынан аяғыма тұсау болды. Өзінің жалғыз әпкесі бар, сол «менің бауырыма көнгеніңе рахмет» деп айтқан. Інісінің мінезін біліп тұр ғой сонда», - деді Айжан Нұрмағамбетова.