"Бұл не бассыздық?": Желіде хит болған әннің орындаушысымен эксклюзивті сұқбат

0
16 218

Алтынай Нұрбек - кәсіби әнші, актриса. "Бұлбұл" әнінің орындаушысы.


Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

Классика - саф өнердің өзегі, ал өнер - өмірдің мәні. Олай болса, өмірдің мәні адалдық пен тазалықта деуге болады. Бірақ сол өнерді ластап кететіндер де жоқ емес, Алтайдан келген қыз сондай жандарға қапалы. Алдымен осыдан бірнеше күн бұрын желіде хит болған төмендегі видеоны көріп алсақ...



Жұрттың бәрі осы бір баланың талантына тамсанып, жарыса желіге жүктеп жатты. Ол да бұған алғашында қуанған еді, артынан көңілі түсті... Себебі бала пародия жасап отырған ән өзінің дауысы болғанымен, артында «ауыз жыбырлатып» тұрған басқа қыз еді. Менің бүгінгі кейіпкерім - «Бұлбұл» әнінің орындаушысы, кәсіби актриса, әнші Алтынай Нұрбек.


Қарашаш Есенбай: Қайырлы кеш, Алтынай. Сізге хабарласқанда Алматыға келе жатқаныңызды айттыңыз. Алла сәтін салып тұрған болар, сұқбатқа келіскеніңізге рақмет! Әңгімені жақында хит болған, арты дау болған әннен бастайықшы, сіздің дауысыңызбен басқа әнші айтып тұрғанын қалай білдіңіз?


Алтынай Нұрбек: Иә, осы сұқбаттың орайы келіп тұрған болар?! Ал «Бұлбұл» әнінің басқа біреу шырқап жүргенін осыған дейін өнердегі достарым тойға барғанда, іссапарға шыққанда көріп, айтып келетін. «Бір қыз сенің дауысыңмен айтып жүр» деген әңгімені соңғы 3-4 жылдан бері естіп жүрмін. Бірақ өзім көзіммен көріп, құлағыммен естімегесін аса сене қоймадым. Өнерде ондай дүние болады деп ойламаған екенмін.

Дәл осы оқиға былай басталды, желіде тараған күні видеоны кешкісін маған құрбым жіберді. Бірінші баланың актерлік шеберлігіне тәнті болып, тамсанып отырдым. Сосын «Мен қай тойда айттым» деп ойланып отырсам, видеода басқа қыз тұр. Таң қалып қайта-қайта көрдім, бүлдіршінің пародиясына риза болып отырғанда басқа қыздың түрін көріп көңілім түсті. «Қалай айтып тұр» деңізші, менің плюсімді қосып, тек аузын жыбырлатып тұр. Ол видео менде сақтаулы.


Қарашаш Есенбай: Бұл әнді қашан жаздырған едіңіз?


Алтынай Нұрбек: Бұл әнді 2012 жылы жазғанмын, қазір жеті жыл өтті. Жүргенов атындағы Өнер Академиясын бітірейін деп жатқан кезде вокалдан емтиханды осы әнмен тапсырған болатынмын. Осы әнге бар махаббатымды салып, қатты дайындалғанмын. Сенсеңіз, жаздыру үшін 2 жыл ойланып жүрдім. Өзім классиканы жақсы көремін, шетелдік шығармаларды көп тыңдаймын. Бұл әнді жазған кезде мәтіні, музыкасы өзгерген жоқ, бірақ өңдеуіне жаңа леп, басқаша ритм қосқанбыз. Ринат Аубакиров деген мықты музыкант бар, сол кісіге барып өтінішімді білдірдім. Алғашында ол бұлай жаңаша жазуға қарсы болып, «Бибігүл апайлардың алдында сынға қалмайық, мүмкін басқа ән жазасың» деген болатын. Бірақ менің жүрегім әдемі туынды жасауға болатынына сенді, сосын «тәуекел» деп бірге жаздық. Ол кісінің шеберлігіне ризамын, менің ойымды дәл тапты. Екеуміз әрбір аккордты бұзбай оркестрдің орындауын тыңдап отырып жазған әніміз. Өйткені «Бұлбұл» әнін бүкіл қазақ біледі. Бұл ән шыққасын мен бірнеше жерде, концерттерде айтып жүрдім. Сосын Шанхайға оқуға кеттім, сол кезде менің өңдеуіммен басқа бір топ бейнебаян да түсірді. Олар «бізге ұнап қалды» деп өтініштерін айтқан болатын.




Қарашаш Есенбай: Сіздің дауысыңызбен айтқан қызды тапқан сияқтысыз. Өзімен сөйлестіңіз бе?


Алтынай Нұрбек: Иә, дос-таныстар арқылы таптым. Мен хабарласқан кезде «Біз дұрыс істемедік, ұят іс жасадық. Қазір жолда келе жатырмыз, сосын хабарласайық» деген еді, бірақ қайта хабарласқан жоқ. Мен күттім, қазақтың қыздары болғасын тартысып, қырылып жатпайық, тек «Қателігін мойындап видеоүндеу жіберсін» деген ғана шартым болған. Өйткені ол да, мен де өнерде жүргендіктен, халықтан ұят болады ғой. Өнерде жүріп халықты алдауға болмайды, өзіне де осылай айтып, «видео жібер, басқа ештеңе керек емес» дедім.Әйтпесе, ақшасын ал, сотқа жүгін деген сияқты кеңестер айтылды ғой... Дегенмен ол қыз маған мүлде хабарласпады.


Қарашаш Есенбай: Демек әлі хабар жоқ деген сөз бе?


Алтынай Нұрбек: Сізгеәріқарайғы қызықты айтайын, тағы бір он бес күндей өткенде Сәтбаев қаласынан сол қыз менің әнімді айтып тұрған видео тағы келді. Менің, достарымның айтқанына да құлақ түрмеген болып тұр ғой. Керісінше, бір кісілерге хабарластырып, менің жазған, салған посттарымды желіден алып тастасаңыз деп айтқызып тұр. Бұл не деген бассыздық? Мен мәдениетке, адамгершілікке салып оған тек «Видеоүндеу жібер және енді айтпа» дедім болды. Заң менің тарапымда ғой, авторлық құқығын баяғыда Алматыда қорғатып қойғанмын. Өзі даусымен жаздырып айта берсін, бірақ қалай біреудің дауысымен шығуға болады?

Осы кеше Алматыға жолға шығатын кезімде қыздың өзі хабарласып тұр. Жай хабарласпайды, ызаланып ашумен сөйлейді. Сосын мен оған «Сіздікі дұрыс емес» десем, «Жоқ, түсіндірейінші» деді. «Ал, түсіндіріңіз» десек, «музыкант қойып жіберді, басылып кетті» дегендей нанымсыз себептер айтады. Бір емес, бірнеше рет басылып кете бере ме? Енді заңға жүгінуді шешіп отырмын. Міндетті түрде заң алдында құқымды қорғаймын, арызы дайын тұр.


Қарашаш Есенбай: Жақында жаңа министр Ақтоты Райымқұлова «Өнер таза болуы керек» деп, әншілердің фонограммамен ән айтуын шектеуі мүмкін екенін айтты. Осы бастамаға не айтасыз?


Алтынай Нұрбек: Әрине, мен қосқолдап қолдаймын! Сол кезде сапалы әнші, сапалы композиторлар қалады. Қаншама уақытын, еңбегін салған адамдардың үміті ақталар еді. Талай жолдардан өткен, шыңдалған адам плюспен де, минуспен де айтуға дайын деп есептеймін. Негізі плюсті үлкен концерттерде, стадиондарда, дыбыс құрылғылары жеткіліксіз жағдайларда қолдануға болады. Мысалы, мен білетін Қытайда және көптеген шетелдерде әншілер минуспен айтады. Осындай заң күшіне енсе, оқыған адамдар далада қалмайды. Менің қазіргі жазылып жатқан әндер мен шоуларға қарсылығым жоқ. Себебі «талғамға талас жоқ» екенін білемін, бірақ өзім сапалы дүниені жақсы көремін. Сол үшін де бұл бастаманы қолдаймын.


Қарашаш Есенбай: Біз жоғары сапаға келе аламыз ба? Қазір сұқбат алуға кейіпкер іздегенде байқағаным, әуесқой әншілер өте көп, ән жаздырды, тойда айтып жүр. Болды! Көпшілігі кәсіби білімін жетілдіргісі келмейді. Осы тенденция бізде қашан жойылады?


Алтынай Нұрбек: Бұл ешқашан жойылмайтын шығар?! Бір жағынан мен олардың көп болғанына қуанамын. Халық өзінің қалаулысын, әншісін таңдап алады. Одан кейін біздің халқымыз ана бесіктен жер бесікке жеткенше өнермен, ән-күймен өмір сүреді ғой. Сол арқылы қуаныш, қайғымызды бөлісеміз. Бұл жерде «Ән айтпа», «Мұны жасама» деп тыйым сала алмаймыз. Осы тұрғыдан біздің халқымыздың пейілі кең, қазір қандай керемет бауырларымыз әлемді өнерімен таң қалдырып жүр. Менің қуанатыным, ән айтқан адамның, өнерге жақын жандардың жүрегінде мейірім болады.


Қарашаш Есенбай: Өзіңіз кәсіби актрисасыз, әншісіз. Бірақ өнеріңізді, мүмкіндігіңізді көрсете бермейтін сияқтысыз. Неге өзіңізді таныту мақсатында жұмыс істемеске?


Алтынай Нұрбек: Ол кез енді келеді. Ештеңе бірден емес қой, адам барлық сатыдан өтуі керек сияқты. Менің маңдайыма осылай жазылып тұрған шығар?! Әр адамның өнердегі тағдыры әртүрлі. Мен актриса болғаныма өте қатты қуанамын. Театрда сахна заңдылықтары арқылы өмірдегі заңдылықтарды үйрендім. Бұл жағдайлар менің эстарада әншісі болуыма өте көп көмектеседі, үлкен тәжірибе болады. Мен ән айтқанда өте қатты ізденемін, оның табиғатын сезінгім келеді, сол үшін бір туындыны ұзақ уақыт жазамын. Мысалы қазір жазылайын деп жатқан 3 ән бар, стильдері әр түрлі. Мен бір әнді бір жыл ойлап, миымда «пісіріп» одан кейін жазуға баратын адаммын (күліп). Бұл жақсы ма, жаман ба білмедім, бірақ өнердің сапасы жоғары болғанын қалаймын.



Қарашаш Есенбай: «Бұлбұл» болсын басқа әндеріңіз болсын бәрі дерлік классика. Өзіңіз арманыңыз әлемдік шығармалардың ерекшеліктерін ұлттық музыкамен қабыстыру деген екенсіз. Жақында бір сазгер «біз өзіміздің дала гармониямызды жоғалтып алдық» деген еді, осы пікірмен келесіз деп ойлаймын. Оны қайтару үшін не істеу керек деп ойлайсыз?


Алтынай Нұрбек: Иә, жоғалып бара жатқаны рас. Соңғы кезде мен өзімнің ұстаздарыммен жиі сөйлесуге, әңгімелерін көбірек естуге тырысып жүрмін. Себебі олар бұрынғы нағыз классиктердің көзін көрген, бірге жүрген адамдар ғой. Мысалы, менің Нұрқанат Жақыпбаев, Мұрат Әбзелбаев сынды ұстаздарым Шакен Айманов сынды дарындардың көзін көрді. Ол кезде режиссер, ақын, композитор, хореографтар бәрі бірге жүрді және бір бағытта жұмыс істеді. Ән жазылса, қойылым қойылса бір-біріне пікір айтып, кеңес құрды. Соның арқасында бізге керемет туындылар қалды. Ал қазір әркім өзі үшін жұмыс істеп жатыр, бір ой, бір мақсат жоқ. Бірақ түбі бір арнаға келетіндеріне сенемін. Қазір өзі шайқалған заман ғой, шоудың, салдыр-күлдірдің заманы өтеді. Маған да қазіргі музыкалар ұнайды, бірақ ол уақытша дүние оны тыңдап болған соң бәрібір ұлттық болмысы бар әндерді тыңдағың келіп тұрады.


Қарашаш Есенбай: Өзіңізді эстрадада сынап көргіңіз келетінін байқадық, сіздің таңдаған жанрыңыз - классика. Бұл бағытта танымал болу оңай емес қой... Қандай өзгерістер алып келесіз?


Алтынай Нұрбек: Қай бағытта ән айтатынымды, нендей өзгеріс боларын көре жатармыз. Бірақ өзіме классиканың ұнайтыны рас. Мен эстрада, дәстүр деп бөлінетінін білмеген кезде-ақ классикалық әндерді жақсы көретінмін. Сондықтан сол бағытты таңдадым. Қазір өзімнің балалық шақтарымды көп ойлаймын. «Сол кездегі Алтынай қазір қандай?» деген ойлар мені жиі мазалайды. Сондай кезде байқағаным, мен өнер адамдарына қарап өсіппін. Олар нені жақсы көреді, нені тыңдайды соны бақылап жүретінмін. Сол арқылы өнерге келдім.


Қарашаш Есенбай: Осы жерде балалық шаққа барайықшы, бала Алтынай қайда өсті, қандай ортада тәрбиеленді?


Алтынай Нұрбек: Мен негізі Алтайдың ар жағынан келдім. Туған жерім Қытайдың Манас деген ауылында. Атам мен әжемнің баласы болдым, өте ерке, қияли едім. Бір жақсысы, ата-анам мені ешқашан шектемеді. «Мынадай маман боласың» деген де талап қоймады. Сол Қытайда мектеп бітірген соң, музыкалық колледжге түстім. Оны тәмамдап, атамекенге оралдым. Негізі Қазақстанға «Әнші боламын» деген арманның жетегінде келгенмін. Бала кезімде Роза Рымбаеваны, Гауһар Қаспақованы өте қатты жақсы көріп, әндерін тыңдайтынмын. Елге келген күнімнің ертесіне мені әпкем Әуезов театрына алып барды. Шыны керек, Қытайда театр болмады, мүлде барған емеспін. Сол үшін маған театр қызық әлем болды.Біз барған күні «Сыған серенадасы» қойылымы болып жатыр екен, маған қатты әсер еткені сонша «Актриса боламын» деп шештім. Өйткені сахнаға қарасам би, ән, поэзия, актерлық шеберлік бәрі бар екен. Бірақ ол жылы Жүргеновтың шығармашылық емтиханына үлгермей қалдым.


Қарашаш Есенбай: Одан кейін қалай жол таптыңыз?


Алтынай Нұрбек: Сабырсыз мінезіме салып «Тағы бір жылға қалып қойдым, Қытайға қайтамын» деп ата-анама хабарластым. Келгеніме 4-5 күн ғана болған, әкем «Шыдай тұр, мен келемін» деді. ОСы кезде бір танысым «Сенің ән айтатын өнерің бар еді ғой, Райымбек батырдың 300 жылдық мерейтойы болайын деп жатыр. Соған әнші, ақынды іріктеп жатыр екен. Жүрсін Ерманов деген кісіге жолығасың, барып көрсеңші» деді. Мен Жүрсін Ермановты бұрын касеталардан көргенмін ғой, алып ұшып іріктеу болып жатқан Аграрлық университетке бардым. Кезегім келгенде «Қазақ вальсін» орындап берген едім, бірден «Сен, барып аранжировка жасата ғой. Екі күннен кейін Райымбек батырдың мерейтойына Қарасазға кетеміз, сосын Республика сарайында концерт болады» деді. Өмірімде бірінші рет аранжировка жасаттым (күліп), әрі қарай ұйымдастырушылар «Еркенұрдан» костюм алып берді. Солай жолым болып, өзім сүйіп тыңдайтын әншілердің кештері өтетін Республика сарайында ән айттым. Сол шақта менен бақытты адам болмаған шығар?! Нәтижесінде Қазақстанда қалдым.


Қарашаш Есенбай: Одан кейін өнеріңізді көрген адамдар сіздің оқуға түсуіңізге де ықпал еткен болар?


Алтынай Нұрбек: Сол концертте Жүрсін Ерман ағамыз «Елге келгеніне 10 күн ғана болды. Оқуға тапсырып үлгере алмай қалған, мына жерде ректорлар болса грант беруге болады» деп хабарлап, мені сахнаға шақырды. Одан кейін «Қыздар университеті» мен «Аграрлық университеттен» адамдар келіп әпкеммен сөйлескені есімде. Өйткені ол кезде мен қазақшаның өзін жартылай түсінетін едім, ал орыс тілін мүлде білмеймін. Олар орысша сөйлесті, себебі мен өнерден келгесін басқа мамандыққа барғым келмейтін еді. Аграрлық университеттен бір кісі «Оқуға түскенше подкурсты оқы, бізде барлық жағдай жасалады» деді. Шынымды айтсам, ол университте нені оқытатынын да білмеймін экономика мамандығына түсіппін. Бірақ сол жерден оқу, жазуды үйреніп шықтым, әрі көптеген концерттерге қатыстым. Екінші жылы жан-жақты болу үшін Жүргеновке муздрамаға тапсырып, оқуға түстім. Маған тіл сындыру, әрі ән айтқанда сахнадағы харизмамды қалыптастыру аса қажет еді. Солай муздрамадан көп дүние үйреніп, біліп шықтым.


Қарашаш Есенбай: Қазір «Жастар» театрының актрисасысыз, оған қалай келдіңіз?


Алтынай Нұрбек: Ұстазымыз Нұрқанат ағай оқып жүргенімізде «жақсы оқып, нәтиже көрсетсеңдер театрға аламын» дейтін. Ал театрда жұмыс істеу бәріміздің арманымыз ғой, әннен, биден қалмай өзімізді көрсетуге қатты тырысатынбыз. Ол кісі жеті адамды таңдап алды, екінші курстан бастап Астана мен Алматының арасында жүрдім. Оқуды бітірген соң толықтай Астанаға көшіп бардым.



Қарашаш Есенбай: Сіздерді шетелдік, аймақтық театрлардан жиі көреміз. Гастролдік сапарларыңызда қойылымға барғандардың барлығы театрдың ізденуін, дамуын жиі айтып, мақтап жатады. Ал сіз аймақтық театрдағы әріптестеріңіздің дамуын қалай бағалайсыз?


Алтынай Нұрбек: Мен сын айта алмайтын шығармын... Оның үстіне барлығының өнерін бақылап жүрмін дей алмаймын. Десе де даму, өсу бар.


Қарашаш Есенбай: Жақында Дулат Исабековтың «Актриса» қойылымына барған едім, өнердегі қыз баласының өмірі оңай болмайтынын көрсетеді. Негізі бұл бұрыннан белгілі жайт қой... Ал біз актриса Алтынайдың жеке өмірі туралы білгіміз келеді?


Алтынай Нұрбек: Иә, өнер деп жүріп өз өмірімізді ұмытып кеткен сияқтымыз... Бірақ, бұрын мен отбасы құруға дайын болмаған секілдімін. Дәл қазір өзімнің толыққанды түсінетінімді, дайын екенімді сезіп жүрмін. Сондықтан жақын арада бәлкім жақсылық болып қалар деген үміт бар. Өнерімді шектемейтін азамат болса...


Қарашаш Есенбай: Тілектеспіз! Өміріңізде де, өнеріңізде де тек жақсылықтар болсын!


Автор: Karashash_esenbay

Фото: Жеке мұрағаттан

ERNUR.KZ