ТҮРКІСТАН: Бәйдібек ауданында 13 елді мекенге табиғи газ тартылып жатыр

0
271

21 елді мекен табиғи газ тұтынып жатыр.


ТҮРКІСТАН: Бәйдібек ауданында 13 елді мекенге табиғи газ тартылып жатыр

Бәйдібек ауданында 12 елді мекен мен 1 мөлтек ауданға көгілдір отын тарту жұмыстары атқарылып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов табиғи газ, сапалы электр энергиясы, автокөлік жолдары сынды салаларға тоқталып өтті. Әкімнің сөзіне сүйенсек, қазір аудандағы 21 елді мекен табиғи газ тұтынып жатса, тағы 12 елді мекен мен 1 мөлтек ауданға көгілдір отын тарту жұмыстары атқарылып жатыр.


«Биыл 8 елді мекен мен 1 мөлтек ауданды газ жүйесіне қосу жоспарланса, 4 елді мекендегі жұмыстар 2025 жылға өтпелі. Одан бөлек, 6 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарына жоба әзірленіп, қаржыландыруға өтінімдер ұсынылған. 8 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарына жоба әзірленуде. Аудандық электр жүйесі теңгерімінде 1,7 мың шақырым әуе желілері, 22 455 дана бағана және 321 дана қосалқы трансформатор 9028 абонентке қызмет көрсетуде. 2023 жылы Бәйдібек ата ауылында подстанция салынып, пайдалануға берілді. «Оңтүстік Жарық Транзит» серіктестігінің инвестициялық бағдарламасына сәйкес 3 елді мекенде 13,5 шақырым әуе желісі мен 249 бағана және 4 КТП ауысты. Биылғы жылы Шалдар және Сарқырама елді мекендерінде электр желісі мен тозығы жеткен бағаналардың орнына жаңа желі орнатылады. Соңғы жылдары қыс мезгілінде қатты жел мен қарлы бұрқасын салдарынан аудандағы 48 елді мекеннің электр жарығы сөнуі ұдайы қайталанып келеді. Келеңсіз жағдайлардың алдын-алу мақсатында «Оңтүстік Жарық Транзит» серіктестігінің инвестициялық бағдарламасына өзгерістер енгізіп, жоспарланған жұмыстардың мерзімін 2024-2025 жылдарға ауыстыруға ұсыныстар енгізілді. Аудандағы маңызды мәселелердің бірі – жолдардың жәй-күйі. Аудан аумағындағы жолдардың жалпы ұзындығы 937,3 шақырымды құрайды. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ағыбет елді мекеніндегі ішкі көшелерді жарықтандыруға, Ақбастау елді мекеніндегі 11 көше мен Ақтас елді мекеніндегі 2 көшені жөндеуге 530 млн. теңге қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудан орталығы Шаян елді мекенінде 11 көше жөнделді. Одан бөлек, ұзындығы 1,5 шақырымды құрайтын 3 көшеге мердігер мекемелердің демеушілігімен жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Кеңестөбе елді мекеніндегі 9 көшеге және Кеңсай елді мекеніндегі 3 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі», - деді Ерлан Зайыпұлы.


Өткен жылы аудан орталығындағы көпқабатты 3 тұрғын үйдің қасбеті жөнделіп, 5 елді мекендегі 6 нысанды абаттандыру жұмыстары жүргізілген. 233 млн. теңгеге Бәйдібек ата елді мекенінде орталық саябақ салынған. Аудан көлемінде 45 мыңнан аса ағаш көшеттері және 2500 түп раушан гүлі отырғызылған. Ал биыл 46 600 түп ағаш егіліп, 15 елді мекен аумағында балаларға арналған ойын алаңшалары мен спорт алаңшалары салынбақ. Жамбыл елді мекеніндегі орталық саябақты жөндеуге аудандық бюджеттен 72,8 млн. теңге қаржы бөлініпті.