Түркістанда «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» атты форум өтті

0
339

Түркістан облысы демографиялық өсімі жоғары аймақ екенін айта отырып, біздің басты байлығымыз – адам капиталы екеніне назар аударды.


Түркістанда «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» атты форум өтті

Түркістан қаласында әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсуге арналған мәні айрықша жиын өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Көктем шуағын ала келген арулар мерекесі қарсаңында Түркістан қаласында әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсуге арналған мәні айрықша жиын өтті. Қайта түлеген Түркістанның жаңа орталығындағы ақшанқан ғимарат – Оқушылар сарайында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының алқалы жиыны мереке алдындағы ауқымды мағыналы іс-шараға айналды.


Қызмет мәні ұлтымыздың жаңа болмысын айшықтайтын 10 басымдықты арқау еткен өңірлік Әйелдер қанатының алғашқы форумы «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» тақырыбын көтерді. Бәтуалы басқосудың басты талқысына арналған тақырып Қазақстанның әйелдерді қолдауға бағытталған салиқалы саясатты дәйекті түрде жүргізіп келе жатқан мемлекет екенін көрсетеді және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әйелдердің теңдігі мен қауіпсіздігін қорғауға, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған игі істі жалғастырып жатқан ізгі қоғам екенін айғақтайды.


Форум жұмысына Әйелдер қанатының мүшелері, өңірдің барлық деңгейдегі мәслихаттарындағы нәзік жанды депутаттар, әйелдер санатындағы басқарма, департамент, мекеме басшылары мен басшы орынбасарлары, аудан, қала, ауылдық округ әкімдері мен олардың орынбасарлары, облыстағы жоғары оқу орындары мен колледждердің басшылары, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, партия белсенділері мен бастауыш партия ұйымдарының төрайымдары, аудан, қалалардағы әйелдер кеңестерінің мүшелері қатысты.


Форум қатысушыларына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев ізгі тілегін арнап, құттықтауын жеткізді.


«Ана мен балаға қамқорлық – мемлекеттік саясаттың басты тұғыры болып бекітілген. Көріп отырсыздар, әйелдердің қоғамдағы белсенділігімен облысымыздың әлеуметтік саласындағы өзекті мәселелер рет-ретімен шешімін тауып келеді. Білім беру, денсаулық сақтау жүйелерінде ілкімді өзгерістер болып жатыр, жаңа мектептер мен емханалар бой көтеруде. Облыс экономикасының өсіп-өркендеуі мен тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына өңір басшысы Дархан Амангелдіұлының еңбегі орасан деп білемін», - деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.


Форум жұмысына қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары, Түркістан облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасы Бейсенбай Тәжібаев өңір басшысының атынан партия филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жұмысына табыстар тілеп, жиынға қатысушыларға мерекелік жылы лебізін білдірді. Облыс әкімінің орынбасары Түркістан облысы демографиялық өсімі жоғары аймақ екенін айта отырып, біздің басты байлығымыз – адам капиталы екеніне назар аударды.


«Өңірімізде 400 мыңнан аса отбасы бар, оның 179 мыңнан астамы – көпбалалы аналар. Оның ішінде 17 мыңнан аса «Алтын алқа» иегері, 44 мыңға жуық «Күміс алқа» иегері саналы ұрпақ өсіріп жатыр. Өңірімізде әйелдер қауымы барлық салаларда жемісті еңбек етуде. Облыс көлемінде шамамен 213 мың кәсіпкер болса, оның 68 000 мыңға жуығы – іскер қыздар мен ханымдар», - деді Бейсенбай Дәулетұлы.


Форум жұмысы аясында Әйелдер қанатының басым бағыттары бойынша топ жетекшілері сахнаға көтеріліп, тақырыптық жиынның ресми бөлігі жалғасын тапты. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі кеңесшісі Қалыйма Жантөрееваның жетекшілігімен өткен жиында қоғамның аналарға деген құрметі әрқашан қастерлі болатыны айтылды. Отбасылардың іргесін бекем ету, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту бағыттарында заңнамалық деңгейде қабылданып жатқан шаралар туралы мағлұмат беріліп, еңбек қатынастары саласындағы кемсітушілікті жою, сондай-ақ, әйелдер мен балаларды әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан қолдауды күшейтудегі ұсыныстар тыңдалды. Ортақ талқыға түскен тақырып аясында Түркістан облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бағланбек Айтбаевтың, Түркістан облысы прокурорының аға көмекшісі Анна Беспалованың, Түркістан облыстық сотының судьясы Айманья Кульчикованың, Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілі Наталья Қожабекованың, Түркістан облыстық оқушылар сарайының директоры, Әйелдер қанатының «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алуға көмектесу» бағыты бойынша топ жетекшісі Индира Икапованың және Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Egemen Qazaqstan» газетінің Түркістан облысы бойынша меншікті тілшісі, «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы Ғалымжан Елшібайдың хабарламалары тыңдалды.


Форум жұмысының екінші бөлігінде қоғамның түрлі салаларында адал еңбегімен танылған қыз-келіншектерге «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Алғыс хаты мен мерекелік сияпаты табысталды. Айта кету керек, ұйымның марапатына ие болған азаматшаларымыз – қарапайым еңбек адамдары.


Форумға қатысушылар жиын соңында Түркістан қаласының Оқушылар сарайы әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалады. Әсіресе, оқушылардан құралған хор ұжымы орындаған ән көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.