​Балық ТАҢДАЙ білесіз бе?

0
3 300


​Балық ТАҢДАЙ білесіз бе?

Балықтың пайдасы туралы білмейтін жан жоқ шығар. Қазіргі кезде оны жиі тағамға қосатын жандар қатары артқан. Алайда балықты дұрыс таңдай білмесе улану қаупі өте жоғары екенін ескеру керек. Жақсы балықты таңдау үшін бірнеше қарапайым тәсілді білсеңіз болғаны.


Бірінші: Тірі балық алған дұрыс

Балықтың жақсысын алудың дұрыс жолы – тірі күйінде алу. Әрине бұл баршаға бірдей қолжетімді емес. Дегенмен кейбір сату орындарында тірі балық ұстайтын арнайы орындар бар.


Екінші: Желбезектерін қараңыз

Желбезек – балықтың жаңа ауланғанын анықтайтын «құрал». Ол ашық қызыл түсті болуы керек. Кейбір балықтарда қанық қызыл болады. Егер желбезектер сұр немесе қарая бастаған болса ол балықты алудың қажеті жоқ.


Үшінші: Иіскеп көріңіз

Балық алар кезде сатушының сөзіне емес өзіңіздің мұрныңызға сенгеніңіз дұрыс. Балықтың сырты жылтырап тұрғанымен ол жаңа ауланған болмауы мүмкін. Егер балықтан балық емес, теңіздің немесе өзен иісі шығып тұрса, онда ол біраз тұрып қалған. Өткір, жағымсыз иіс болса, ол балықты алмағаныңыз жөн.


Төртінші: Көзіне қараңыз

Жаңа ауланған балықтың көзі мөлдір, тұнық болуы керек. Егер көзі бұлыңғыр немесе кеуіп қалған болса, онда ол балықты сатып алмауға кеңес береміз.


Бесінші: Қабыршығына мән беріңіз

Жылтырап, таза болып тұрған қабыршық балықтың жаңа ауланғанының белгісі. Егер балық теңізден ауланған болса, онда оның қыбыршығында жабысқақ шырыш болмайды. Ал тығыздығы жоғары суда ауланған балықтың керісінше жабысқақ шырышты болғаны дұрыс.


Алтыншы: Тығыз, серпімді болуы керек

Балықты саусақпен шамалы басып көріңіз. Егер саусақ ізінің орны шұңқыр болып қалса, онда балық жаңа ауланған емес. Жаңа ауланған балықтың еті тығыз болады, сондықтан саусақпен басып көрген кезде бірден өз қалпына келе қояды.


Жетінші: Ет пен сүйек

Сатып алған балықты бөліп жатқан кезде сүйегі етінен оңай ажырап жатса, демек сіздің алған балығыңыз сатушының қолында ұзақ жатып қалған.


Ескеру: Сатушылар ескі балықтарын өткізіп жіберу үшін түрлі қулықтарды қолданып жатады. Мәселен, басын алып тастайды немесе мұздатқышқа салып қатырып қояды.


Балықтарды мұздатқышта қанша уақыт сақтауға болады?

Балықты сақтау мерзіміне бірнеше фактор әсер етеді:

  • Температура
  • Майлылығы
  • Мұздату тәсілі
  • Балықтың сұрпы


Жаңа ауланған

Жаңа ауланған балықты ұзақ уақыт сақтауға болмайды. Тоңазытқышта 2 тәуліктен артық ұстамау керек. Ал мұздатқышқа салған соң оның балғындығы жоғалады. Балықты сұрпына қарай мұздатқышта сақтау мерзімі:

  • Майшабақ (килька) – 3 ай
  • Скумбрия – 7 ай
  • Тұқы (карп), жайын, шортан – 6-8 ай
  • Минтай – 6 ай
  • Ақсерке, алабалық, құнысбалық – 8 ай


Ысталған балықты сақтау

+5 градуста ысталған балықты 1 ай шамасында сақтауға болады. Ал 0ден -5градуста 2 айға дейін сапасын жоғалтпайды.


Тұздалған балық

Аздап тұздалған балық ағзаға қажетті дәрумендерге бай. Ол сары маймен, ақ нанмен, картоппен жақсы үйлесім табады. Тұздалған балық +10 градустан жоғары температурада тез бұзылады. Сақтау мерзімі оның қалай тұздалғанына байланысты болады. Егер әлсіз тұздалған болса, сақтау мерзімі де аз болады.


Қызыл балық

Ваккумды қаптамадағы қызыл балықты тоңазытқышта 1 ай көлемінде сақтау керек. Ал қаптамасы ашылған соң 24 сағат ішінде жеп тастаған жөн.


Майшабақ (селедка)

Майшабақты тоңазытқышта 2-3 апта сақтауға болады. Сақталу мерзімі тұзды ерітіндіге байланысты. Егер тұзды ерітіндісі болмаса, онда қалың қағазды бірнеше қабаттап, соған орау қажет. Мұндай күйде майшабақ 5-7 күнге дейін бүліне қоймайды.

Мұздатқышқа салынған кез келген балықты еріткен соң оның сақтау мерзімі бірден төмендейді. 0 градуста 2-3 күн ғана сақтауға болады.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.