​Оверсайз стилінің қаупі бар екенін білесіз бе?

0
3 073

Негізі оверсайз стилі шыққан кезде сән әлемінде ұзақ сақталмайды деп күтілген.


​Оверсайз стилінің қаупі бар екенін білесіз бе?

Оверсайз - қазіргі кездегі ең танымал, сәнді киім үлгісі. Ағылшын тілінен аударғанда «өте үлкен өлшем» немесе «қап секілді» деген мағынада. Бұл киім үлгісі 20 ғасырдың басында пайда болған. Әлемдік соғыстар, төңкерістер және феминизм қозғалыстары сән әлеміндегі үлкен өзгерістерге себеп болған. Әйелдер қауымы ерлер секілді жұмыс істеуге шықты, соғыс алаңдарына медбикелік жұмысқа аттандырылған. Сол кезде Батыс және Еуропа елдерінде сәнде болған корсет пен кең етекті белдемшелер мұндай жағдайларға киюге өте ыңғайсыздық тудырған. Сондықтан еркін қозғалуға мүмкіндік беретін, ыңғайлы киім үлгісі пайда болған.


Қазір бұл үлгі қайта жанданған. Әрине, бұрынғы үлгідегі киімдерге біраз өзгерістер енген. Бұтының жартысына түсіп немесе ауы салбырап тұрған шалбарлар да біраз сәнде болды. Дәл осы үлгідегі шалбарлардың шығу тарихы бар. Америкада кедейлер тұратын ауданның балалары үнемі жаңа киім алуға шамасы келмегендіктен аға-әпкелерінің киімдерін киіп өскен. Міне, осы жерден ауы салбыраған шалбар тарихы басталған.


Оверсайз стилінің қауіптілігі

Негізі оверсайз стилі шыққан кезде сән әлемінде ұзақ сақталмайды деп күтілген. Бірақ, арада ғасырлар өтсе де ол өз маңызын жоғалтқан жоқ. Тек, осы сәнді киімнің халықтың эстетикалық құндылығына қауіпі бар. Не себепті қыз-келіншектер оверсайз үлгісінен бас тартқысы келмейді? Себебі ол ыңғайлы, еркін, жайлы. Кең пальто немесе худи киіп арқаны түзу ұстап, әдемі жүруге тырыспайды. Мүсіні келісті, сымбатты, сұңғақ бойлы қыз бен артық салмағы бар қыздар бір қарағанда сырт көзге бірдей болып көрінеді.

Мектеп жасынан оверсайз тастамай киетіндер көбіне сырт келбеті мен мүсініне аса мән бермейді. Ыңғайлы, артық салмақты жасырып қалатын болғандықтан онымен күресуге, әдемі, келісті мүсінге қол жеткізуге тырыспайды. Жайлылықты тастап, спортпен шұғылданып, диетаға отыруға жалқауланады. Өйткені үнемі түрлі диетаға отырып, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданған қыз да тура сол киімді киіп жүр. Киім кигенде екеуінің айырмашылығы көп біліне қоймайды. Ал жалқаулық өзіңді дамытуға деген құлшынысты кері тартады.


Оверсайз және смартфон

Оверсайз стилі мен смартфонға байлану адамға дұрыс емес әсер береді. Екеуі бірігіп адамды еңкіш тартып, бүкірейіп жүруге және ұқыпсыз болуға алып келеді. Босаңсу жалқаулықты көбейтіп, жақсы оқуға деген ынтаны төмендетеді. Егер өзіңмен жұмыс жасамасаң жалқаулық желкені басып, жақсы өмір сүруге кесірін тигізуі мүмкін.

Жеңді түсіріп тастап жұмыс істеу. Салғырттық

Кең өлшемді киімдердің және смартфонның өмірге нашар әсер ететінін ешкім шын деп қабылдамайды, сенгісі келмейді. Бірақ, босаңсу мен салғырттық кері әсер беретіні айқын. Кейбір жандар оқымысты, ғылым қуған жандардың сырт келбетіне, киіміне көңіл бөлмейтінін мысалға алады. Алайда ондай жандарда сырт келбетіне көңіл бөлуге уақыт жоқ. Олардың бар ықылас зейіні жасап жатқан ісінде болады. Егер сіздің қандай да бір қызығатын ісіңіз болмаса, бар ықылас, талпынысыңыз тек жақсы, жайлы өмір сүрумен шектелсе, онда өмірде жетістікке жетуіңіз екіталай.


Оверсайз туралы миф

Оверсайз – үш өлшемге үлкен киім

Стиль емес тек киімнің өзі туралы айтар болсақ, онда оверсайз – пішімі әдейі еркін, кең тігілген киім. Сондықтан оверсайз деп 2-3 өлшемге үлкен өлшемдегі киімді кие салуға болмайды. Әрине, арық қыздар аға, әкесінің жейдесін, пиджагын, жейдесін кие беруіне болады. Бірақ пальто, куртка секілді сырт киімдерді үлкен өлшемде кимеген жөн. Себебі денені жылы ұстау үшін кішкене болсын денеге сай етіп киген дұрыс.


Оверсайз – тек арық қыздарға арналған

Ал арық қыздар мұндай киімдер артық салмақтарын жасыру үшін толықтарға арналған дейді. Негізі оверсайз кез келген жанға келе береді. Бастысы өз өлшеміңізді алсаңыз болғаны, сол кезде бүртүрлі көрінбейтін болады. Сондай-ақ тағы бір жайтты ескеру керек: киіміңіздің бірі денеңізге жабысыңқырап тұруы керек. Яғни толықтай кең киім киюге болмайды. Мәселен, кең жейде кисеңіз, астыңызға жабысып тұратын джинсы шалбар немесе қарындаш-белдемше киіңіз. Егер сырт киіміңіз оверсайз болса, онда аяғыңызға балтыры қысып тұратын етік немесе ботильон киіңіз.


Оверсайз – толық жандарға артық салмақты жасыруға арналған

Бұл қате пікір. Ең алдымен толық жандар өзіндегі артық салмақты жасыру керек деген ойдан аулақ болу керек. Ол ешқандай да бір кемшілік емес. Бастысы өз өлшеміңізге тура келетін киімді үйлестіре кие білу керек. Егер артық салмақты жасырам деп үнемі кең киім киетін болсаңыз онда қап сияқты көрініп қаласыз.


Оверсайз кигенде аксессуар керек емес

Мұндай киім кигенде аксессуар қосу артық деп ойлап қателеспеңіз. Оверсайз киімге тура келетін ең күшті қосымша – белдік. Кез кеген кең өлшемді жейде мен сырт киімдерді белдікпен толықтыруға болады. Оверсайз киімнің дененің бар әдемілігін жасыратынын ұмытпаңыз. Сондықтан аксессуар қосып, үйлестіріп, денеңіздің көзге түсетін жерлерін айқындап қоюға болады.

Оверсайз нәзіктікті жояды

Мұның астарында шындық бар. Жоғарыда жазып кеткендей оверсайз кигенде өзіңді еркін сезінесің. Сондықтан қалай болса солай отырасың, жүресің. Тіпі кейбір қыздар ер азаматқа құсап кетеді. Сол себепті де ер азаматтың киіміне құсайтын киімдерді таңдамаған дұрыс.


Оверсайз сыртқы киімін қалай таңдауға болады?

Классикалық пальтоның иық сызығына назар аударыңыз. Иық сызығының тігісі сәл ғана иықтан төмен түсіп тұрса жеткілікті. Тым ұзын болмауын қадағалаңыз. Сондай-ақ, жеңдеріңіз білезіктен сәл ғана ұзын болуы мүмкін, бірақ тым көп емес. Өйткені, жеңі тым ұзын болса сіз пальтоға «сүңгіп» кетпеуіңіз мүмкін.

Бойы қысқа қыздар үшін маңызды ереже, тым ұзын емес етіп таңдауы керек. Ұзын бойлы ханымдар, ханшайымдар максималды ұзындықты таңдағаны жөн. Мүсініңізді айшықтағыңыз келсе, белдік тақсаңыз да болады.

Спорттық стилді ұнататын болсаңыз, кез келген бейтарап түстің көлемді қысқа күртешені таңдап, джинсы немесе спорттық шалбармен бірге табаны қалың кроссовкалармен үйлестіруіңізге болады.



Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.