​Алаяқтыққа STOP: цифрлық гигиенаны сақтаңыз

0
442

Желіде киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесетін дұрыс әдеттерді қалыптастырыңыз.


​Алаяқтыққа STOP: цифрлық гигиенаны сақтаңыз

ERNUR.KZ. Қазақстанда 2024 жылдың қаңтар айынан 23 маусым аралығында ҚР ІІМ деректері бойынша интернет-алаяқтықтың 9,4 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Интернеттегі қылмыскерлердің құрбаны болмау үшін белгілі бір киберқауіпсіздік шараларын сақтау керек.

Цифрлық әлемде ұдайы орындап отыруды талап ететін өзіндік гигиена қағидалары бар. Тек оларды бұлжытпай орындаған жағдайда ғана олар сіздің киберкеңістігіңізді қорғауға көмектеседі, ал егер сіз оларға немқұрайлықпен қарасаңыз, қаржылық алаяқтардың тұзағына түсіңіз әбден ықтимал.
Желіде киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесетін дұрыс әдеттерді қалыптастырыңыз
№1 қағида. Ешқашан және ешкімге, әсіресе, бейтаныс адамдарға, өзіңіздің жеке басыңызды куәландыратын құжаттың көшірмесін жібермеңіз, картаның толық деректемелерін, әсіресе, артқы жағындағы үш таңбалы кодты, SMS-пен келетін кодты және өзге де жеке ақпаратты айтпаңыз. Күмәнді сілтемелер бойынша өтпеңіз, белгісіз дереккөздерден лицензияланбаған қосымшаларды жүктемеңіз.
Конфиденциалды деректерді жоғалту көп жағдайда оларды үшінші тұлғалардың заңсыз пайдалануына әкеледі. Алаяқтар сіз және сіздің қаржы шоттарыңыз туралы мәліметтерді алу үшін алдаудың түрлі тәсілдерін, оның ішінде фишингтің көмегімен алдау тәсілдерін ойлап табады.
№2 қағида. Өзініңіздің цифрлық кеңістігіңізде кезеңмен «толық тазалау» жүргізіп отыруды әдетке айналдырыңыз, антивирусты пайдаланыңыз
Толассыз ақпарат легінде алаяқтардан келген хатты, сондай-ақ сіздің почта жәшігіңізді немесе әлеуметтік желідегі аккаунтыңызды бұзу туралы хабарды байқамай қалуыңыз да мүмкін, сол себепті өзіңіздің гаджетіңізді жиі тазалап, ретке келтіріп отыруды ұсынамыз. Атап айтқанда, почтаны қарап, спам және күмәнді хаттарды жою, оларды жіберушілерді бұғаттай отырып, әлеуметтік желілердегі керек емес пошталық жіберілімдер мен қызықты жазылымдардан шығу қажет, уақыт өткен сайын қажетсіз деректерді жоюға арналған кэшті тазалап отыру қажет.
№3 қағида. Күрделі және әртүрлі парольдерді қолданыңыз
Цифрлық гигиена сіздің аккаунттарыңызға және әлеуметтік желілердегі жеке кабинеттеріңізге, поштадағы және әртүрлі, оның ішінде қаржылық қосымшалардағы қолданыстағы парольдердің қауіпсіздігіне әкеледі. Парольдің күрделілігі – оны табуға немесе қандай да бір әдіспен, мысалы, барлық болжамды нұсқаларын қойып шығу арқылы біліп алуға жұмсалатын уақытты бағалау өлшемі.
№4 қағида. Авторизациялаудан өтпеген дүкендердің қосымшаларын телефоныңызға жүктемеңіз және құпиялылық талаптарын мұқият бақылап отырыңыз
Өз гаджеттеріңізге тек қана ресми дүкендердің қосымшаларын жүктеңіз, пираттық софтты жүктемеңіз. Қосымшаларды жүктемес бұрын пайдаланушылардың пікірлерімен мұқият танысып шығыңыз және қосымшаны әзірлеушілер оны жүйелі түрде жаңартып отыратынына көз жеткізіңіз (ресми дүкендерде соңғы жаңартылымдардың күні міндетті түрде көрсетілуі тиіс). Уақыт ара орнатылған қосымшалардың тізімін тексеріп тұрыңыз, ұзақ уақыт бойы жаңартылмаған ескі қосымшаларды жойып тастаңыз. Егер картаңызды ақылы қосымшаларға бекіткіңіз келсе, бұл үшін виртуалды картаны пайдаланыңыз.
№5 қағида. Файлдардың сақтық көшірмесін жасауды ұмытпаңыз
Сыртқы USB-тасымалдағышқа маңызды файлдардың сақтық көшірмесін үнемі жасап отырыңыз. Бұл опция теңшеулер конфигурациясын, барлық қосымшалар мен жеке ақпаратты сақтау үшін жасалған. Мұндай функция жоғалған құрылғыдан деректерді қалпына келтіруге және гаджет жоғалған немесе бұзылған жағдайда оны жаңасына көшіруге көмектеседі.

Егер сіз нөмірі банктік картаңызға тікелей байланған телефонды жоғалтқан болсаңыз немесе одан да жаманы, ол ұрланған болса, дереу қызмет көрсететін банкке хабарласыңыз. Картаңызды бұғаттауды сұраңыз, кейін оны қайта шығаруға тура келеді.

Сіздің шотыңыз бойынша операциялар соңғы рет қашан жасалғанын банктен нақтылаңыз. Егер алаяқтар картадан қаражат алып үлгерсе немесе сіздің атыңызға «бөтен» біреу кредит ресімдеген болса, онда банкке өтініш жазып, ішкі тергеу жүргізуді сұраңыз.