Атом энергиясы жөніндегі Халықаралық агенттік (АЭХА) ұсынымдарына сәйкес сәулемен емдеу онкологиялық аурулары бар науқастардың 60-70%-ын қамтуы керек.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Онкологиямен күрес бойынша 2023-2027 жылдарға арналған Кешенді жоспар шеңберінде ел өңірлерінде сәулемен емдеуге бағытталған жабдықтар паркін жаңартуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атом энергиясы жөніндегі Халықаралық агенттік (АЭХА) ұсынымдарына сәйкес сәулемен емдеу онкологиялық аурулары бар науқастардың 60-70%-ын қамтуы керек. Қазақстанда бұл көрсеткіш 30,6%-ға тең. Өмірлік қажетті терапияға қолжетімділікті арттыру үшін "Қазақстан халқына" қайырымдылық қорымен бірге 16 заманауи желілік жеделдеткіш сатып алып, орнату туралы мәселе қаралуда. Бұл науқастарды емдеумен қамту деңгейін айтарлықтай арттыруға және оны халықаралық стандарттарға жақындатуға септігін тигізбек.
Бүгінгі таңда еліміздің 10 өңірінде сәулемен емдеуге арналған 32 аппарат қойылды, оның ішінде 15 желілік жеделдеткіш бар. Алматы, Астана қалалары мен Абай, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында жаңа жабдықтарды орнату жұмыстары аяқталды. Жаңа қондырғылардың ішінде баптаулары жасалған, Қазақ онкология және радиология ғылыми- зерттеу институты мен Астанадағы Көпфункционалды медициналық орталығы сияқты жетекші медициналық мекемелерге берілетін Ethos Varian және TrueBeam Varian деген заманауи медициналық жеделдеткіштер бар.
Сонымен қатар ел аумағында әртүрлі өңірлерде орналасқан 7 ПЭТ-орталық жұмыс істейді, биыл Алматыда біреуі шағын циклотронмен жабдықталған тағы екі жеке ПЭТ-орталық жұмысын бастады.
3D-конфорлы сәуле терапиясы, қарқынды модульденетін терапия (IMRT VMAT) және стереотаксикалық радиохирургия сияқты ең жаңа әдістерді енгізудің арқасында емдеу анағұрлым нақты және тиімді бола түседі. Бұл технологиялар жанама теріс әсерді азайтып, пациенттердің өмір сапасын арттырады. Сонымен қатар, жаңа әдістердің арқасында емдеу курсының ұзақтығы қысқарып, оның тиімділігі ісіктің түрі мен орналасқан жеріне қарай артады.
Алайда, Алматы, Ақмола, Түркістан, Ұлытау облыстарында әлі де болса сәулемен емдеуге қажет жабдықтар жоқ. Бүгінде "Қазақстан халқына" қоры 2025 жылға дейін 5 желілік жеделдеткіш сатып алу туралы шешім қабылдады. Қордың бұл қолдауы емдеудің заманауи әдістеріне қолжетімділікті арттырып, елдегі медициналық көмек сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық аурулармен күресу және өлім-жітімді азайту үшін жабдықтарды жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу ісін жалғастыра береді.