Кірісіңіз жоғары және кредиттік тарихыңыз тамаша болғанның өзінде де кредитті өзіңіз қалаған, кез келген сомаға ала алмайсыз.
ERNUR.KZ. Егер сіз кредит алуға бел бусаңыз, оны ресімдеу және қаржы ұйымдарымен іс-әрекеттесудің негізгі қағидаларынан басқа, оның сомасы жөнінде де ойлану қажет.
Кірісіңіз жоғары және кредиттік тарихыңыз тамаша болғанның өзінде де кредитті өзіңіз қалаған, кез келген сомаға ала алмайсыз. 16 тамыздан бастап кредиттерге белгілі бір шектеулер қойылады.
Айтпақшы, кез-келген соманы алуға болады. Алайда, оны тек банктен және кепілмен ала аласыз. Жаңа қағидаларға сәйкес кепілді банктік қарыздар бойынша шектеулер болмайды және кредиттің мөлшері сіз банкке ұсынатын кепілдің құнына ғана байланысты болады.
Ал кепілсіз қарыздар бойынша шектеулер нақты белгіленген – 2200 АЕК, ол 2024 жылы 8 122 400 теңгені құрайды. Одан көп сома беруге банктің құқығы жоқ.
Микроқаржы ұйымдарында шектеулер бұдан да қатал. Кепілсіз микрокредиттің ең жоғары сомасы банкке қарағанда екі есе аз – 1100 АЕК немесе 4 061 200 теңге. Кепілді микрокредиттерге де шектеулер бар.
Ломбард кепілмен 8 000 АЕК-ке дейін немесе 29 536 000 теңге бере алады. Ал МҚҰ 20 000 АЕК-ке дейін немесе 73 840 000 теңге.
Бұл ретте, мұндай ірі микрокредиттер негізінен бизнесті дамытуға берілетінін атап өтеміз, ал кепілзатқа кәсіпкердің жылжымалы және жылжымайтын мүлігі қойылады.
Кредиттер сомасын шектеу практикасы әлемдік тәжірибеге сәйкес келеді
Мәселен, АҚШ-та арнайы құрал – «кредиттік желі» қолданылады. Банк қарыз алушының ықтимал кірісін бағалайды және әдетте 5 жылдағы ықтимал табыстан аспайтын лимитті белгілейді.
Көршілес Ресейде банктер кепіл алу негізінде 30 млн рубльге (шамамен 160 млн теңге) дейін бере алады. Ал МҚҰ кепіл болған кезде жеке тұлғаларға небәрі 1 млн рубльге (5,2 млн теңге) дейін және заңды тұлғаларға 5 млн рубльге (26 млн теңге) дейін береді.
Әрине, кредит сомасы бойынша заңнамалық шектеулер қойылмайтын елдер де бар. Бірақ ол уақытта мұндай шектеулерді әдетте кредиторлардың өздері, яғни өздеріне тәуекелдерді қабылдағысы келмейтін банктер мен МҚҰ енгізеді.
Ал Қазақстанда шектеулерді ірі сомаға кепілсіз тұтынушылық қарыздар беруді тежеу және азаматтардың борыш жүктемесінің өсуіне жол бермеу үшін енгізді.
Барлық жаңа өзгерістер ресми түрде тіркелді - Агенттік Басқармасының «Тұтынушылық банктік қарыз және тұтынушылық микрокредит сомасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» 2024 жылғы 16 тамыздағы № 61 қаулысы қабылданды.
Қаулы Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 19 маусымда қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру үшін қабылданды.