​Зейнеткерлерге ескерту: алаяқтардың телефон арқылы ойлап тапқан жаңа схемалары

0
490

Бүгін Халықаралық қарттар күні аталып өтуде.


​Зейнеткерлерге ескерту: алаяқтардың телефон арқылы ойлап тапқан жаңа схемалары

ERNUR.KZ. Fingramota.kz баршаңызды осы тамаша күзгі мерекемен құттықтайды және қаржылық алаяқтарға ең осал топ – егде жастағы адамдар екенін еске салады. Қылмыскерлердің қолданатын танымал тәсілдерінің бірі – телефон арқылы алаяқтық жасау.

Егде жастағы азаматтарды сендіру үшін алаяқтардың ойдан шығарылған түрлі оқиғалар арқылы қылмыс жасайтынын және әлеуметтік инженерлерден қалай қорғануға болатынын айтамыз. Олар сенімге кіріп, құпия ақпаратты немесе ақшаны ұрлауды көздейді.
«Ақшаны қауіпсіз шотқа аударыңыз»
Мысалы, зейнеткерге алаяқтар қоңырау шалып, банк қызметкерлері ретінде өзін таныстырып, оның шотынан біреулер ақша шешіп алмақшы болғанын айтады. Сондықтан ақшаны банк ашқан «қауіпсіз» шотқа жедел аудару қажет екенін хабарлайды. Содан кейін зейнеткерге жіберілген сілтеме арқылы қосымша жүктеп алуды ұсынады. Егер зейнеткер алаяқтардың айтқанын орындайтын болса, барлық жинақтарынан айырылады.
Бұл жағдайда қалай дұрыс әрекет ету керек: Алаяқтар адам психологиясын жақсы біледі және қандай әлсіз жақтарға қысым жасау керектігін біледі. Бұл жағдайда әңгімені тоқтату маңызды. Содан кейін банкке қоңырау шалып, жағдайды нақтылау қажет. Банк нөмірін табу оңай: ол карта бетінде немесе банк қосымшасында көрсетіледі. Құпия ақпаратты телефон арқылы ешкімге айтпау керектігін есте ұстау қажет.
Ең маңыздысы: картаңыз туралы ақпаратты сұрайтын «банк қызметкерлеріне» сенбеңіз, оның толық реквизиттерін, артқы жағындағы үш құпия цифрды айтпаңыз, ақша аудармаңыз, күмәнді қосымшаларды орнатпаңыз және ешқандай сілтемелерге өтпеңіз. Есіңізде болсын: банк қызметкерлері ешқашан телефон арқылы жеке деректеріңізді, соның ішінде растау кодтарын, ПИН-кодтарды сұрамайды. Бұл ақпарат тек сіз үшін және үшінші тұлғаларға арналмаған.
«Жаңа қосымшаны шұғыл түрде орнатыңыз»
Кейде зейнеткерлерден ешқандай ақпарат сұрамайды – барлық жұмысты алаяқтар орнататын зиянды бағдарлама жасайды. Сонымен, алаяқтар зейнеткерге қоңырау шалып, банктің қауіпсіздік қызметі жаңа жоғары қауіпсіздік режиміне ауысқанын және белгілі бір қосымшаны орнату керектігін айтады. Сілтеме SMS арқылы немесе мессенджерге жіберіледі, зейнеткер қосымшаны орнатады, содан кейін оның есепшотынан ақша жоғалады, өйткені алаяқтар оның шотына толық қолжетімділігін алып алады.
Дұрыс әрекет ету: барлық қосымшалар міндетті түрде арнайы тексеруден өтуі керек, сондықтан банктер қосымшаларды тек Google Play немесе App Store арқылы жүктеп алуды ұсынады, онда жақсы пікірлер мен бағалаулар бар. Сонымен қатар, банк қызметкерлері әңгімелерді мессенджерге аударуды сұрамайды және ешқашан қосымшаны жүктеп алу сілтемесін жібермейді. Иә, банктердің мессенджерде чат-боттары бар, ал үлкен несие алғанда менеджер хабарлама арқылы кеңес беруі мүмкін, бірақ мұндай сөйлесулер тек ақпараттық сипатта болады және қаржылық операцияларды қарастырмайды.
«Коммуналдық есептегіш орнату немесе зейнетақыны қайта есептеу қажет»
Алаяқтар егде жастағы азаматтарға коммуналдық қызметтердің немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметкерлері ретінде қоңырау шалуы мүмкін. Олар электр энергиясы немесе судың есептегішін кезексіз ауыстыруды ұсынады және бұл үшін зейнеткердің ұялы телефонына келген кодты сұрайды. Сонымен қатар, алаяқтар БЖЗҚ өкілдері ретінде қоңырау шалып, зейнетақыға заң бойынша үстеме төлем төленетінін хабарлайды. Олар зейнетақыны қайта есептеу үшін деректерді растауды сұрайды: карта реквизиттері, SMS коды және тағы басқалары. Бұл өте кең таралған схемалар, және, өкінішке орай, көптеген зейнеткерлер қоңырау шалушыларға сенеді және жеке мәліметтерін алаяқтарға беріп қояды.
Дұрыс әрекет ету: әңгімені тоқтатып, жеке ақпаратты ешкімге бермеңіз. Есіңізде болсын: тегін ірімшік тек қақпанда ғана болады.
Пайдалы кеңестер: телефон арқылы алаяқтардан қалай қорғану керек
Өзіңізге қысым жасауға жол бермеңіз – эмоцияға берілмеңіз, әңгімені тоқтатудан қорықпаңыз, сыни ойлаудың маңыздылығын есте сақтаңыз, әрдайым жағдайды талдаңыз.
Өзіңізді жеңілмейтін адам деп ойламаңыз – шамадан тыс сенімділік сізді алаяқтардың жеңіл олжасына айналдырады. «Кез-келгенмен, бірақ менімен емес» деген ой сізді дұрыс ескермеген жағдайда қателесуге әкелуі мүмкін.
Ешқашан бірден жауап бермеңіз – сізге қанша уақыт аз екенін, бәрі «өртеніп жатыр» деп сендірсе де, әрдайым ойлануға және жағдайды талдауға уақыт алыңыз, және қажетті органдарға қоңырау шалудан қорықпаңыз.
Нақты сұрақтар қойыңыз – қоңырау шалушының деректерін сұраңыз: жұмыс мекенжайы, лауазымы, міндеттері. Әңгіме жазып жатқаныңызды айтсаңыз, алаяқтар бұл уақытта әңгімені тоқтатуға бейім болады.
Сенімді адамдармен ақылдасыңыз – сырт көзбен қарағанда жағдай мүлдем басқаша көрінуі мүмкін және сіздің шешімі жоқ деп ойлаған мәселеңіз оңай шешілуі ықтимал, ал сіз пайдалы кеңестер алып, ақшаңызды және жүйкеңізді сақтап қаласыз. Сонымен қатар, сырттағы адам жағдайды оңай талдап, қауіпті тезірек байқауы мүмкін. Бірақ бұл барлық адаммен емес, тек сенімді жақындарыңызбен бөлісу керек екенін білдіреді.
Егер сізге бірдеңе ұсынса, әңгімені жалғастырмаңыз және бас тартуды үйреніңіз. «Мұны қызыммен немесе ұлыммен талқылауым керек» деген секілді тоқтату фразалары сізге психологиялық қорғаныс береді және алаяқтарға сіздің келісім бермегеніңізді көрсетеді.
Әрқашан банкке және туыстарыңызға қайта қоңырау шалыңыз – қаншалықты сізге уақыт жоқ екенін, «секундтар санаулы» екенін сендірсе де, телефонды қойып, банкке және туыстарыңызға өзіңіз хабарласыңыз. Бұл бірнеше секундты алады, бірақ сізді қаржылық тығырықтан және қысымнан сақтап қалуы мүмкін.
Ешқашан және ешкімге өзіңіздің жеке деректеріңізді, банк картаңыздың реквизиттерін, жарамдылық мерзімін, CVC/CVV-кодын (артына жазылған үш сан), құпия сөзді, SMS-кодты және шоттағы қаражаттың қалдығын айтпаңыз.