СӨМКЕ СИЯҚТЫ: Әлемдегі ЕҢ КІШКЕНТАЙ көліктермен таныс болыңыз

0
3 232

ХХІ ғасырда инженерлердің ең кішкентай туындылары «екінші өмірге» ие болды.


СӨМКЕ СИЯҚТЫ: Әлемдегі ЕҢ КІШКЕНТАЙ көліктермен таныс болыңыз

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден


Соңғы он жыл көлемінде шағын көліктер ірі қалалардың тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие болды. Себебі, олардың кішкентай өлшемі көлікке толы қала көшелерінде тұрақ қоюға мүмкіндік береді және мұндай автомобильдердің иелері салық пен отынды үнемдейді. Өйткені мұндай қуаты аз және көлемі шағын көліктерге аз салық төлееді және жанармай немесе электр қуаты аз жұмсалады. Бір қызығы – адамзат тарихындағы ең кішкентай көлік осыдан 60 жыл бұрын жасалған екен.


Peel P50 – 3 доңғалақ және 4 ат күші

Тарихтағы ең алғашқы әрі ең шағын көлік – 1962 жылы Мэн аралындағы Peel Engineering Company әзірлеген Peel P50 үш доңғалақты микромобилі. Оның ұзындығы небәрі 137 см, ені 99 см және салмағы 59 келі. Яғни, бұл көлікті арнайы тұтқамен көтеріп алып жүруге және үйдің ішіне кіргізіп қоюға болады. Өндірушілер Peel P50-ді ірі қалалардың тұрғындарына арзан және ыңғайлы көлік құралы ретінде таныстырды. Шыны талшықтан жасалған көлік бір адамға арналған.


Британдық микрокар көлемі 49 см3 болды және 4,2 ат күшінің қуаты бар қозғалтқышпен басқарылды. Көлік 100 шақырымға небәрі 2,8 литр жанармай жұмсайтын. Peel P50-дің максималды жылдамдығы 60 км/сағ болды, бірақ бұл жылдамдыққа жету үшін салмағы жеңілдеу жүргізуші басқару керек болатын. Көлік үш дәрежелі механикалық беріліс қорабымен жұмыс істеген, алайда артқа жүретін режимі болмаған.

Түпнұсқа модельдің өндірісі 1965 жылға дейін жалғасты, бірақ Peel P50 ерекше сұранысқа ие болмағандықтан үш жыл ішінде компания тек 50 данасын шығарған. Олардың жартысына жуығы бүгінгі күнге дейін сақталған. Көлікті кейбір үлгілері автозауыттарда сақталса, қалғандары коллекционерлерге тиесілі. Кейде сол коллекционерлер бұл көліктерді қомақты қаржыға сатып жатады екен. Мәселен, 2016 жылы 1964 жылғы Peel P50 аукционда 176 мың долларға сатылған.


Микрокардың «екінші өміріне» де тоқталайық. 2011 жылы екі Британдық энтузиастар Peel Engineering компаниясын құрып, бүгінгі күнге дейін Peel P50 көшірмелерін бензин және электр қозғалтқышымен шығарып жүр. Сыртқы көрінісі 1960-шы жылдардағыдан ерекшеленбейді. Бірақ техникалық жағынан жетілдірілген, мысалы, олардың артқы берілісі бар.


Brütsch Mopetta

1950 жылдардың басында неміс өнертапқышы Эгон Брутч жарыс машиналарының шағын көшірмелерін жасауды жоспарлаған. Бірақ ол кезде мұндай өнімді сатып алғысы келетіндер аз болыпты. Содан кейін ол автокөлік жүргізушілеріне сәнді дизайны бар шағын көлікті ұсынған.

Brütsch Mopetta-ның ұзындығы 176 см, ені 91 см және салмағы 89 келі болған. Автомобиль көлемі 50 см3 қозғалтқышпен жабдықталған және қуаты 2 ат күшіне тең болған. Осылайша, инженер 1956-1958 жылдары осындай 14 машина өндірген екен.


Pasquali Riscio

Итальяндық Pasquali Riscio микроавтобусы кейде «дөңгелекті телефон кабинасы» деп те аталады. Себебі оның салоны өте тар, бірақ бұл электромобильдің бір және екі орындық нұсқасы бар.

Ұзындығы бойынша Pasquali Riccio жоғарыда аталған модельдерден асып түседі – 219 см, ал ені бойынша шамалас – 115 см. Шағын электрлік қозғалтқышы 360 келі тартатын автокөлікті 40 км/сағ-қа дейін үдете алады. Pasquali Riscio-ны әдеттегі тоқ көзінен бірнеше сағат ішінде қуаттап алуға болады, сөйтіп 50 шақырым жүре аласыз. Кей елдерде бұл көліктің бір орынды нұсқасын басқару үшін тіпті жүргізуші куәлігі де қажет емес.


BMW Isetta

Әлемдегі ең танымал микроавтобусты 1952 жылы ISO SpA компаниясының итальяндық дизайнерлері Эрменеджилдо Прети мен Пьерлуиджи Рагги жасаған. ISO isetta моделінің тұсаукесері 1953 жылы Туринде өтті және үлкен талқылау тудырды. Пішініне қарасаңыз екі орынды көлік көпіршікке ұқсайды, ал алдыңғы жағына орнатылған жалғыз есік рөлмен бірге ашылды.

ISO Isetta көлігінің ұзындығы 229 см, ені 137 см болса, автомобиль көлемі 236 см3-ты құрайтын және 9,5 ат күшіне ие қозғалтқышпен жабдықталған. Қозғалтқыш Изеттаны 75 км/сағ. жылдамдыққа дейін үдете алды. Салмағы 360 келі тартатын автомобиль 100 шақырым жолға небәрі 3 литр жанармай тұтынады.


Көп ұзамай бұл модель Еуропа мен Латын Америкасының бірнеше елдерінде лицензия бойынша шығарылған. «Изеттаны» шығару құқығын немістердің BMW компаниясы да сатып алып, осы бренд арқылы шағын көлік тарихқа енді. Компания бұл модельді 1962 жылға дейін бірнеше нұсқада шығарып, барлығы 160 мыңнан астам данасын өндірген.

Ал, 2016 жылы швейцариялық Microlino AG компаниясы Microlino электромобилін ұсынды. Ол алғашқы "Изеттаға" ұқсас, бірақ көлемі жағынан біршама ауқымды. Қазір бұл электрокар Италияда өндіріліп жатыр.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Күзден АМАН-ЕСЕН өтемін десеңіз, осы кеңестерге ҚҰЛАҚ ТҮРІҢІЗ


Жол ережесін ойлап тапқан адам ӨЗІ мүлде КӨЛІК ЖҮРГІЗБЕГЕН - автокөлік әлеміндегі ҚЫЗЫҚ ДЕРЕКТЕР