Лазанья – өте тойымды итальяндық тағам. Бұл тағамды бүкіл әлем біледі десек артық айтқанымыз емес. Лазанья тағамын тек мейрамханаларда әзірлемейді. Дәмді әрі шетелдік тағамды анда-санда үйде өз қолыңызбен дайындап жесеңіздер де болады. Ол үшін аз ғана еңбектенсеңіз болғаны.
Қажетті қоспалар:
- 2 тіс сарымсақ
- 100 гр. ұн
- 150 гр. сәбіз
- 1 л сүт
- 5 ас қасық өсімдік майы
- 150 гр. пияз
- 12 дана қамыр (лазанья)
- Дәмдеуіштер
- Дәміне қарай тұз, бұрыш
- Хош иісті жаңғақ дәміне қарай
- 500 мл томат тұздығы
- 800 гр. сиыр еті
- 1 ас қасық томат
- 82,5%-дық 150 гр. сары май
- 300 гр. қатты ірімшік
Дайындалу тәсілі:
- Пияз бен сәбіздің қабығын аршып, тазалап жуып алу керек. Содан соң блендермен майдалайсыз. Егер блендер болмаса еттартқыштан өткізуге болады.
- Етті де еттартқыштан өткізіп, сарымсақты аршып, оны да еттартқышпен майдалайсыз немесе пышақпен майдалауға да болады.
- Табаға 4 ас қасық май құйып, 50 гр. сары май салып жіберіңіз. Май қызған соң алдымен сарымсақты салып қуырасыз, содан соң пиязды салыңыз. Пияз сарғая бастағанда сәбізді салып қуыру керек. Көкөністерді жұмсарғанша қуырасыз.
- Енді фаршты салып, оның түсі өзгергенше қозғап отырып қуырасыз.
- Осылайша қуырылған фаршқа тұз, бұрыш қосып, жақсылап араластырып алыңыз.
- Содан соң табаға 12 ас қасық томатпен араласқан 500 гр. томат тұздығын құясыз. Барлығын жақсылап араластырып, дәміне қарай тағы да азырақ тұз, насыбайгүл, қара бұрыш салып, бір араластырып жіберіп, оттан алу қажет.
- Енді тағамның тұздығын дайындаймыз. Ол үщін табаға 100 гр. сары майды салып, еріген уақытта 100 гр. ұнды саламыз. Тоқтаусыз қозғап отырып, ұн мен майды толықтай араластырасыз. Қою массаға енді 1 л сүт құю керек. Түйіршіктері кеткенше араластырып, бір қайнатып аламыз. Сосын осы сүтке ұнтақ қара бұрыш пен хош иісті жаңғақ ұнтағын салллламыз. Дайын тұздықты оттан аламыз.
- Енді дайын жайма қамырларды тұзды қайнаған суға салып қайнату керек. Ол үшін қазанға 1 л су құйып, 1 ас қасық өсімдік майын құйып, тұз салып қайнатып, осы суға бір-бірден қамырды салып, 1 минуттан қайнатып аламыз. Әрбір қамырды салқын суға салып алуды ұмытпаңыз. Содан соң қамырларды майлықтың үстіне жайып қоясыз.
- Лазанья тағамын жинау әдісі. Тағамды пісіруге төртбұрышты форма жарайды. Осындай формаға алдымен сүттен дайындалған тұздықтың 1/3 бөлігін салып, оның үстіне қамырларды жайып шығамыз. Қамыр тұздықтың бетін толық жабуы керек. Сосын қамырдың бетіне фарштың жартысын жайып саламыз. Фарштың бетіне сүттен дайындалған тұздықты жағып, ірімшіктің жартысын себелеп шығамыз. Дәл осылай екінші қабат жасаймыз. Тағамның ең беткі қабатына қамырды жайып салып, оның бетіне тұздықты жағып, ірімшікті себелейсіз.
- Осылайша дайындалған лазанья тағамын 180 градусқа қыздырылған пеште 40-50 минуттай пісіресіз. Лайын тағамды пештен алған соң, сәл суытып, кейіннен дастарханға тарта беруге болады.
Дайындаған: Қ.Өмірзаққызы,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: