КВАСТЫ кофе қосып та ДАЙЫНДАУҒА болады

0
1 142

Жаздың аптап ыстық күндерінде салқын сусын іздеп, бойымызды бір сергітіп алғымыз келеді. Осындайда өз қолыңызбен түрлі қоспалармен дәмді квас дайындасаңыз болады. Тіпті, үйреншікті азық-түліктермен емес, ерекше етіп те әзірлеуге мүмкіндік бар. Ал, сіз кофеден дайындалған квас ішіп көрдіңіз бе? Егер ішпеген болсаңыз, төмендегі мәзірлер бойынша қалаған сусынды жасап көріңіз!


КВАСТЫ кофе қосып та ДАЙЫНДАУҒА болады

Кофе мен мейізден дайындалған квас

Қажетті қоспалар:

  • 3 л су
  • 350 гр. кептірілген қара нан
  • 180 гр. қант
  • 30 гр. мейіз
  • 6 гр. ашытқы
  • 1 ас қасық кофе
  • 1 шай қасық лимон қышқылы


Дайындау тәсілі:

  1. Кастрөлге су құйып, отқа қойыңыз. 40 градусқа дейін қызған уақытта қант пен кофе салып, жақсылап араластырып, жылы жерге қоясыз.
  2. 3 литрлік банкаға кептірілген нан мен мейізді салып, қайнаған кофені құйыңыз. Банканың қақпағын жауып, жай-жай шайқаңыз да 45 минут жылы жерге қойыңыз.
  3. Банканың қақпағын ашып, лимон қышқылы мен ашытқыны салып, жайлап араластыру керек. Содан соң банканың бетін 4 қабатталған дәкемен жауып, резинкамен бекітесіз.
  4. Осылайша дайындалған квасты 3 сағат жылы жерге қойыңыз, осы уақыт өткеннен кейін бетінде көпіршіктер пайда болады. Сосын дайын квасты екі қабатталған дәкемен сүзіп, сусынды тоңазытқышқа салып қойыңыз. Квасты қалаған уақытыңызда іше берсеңіз болады.



Лимоннан дайындалған дәмді квас


Қажетті қоспалар:

  • 4 л су
  • 500 гр. қант
  • 60 гр. ашықты
  • 60 мл лимон шырыны
  • 12 дана мейіз

Дайындалу тәсілі:

  1. Кастрөлге су құйып, қант салып, отқа қойып қайнатамыз. Сосын кастрөлді оттан алып, суытып қоямыз.
  2. Үш дана лимонның шырынын сығып, сыртқы қабығы мен ашытқыны суға саламыз.
  3. Барлығын жақсылап араластырып, 1 литрлік ыдыстарға құйсақ болады.
  4. Әрбір ыдысқа 3-4 дана мейізден салуды ұмытпау керек.
  5. Ыдыстардың бетін жауып, салқын жерде тұндырыңыз. 3 күннен соң квасты сүзіп квасты іше беруге болады. Қаласаңыз сүзбей-ақ ішесіз.


Күріш пен мейіз квасы


Қажетті қоспалар:

  • 1,5 л су
  • 150 гр. күріш
  • 2 гр. ашытқы
  • 50 гр. мейіз
  • 200 гр. қант

Дайындалу тәсілі:

  1. 100 гр. күрішті қайнатып, суытып қоясыз. Суыған сосң ашытқыны, 1 ас қасық қант, мейіз салып, барлығын жақсылап араластырасыз. Бетін жауып, жылы жерге қойыңыз.
  2. Табаға қалған қантты салып қыздырып, 50 гр күрішті салып жіберіңіз. Күріштің түсі өзгергенше қуырып аласыз.
  3. Кастрөлге су құйып 40 градусқа дейін қыздырасыз. Содан соң квасқа қосылатын барлық қоспаны банкаға салып, толтыра су құю керек. Осы қалыпта бетін дәкемен жауып, 5 күн сақтайсыз.
  4. Осылайша дайындалған квасты сүзгіден өткізіп, банкаға құйыңыз да, тоңазытқышқа салыңыз. Дайын квасты салқындатып ішкен дұрыс.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Балықтан дайындалған дәмді тефтели