Жүкті әйелдің жерігі қанбаған болса, кейін баласының аузынан сілекейі аға беретін болады деген ырым да бар.
фото: delivery-eda.ru
Бойына бала бітісімен-ақ кейбір аяғы ауыр әйелдердің асқа тәбеті шаппай, итжерік болады. Итжеріктіктің «емін табу» да өте қиын. Аяғы ауыр келінінің тәбеті шапқан тамағын тауып беру де ененің мойнында. Өйткені, ертеңгі күні аяғы ауыр келіншектің жерігі қанбаса, баланың толыққанды болып жетілуі де екіталай деп қауіп қылған.
Егер анасы жүкті кезінде жерігі қанбаған болса, кейін баласының аузынан сілекейі аға беретін болады деген ырым да бар.
Сондықтан, енесі итжерік болған келініне арнап құрсақшашу тойын жасайды. Бұл тойдың пайда болу төркіні де келіннің жерік асын тауып, бір жағынан немерелі болатын болдым деген сүйінші хабарды естірту мақсатында қуанышты тойлаған.
Құрсақшашу тойына келген әйелдер аяғы ауыр келінге арнап нешетүрлі жеңсік астарды пісіріп алып келген. Солардың ішінен итжерік болған келін өз дәмін сол тағамдардың ішінен табатын болған.
Жерік болған кезде жеген аста да көп мән бар.
Тіпті баланың болашақта кім болып өсетіндігін де анасының тәбеті тартқан асына қарап та болжайтын болған. Мұны ғылыми түрде де дәлелденген деседі.
Мысалы, анасы көкөніске жерік болса, бала ширақ, елгезек, өмірге құштар болады екен. Ал кесек, көмірге жерік болса, бала болбыр, өмірге икемсіз болмақ.
Ал, өзінің пісірген тамағын немесе өз үйінің дастарханынан дәм татқысы келмей, басқа біреудің үйінен дәм татқысы келіп тұрса, бала келешекте үйде тұрмайтын, үнемі түздің тірлігін тындыратын бала болып өседі екен...
Жерік ананың қалауын тауып, тойдырған адам сауапқа қалады деген де ырым бар. сондықтан, құрсақ тоға келген әйелдер көбінесе жерікболған әйелдің көңілін табуға тырысады.Бір жағынан, бұл тойда не жерін білмей, әр нәрсеге аңсары ауып жүрген болашақ анаға көп көмегін тигізеді.
фото: assembly.kz
«Жерік асын жеген жетілер, жерік асын жемеген кетілер» деп те жатады халқымыз. Осылайша жайылған дастархандағы әрбір ас ана мен баланың қажеттілігін өтейді.
Жаңалықты естіп, құрсақ шашуға келдік деп әйелдер жамырасып қоржындарына келіннің сүйген асын салып, ізгі тілектерімен ұсынған. Ал әйелдерді шақырудағы тағы бір себеп – келіннің жерік асын табу екен. Жерік болған әйелдің сүйсініп жейтін асын тапқан әйел қуанып, аяғы ауыр келіншекті өз қамқорлығына алған.
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз:
Жүрер жолдың уақытын кесіп айтуға болмайды