Қаралы үйден дәм татуға бола ма?
фото:fgulen.com
«Қазақта өлімнің жолы ауыр» деген сөз бар. Хадистерде келгендей адам баласы жан тапсырған соң артынан үздіксіз барып тұратын амалдар болады. Солардың қатарында мына дүние тіршілігінде марқұмның адамзатқа жасаған жақсылығы болса, одан бөлек артында қалған жанашырлардың ол үшін жасаған дұғалары мен берген садақалары.
Ғұлама Имам Бұхаридің тек сенімді хадистер жинақталған «Сахих» атты еңбегінде сахаба Абдулла ибн Аббастан мынадай хадис жеткізіледі:
«Елден жырақта жүргенінде Сағид ибн Убаданың анасы қайтыс болды. Сонда ол Пайғамбардың (с.ғ.с.) алдына келіп: «Уа, Алланың елшісі! Мен сыртта жүргенде анам қайтыс болыпты. Енді оның атынан садақа берсем оған сауабы тие ме?» – деп сұрады. Пайғамбар (с.ғ.с.) «Иә», – деді. Сонда Сағид (р.а.): «Олай болса, сізді куә қыламын, анамның атынан бағымды Алла жолында садақаға беремін», – деді».
Ана дүниеге аттанған пенде қанша жерден ізгі адам болғанымен, пайғамбар болмаған қарапайым пенденің күнә-қателіктері болады. Ал оны уайымдаған қазақ марқұмның артынан жетісін беріп, арасын суытпай қырқы және жылдығын жасауы мәйіттің ақіреттегі жағдайын уайымдауын білдіреді. Садақада жайылған дастарханнан желінген ас адам бойына күш-қуат беріп, садақадан шыққан соң қызмет жасауға, нәпақа табуға жұмсалады. Міне, сол жолда сарып болған күш-қуаттың пайда болуына себепші болған дастархандағы астың сауабы марқұмға баратынын түсінгеніміз дұрыс.
Бала кезімізде әжелеріміз қайтқан кісінің садақасы, қырқы не жылдығынан тәттілер алып келетін. Соның мән-мағынасына үңіліп қарайтын болсақ терең даналық жатқанын байқаймыз. Әжесінің ұсынған кәмпит, бауырсағын қолына алған бүлдіршін езу тартып, жүзінде қуаныш пайда болады. Міне, сол сәттегі баланың жүрегіндегі қуанышқа себеп болған амалдың сауабы да марқұмға баратынын мына біздер кейін түсіндік. Сондай-ақ садақада айтылған тілектер мен дұғалар, оқылған Құран аяттарының сауабы мәйітке барады. Ал тілектер өз кезегінде сөз шыққан ауыз иесіне де пайдасын береді. Өйткені хадисте «Өзге мұсылманның сыртынан дұға жасалса, дұға жолдаған пендеге періштелер: Ей, пенде, саған да сол тілектер тие берсін» деп дұғасын өзіңе қайтаратыны айтылған. Демек, садақаның, құдайы астың шариғатта негізі бар екенін осыдан аңғарсақ болады.
фото: islam.ruБірақ жаназа кезінде қаралы үйде дастархан жайылмайды. Тек қана жеті күндік, қырық күндік асы деп марқұмға арнап құдайы ас беру құпталады.
«Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деген еді Хакім Абай. Жақындарынан айырылып, қайғырып отырған қаралы үйге тамақ әзірлетіп, кісі күттіріп әбігерге түсіру шариғатқа қайшы іс.
Қазадан қан жұтып отырған шаңыраққа барып, даңғазалыққа салынып қойылған жеміс пен салат жеу өте ұят әрі дөрекі көрініс. Марқұмға Құран оқытып, дұға жасау үшін жайылған дастарханнан тек өліге сауап болсын деп дәм ауыз тисе жеткілікті.
Марқұмның заттарын, киім-кешектерін үлестіріп беру жайлы да сұрақтар бар екенін ескерер болсақ, ислам шариғатындағы мирас ілімінің шарттарына сәйкес лайықты болған мұрагерлер арасында бөлінуі тиіс. Оның заттарын мұрагерлердің рұқсатынсыз ешкімнің тастауға не таратуға құқысы жоқ. Киім, төсек-орын, кітап, үстел-орындық, тіпті оның үстіндегі киімі мен төсек жабдығы да мұрагерлерге қалады. Мұрагерлер өзара келісіп, киімдерін садақа ретінде таратса болады. Не болмаса сатып, ақшасын садақа қылып жұмсаса да құп саналады. Мұрагерлер арасында біреуі марқұмның киімін киемін деп алып қалса да еш қарсылық жоқ.
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз: