Жаңа орта - ЖАҢА ӨМІР
фото: stylishbag.ru
Отбасы мәселесіне немесе басқа да себептерге байланысты мектеп ауыстыру сынды жағдайлар көбіміздің басымыздан өткен болар.
Жаңа мектепке барған кезде балада көптеген қиындықтар туындауы мүмкін. ата-аналар бұған мән бермеуі мүмкін, жұмысбастылықпен немесе баланың жай-күйіне назар аудармастан, уақытша қиындық, кейін үйренісіп кетеді деп жылы жауып қоя салуы да мүмкін.
Бірақ әр бала әртүрлі. Жаңа мектепке, жаңа сыныптастарына бойы үйренгенше олардан оқшауланып, араласа алмай, тұйықталып қалуы да мүмкін. егер балаңыздан осындай белгілерді байқасаңыз, қол қусырып отырмаңыз, балаңызға сіздің көмегіңіз қажет.
Балаңызды жаңа мектепке жетектеп әкелгенде оған МЫНА 9 кеңесті айтыңыз:
1. «Бірінші болып танысуға тырыс! Оқушылар әртүрлі болатындықтан, бірі – танысып, екіншісі – жақтырмай қарауы да мүмкін. Алайда оған көңілің түспесін! Көп достарыңның болғанын қаласаң, бірінші болып таныстықты бастауға қорықпа!
2. Әрдайым көтеріңкі көңіл-күйде және позитивті болуға тырыс. Өйткені, жадырап жүретін жандармен барлығы да танысқысы келеді.
3. Дөрекі сөйлеме! Ешкімге дауыс көтерме!Егер жағымсыз қасиеттеріңді көрсететін болсаң, сені барлығы да ұнатпайтын болады.
4. Сабағыңды жақсы оқы! Екілік, үштік баға алмауға тырыс әрқашан. Бұл – ең бастысы. Сол кезде сені ұстаздар да жақсы көретін болады.
5. Бұзық болма! «Қожа» секілді тентектерді ұстаздар жақсы көре бермейді. Тіпті, мектептен шығарып жіберуі мүмкін.
6. Оқушылар мен ұстаздарға өтірік айтпа. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ» тұтам демекші, шындық су бетіне қалқып шықпай қоймайды. Ал ұстаздарға өтірік айту туралы тіпті ойламасаң да болады. Соңы жақсы болмайтыны анық.
7. Көп қалжыңдама. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген сөз де бар, дегенмен оның да жөні болады.
8. Ең алдымен, айтар сөзіңді ой елегінен өткізіп ал. Өйткені кейбір оқушылар үйге берілген тапсырманы оқымай келіп, «ешкім білмейтін жаңалық» ашатындар да бар. Егер сен де дәл осылай жасайтын болсаң, құрметтен жұрдай боласың.
9. Өзіңнің кім екеніңді ұмытпа! Ешуақытта біреуге ұқсауға, еліктеуге тырыспа. Өйткені, әр адам өз алдына қайталанбас тұлға. Біз өз таңбамызды қалдыру үшін өмір сүреміз!
Осы кеңестерді балаңыздың құлағына құйып, өзін өзі ортаға бейімдеу үшін алғашқы көмекті көрсете аласыз.
Ал екіншіден, ата-ана ретінде балаңызға іс-әрекетіңіз арқылы көмектесесіз. Баланың жаңа мектепке бойын үйретіп, оқуына ден қоюы үшін қолдап жіберіңіз. Ол үшін:
фото: all-aforizmy.ru
Біріншіден баланың сабағын жеңілдететін жағдай жасауға тырысыңыз;
Тұрмыстық жағдай– жақсы тамақтану, тұрақты режим, толыққанды ұйқы, жайлы тұрмыстық жағдай, сабақ оқуға жайлы және ыңғайлы орын;
Эмоционалдық – баланың мүмкіндігіне сенімділік артыңыз, табысты орындауынан үміт күтіңіз, кішкене жетістігі болса да, қуанышыңызды білдіріңіз, баланың оқуына төзімділік, мейірімділік танытыңыз, бала үлгермей жатса қатты сөйлемеңіз;
Мәдени – балаңызды анықтамалармен, сөздіктермен, атластармен, бейнетаспалармен, мектептің оқу бағдарламасына сәйкес кітапшалармен қамтамасыз етіңіз.
Екіншіден, өз балаңызды тыңдаңыз: ол жаттауға, есте сақтауға берген тапсырманы айтып шықсын, жазуға берген мәтінді бөліп - бөліп, асықпай оқыңыз, оқулықтағы сұрақтар бойынша сұраңыз т. с. с.
Үшінші көмек: Өзіңіздің бала кезіңіздегі жетістіктеріңіз туралы айтып, білімдеріңізбен бөлісіңіз.
Төртінші көмек: Ата - ананың назарында баланың бағасы ғана емес, білім болу керектігін есте ұстаңыз. Сондықтан да баланың болашағы туралы ойлап, алған білімінің қай кезде, не үшін қажеттілігін түсіндіріңіз. Баланың оқуға белсенділігін тудыратын отбасылық дәстүрлер мен әдеттер құрыңыз,
Бесінші көмек:Баланың бос уақытын құр қалдырмай, оны мазмұнды әрі, пайдалы етіп өткізуге көмектесіңіз.
Алтыншы көмек: Балаңызды оқу үлгеріміне қарамай, жақсы көретініңізді сездіріңіз.
Жетінші көмек: Балаңызды жан - жақты бақылау үшін және мүмкін көмектер көрсету үшін әрдайым балаңыздың қатысатын үйірмелерінің, факультативтерінің, қосымша сабақтарының сабақ кестесімен танысыңыз.
Балаңыздың қуана мектепке баруы үшін не істеуге болады?
• Оның уақытылы ұйықтауға жатуын қадағалаңыз. Ұйқысы қанбаған бала – сабақта да селқос отырады, қызығушылығы болмайды.
• Мектеп туралы жаман пікір айтпаңыз, баланың көзінше мұғалімдерді сөз қылмаңыз.
• Бала тапсырмаларға, мектептен әкелген кітаптарына сіздің қызығушылық танытып, қадағалайтыныңызды көрсін.
• Өзіңіз оқыңыз, бала ата - аналарының бос уақытын тек теледидар мен компьютер алдында өткізбейтінін білсін, көрсін.
• Балаңыздың компьютерлік ойындарды ойнауын 20 минуттан асырмауыңыз тиіс.
• Балаға өз ойын жазбаша жеткізуді үйретіңіз: онымен хат жазып алмасыңыз, бірге хат жазыңыздар. Егер бала сізбен қатты әсер алған оқиғасымен бөліссе – сол оқиға жайлы әңгіме құрастырып жазуын өтініңіз, ал кешкісін оны барлық отбасы мүшелеріне оқып беріңіз.
• Мектеп пен сынып өміріне үнемі белсенділік танытыңыз. Балаға оның мектебінің сіздің өміріңіздің маңызды бөлігіне айналуы жақсы әсер етеді.
• Мектепте сіздің балаңыз өзіне деген өте жағымсыз қатынасқа қақтығысып қалуы мүмкін. Ондай кезде барлығы әрқашан іске аса бермейтінін түсіндіріп, осы сәтте балаңыздың өзіне деген сенімін жоғалтпауына көмектесіңіз.
• Кейде бала мектептегі жағымсыз жағдайларды жүректеріне жақын қабылдап қалуы мүмкін. Әркез оған ненің маңызды, ненің аса маңызсыз екенін үйретіңіз.
• Балаңызға ұрыссаңыз, «Сен үнемі солайсың», «Сен мүлдем айтқанды ұқпайсың», «Қашан көрсең де сен бүлдіріп жүресің» деген сөздерді қолданудан аулақ болыңыз. Негізінде сіздің балаңыз әрқашан жақсы, тек бүгін ғана бір нәрсені дұрыс істемеді. Осы туралы оған айтыңыз.
• Әдетте бала жаман қылық істегенде ол ұялу сезімін бастан кешіреді. Ал сіз оны жазалағанда, оның ұялу сезімі өшеді. Ал бұл қауіпті.
Мектеп бала үшін жаңа өмір. Баланы мектепке дайындау маңызды, мектеп өміріне бейімделуден өтпеу мүмкін емес, бірақ оны едәуір немесе жартылай болсын жеңілдету - орындауға болатын міндет.
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз: