​Арықтауға көмектесетін ақуызға бай омлеттер мәзірі

0
3 444


​Арықтауға көмектесетін ақуызға бай омлеттер мәзірі

Таңғы асқа өте дәмді әрі пайдалы омлеттер мәзірін ұсынамыз.

Әсіресе бұл тағамды арықтауға ниеттеніп жүргендер жасаса, сымбаты сымдай тартылып, көктем мезгілінде гүлдей құлпырып шыға келеді. Егер таңғы асқа тойымды, сонымен бірге дәруменге, ақуызға бай тағамды дайныдайтын болсаңыз, түске дейін қарныңыз ашпайтын болады. Ендеше еш ойланбай, пайдалы асты жасап көріңіз!


Жұмыртқа омлеті

Қажетті қоспалар:

  • 3 дана жұмыртқаның ақ уызы
  • 180 мл сүт
  • Дәміне қарай тұз қосылады.

Дайындалу тәсілі:

  1. Жұмыртқаның сыртқы қабығын тазалап жуып, жарамыз да ақ уызын сары уызынан бөліп аламыз.
  2. Сосын жұмыртқаның ақ уызын тазалап жуылған табаққа салып, венчиктің көмегімен жақсылап көпіршітеміз. Дәміне қарай азырақ тұз қосыңыз. Тағам диеталық болғандықтан да тұзды барынша аз салуға тырысыңыз.
  3. Көпіршітілген жұмыртқаның ақ уызына сүтті құйып, жай ғана араластырыңыз.
  4. Егер үйіңізде арнайы буқазан болса сонымен пісіре берсеңіз болады. Мұндай қазаныңыз болмаған жағдайда табаға да пісіре аласыз.
  5. Біз бүгін буқазанмен пісіріп көрейік. Буқазанның ыдысына су құйып, торын қойыңыз да оның ұстіне арнайы ыдысты жайғастырыңыз. Осы ыдысқа омлетті құясыз. Қажетті режимге қойып, буқазанның қақпағын жауып қойыңыз.
  6. 15-20 минутта буға піскен омлет те дайын болады.
  7. Дайын омлетті майдалап туралған аскөкпен жей беруге болады.


Жасыл бұршақ пен жұмыртқа омлеті


Қажетті қоспалар:

  • 100 гр. жасыл бұршақ
  • 80 мл сүт
  • 3 дана жұмыртқа
  • 10 гр. ақжелкен
  • 1 ас қасық өсімдік майы
  • Дәміне қарай қара бұрыш пен тұз қосылады.

Дайындалу тәсілі:

  1. Консервіленген жасыл бұршақтың суын төгіп, кептіріп аласыз.
  2. Табаққа жұмыртқаны жарып салып, сүтті құйып, венчикпен жақсылап араластырыңыз. Дәміне қарай қара бұрыш пен тұз қосып, тағы да араластырып жіберіңіз.
  3. Сүттің орнына майлылығы төмен кілегей қосуға да болады. Сонда омлет дәмді бола түседі.
  4. Ақжелкенді майдалап турап алыңыз. Ақжелкеннің орнына қалауыңызға қарай аскөк, кинза немесе көк пияз қоссаңыз да болады.
  5. Табаға 1 ас қасық өсімдік майын құйып, жасыл бұршақты салып 2-3 минут қуырасыз. Сосын жұмыртқа мен сүт қосылған араласпаны құясыз.
  6. Барлығын араластыра отырып, 2-3 минут отта ұстаңыз. Кейіннен табаның қақпағын жауып, 2-3 минут бұқтырыңыз да, майдалап туралған ақжелкенді саласыз. Бір араластырып жіберіп, омлетті тәрелкеге салыңыз. Өте пайдалы омлет те дайын!

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Жетісайлық келін ешқандай дәрі-дәрмексіз 40 келіге арықтап жұртты таңқалдырды



Заманауи аппараттармен ЖАТЫП-АҚ арықтауға болады