​Дұрыс тамақтану - диета емес

0
3 636

Тамақтануды түрлендіру арықтауға әрі тамақтану режимін бұзбауға айтарлықтай әсер етеді.


​Дұрыс тамақтану - диета емес

Көп адам денсаулыққа зияны тимейтіндей етіп арықтауды қалайды. Бірақ қалай дұрыс тамақтану керектігін білмегендіктен олар қиналып қаламыз деп ойлайды. Алайда дұрыс тамақтану – диета емес. Тамақтану рационға пайдалы әрі дәрумендерге бай тағамдарды қосу арқылы Сіз денсаулығыңызды да нығайтып, салмағыңызды да азайта аласыз. Тіпті, қол жетімді азық-түліктермен тамақтану рационын құрып, өте дәмді тамақтану мәзірін жасауға болады. Дұрыс тамақтануды қаласаңыз, алдымен мына ережелермен танысып алыңыз.

Дұрыс тамақтану мәзірі өте дәмді әрі пайдалы болуы керек. Тек қана көкөністерден немесе тауық етінен, ботқалардан ғана құрылған ас мәзірі кімді де болсын жалықтырып жібереді. Сол себепті де рационға ет қосылған тағамдар мен қышқыл сүт өнімдерін қосыңыз. Сонымен қатар теңіз өнімдері, аскөк пен жеміс-жидектерді қосу керек.

Әйелдер үшін бір күндік норма – 1200 ккал болса, ер-азаматтар 1800 ккалорияға дейін жеткізсе болады. Тамақтың құрамында ақуыз, майлар мен көмірсулардың болуы маңызды. Егер калориясы бұдан төмен диетаны ұстанатын болсаңыз, бұл дұрыс тамақтануға жатпайтынын біле жүргеніңіз дұрыс. Егер ккалорияны азайтқан жағдайда міндетті түрде диета бұзылып, өзіңіздің де әлсіреп қалуыңыз ғажап емес.

Ең дұрысы өзіңізге ұнайтын тағамдардан бас тартпау. Сырниктер мен түрлі тұздықтарды жақсы көретін болсаңыз, оны да пайдалы қоспалармен жасап, жеуге әбден болады. Бірақ газды су, кондитерлік өнімдер, чипсы секілді зиянды тағамдарды азайтып, тіпті, рационнан шығарып тастауға кеңес береміз. Қазіргі таңда кондитерлік өнімдерді де калориясы аз, пайдалы өнімдерден жасауға мүмкіндік бар.

Күніне міндетті түрде 4-5 рет тамақтану керек дегенді жиі естіп жүрген боларсыз. Бұл қатып қалған қағида емес. Өзіңіздің үйреншікті тамақтану уақытыңызбен қалаған уақытыңызда тамақтана аласыз. Мәселен, таңертең және кешкі уақытта ғана тамақтанғыңыз келсе, дәл солай дасауға ешкім кедергі келтіре алмайды. Күн сайын 4-5 рет тамақтану керек екен деп, өзіңізді қинап бірдеңе жеудің қажеті шамалы. Қарынның ашқанын сезген кезде ғана тамақтанғаныңыз дұрыс.

Тамақтануды түрлендіру арықтауға әрі тамақтану режимін бұзбауға айтарлықтай әсер етеді. Мысалы, қарақұмық пен тауық етін ғана дайындамай, тауық етінің орнына ет немесе балық қосуға болады. Сондай-ақ, көкөністер мен жеміс-жидектер, аскөк пен жаңғақ ағзаға қажетті минералды заттар мен дәрумендердің қайнар көзі екенін ұмытпаңыз.


1 аптаға арналған дұрыс тамақтану мәзірі


Дүйсенбі

Таңғы ас: сұлы ботқасы мен жемістер, жаңғақ пен бал.

Түскі ас: көкөністер мен тауық еті, аскөк қосылған пеште піскен пирог.

Бесін ас: 1 уыс жаңғақ пен сүзбе.

Кешкі ас: Тауық еті, қарақұмық, салат жапырағынан дайындалған котлеттер.

Сейсенбі

Таңғы ас: қара нан, сүзбелі ірімшік, балық.

Түскі ас: қызанақ қосылған езбе сорпа, авокадо мен теңіз өнімдері қосылған салат.

Бесін ас: балғын жеміс-жидектер.

Кешкі ас: баялды, болгар бұрышы, кәді мен еттен дайныдалған бұқтырма.

Сәрсенбі

Таңғы ас:қуырылған жұмыртқа мен қара нан.

Түскі ас: көкөністер қосылған буға піскен тағам.

Бесін ас: алма немесе алмұрт.

Кешкі ас: пеште піскен балық пен балғын көкөністерден дайындалған салат.

Бейсенбі

Таңғы ас: омлет, ірімшік пен қара нан.

Түскі ас: жеңіл тауық еті қосылған сорпа, балық еті қосылған салат.

Бесін ас: айран мен банан.

Кешкі ас: пеште піскен ет пен қайнатылған қарақұмық.

Жұма

Таңғы ас: сұлы жармасынан дайындалған сырниктер, кез-келген бір жеміс.

Түскі ас: тауық еті қосылған палау, қызылша салаты.

Бесін ас: 1 уыс жаңғақ пен алма.

Кешкі ас: кәді мен минтай балығы қосылған пісірме.

Сенбі

Таңғы ас: сұлы ботқасы мен жемістер, жаңғақ пен бал.

Түскі ас: көкөністер мен тауық еті, аскөк қосылған пеште піскен пирог.

Бесін ас: 1 уыс жаңғақ пен сүзбе.

Кешкі ас: Тауық еті, қарақұмық, салат жапырағынан дайындалған котлеттер.

Жексенбі

Таңғы ас: сүзбе, жемістер мен бал.

Түскі ас: майсыз борщ, қырыққабат қосылған салат.

Бесін ас: көкөністерден дайындалған салат.

Кешкі ас: пеште піскен ет пен қайнатылған күріш.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Май басуға тосқауыл қоятын ас мәзірі


Маш пен көкөністерден дайындалатын диеталық тағам