​Фитнес-диета - салмақ тастаудың заманауи түрі

0
1 032

Фитнес пен диетаны қатар алып жүрсеңіз, міндетті түрде арықтайсыз!


​Фитнес-диета - салмақ тастаудың заманауи түрі


Жаттығу залына баруды жоспарлап жүрсіз бе? Арықтағыңыз келе ме? Олай болса, фитнес пен диетаны қатар алып жүруге кеңес береміз. Бірақ бұл ретте қарапайым диеталар көмектеспеуі мүмкін. Ол үшін арнайы фитнеске арналған емдәм түрлері бар. Өте әдемі сымбат иесі болуды қалайтын қыз-келіншектер тамақтануға аса мән беріп, калориясы тым жоғары тағамдардан бас тартады. Сіз де осылай жасасаңыз, мақсатыңызға жетесіз.

Үнемі жаттығумен шұғылданып, фитнес залдан шықпайтын аруларға диетологтар көбірек көмірсулар мен майлы қышқылдарды рационға қосуды ұсынады. Әсіресе омега-3 майлы қышқылы ағазаға өте пайдалы. Күніне орташа есеппен майлар – 20%, ал ақуыз – 30%-ды құрағаны дұрыс. Осылай тамақтанған жағдайда, оған спортты қосатын болсаңыз, сымбатыңыз тартыла түседі.

Фитнес диетаға қойылатын ең бірінші талап: күніне 4-5 рет тамақтану, сонымен бірге суды көп ішу. Суды қанша ішкеніңізге қарай, жаттығулардың нәтижесі де тез байқала бастайды.


Фитнес диетаға арналған 1 күндік мәзір

Таңғы ас:

Ұйқыдан тұрғаннан кейін 15 минуттан соң бөлме температурасында тұрған 1 стақан су ішіңіз. Суға жарты шай қасық бал қосып ішуге де болады. Содан соң жарты сағат өткеннен кейін ақуызға бай таңғы ас ішесіз. Майсыз қуырылған жұмыртқа немесе қызанақ қосылған жұмыртқа омлетін дайындасаңыз болады.

Екінші таңғы ас:

Бір тілім қара нан мен бір тілім ірімшік. 100 гр. сұлы ботқасы.

Түскі ас:

50 гр. буға піскен қарақұмық немесе макарон, 100-150 гр. тауықтың төс еті немесе қызыл балық, көкөніс салаты.


Жаттығу алдындағы тіскебасар:

100 мл майсыз йогурт немесе жидектер қосылған сүзбе.

Жаттығудан кейінгі тіскебасар:

1 дана алма, апельсин немесе жарты бөлік грейпфрут жеуге болады.

Кешкі ас:

Тауық етінен дайындалған бір котлет немесе көкөніс салаты мен буға піскен майсыз ақ балық. Ұйықтардан 1,5-2 сағат бұрын майсыз 1 стақан кефир ішуге болады.


Есте сақтаңыз!

Егер жаттығу залына таңертеңгі уақытта баратын болсаңыз, одан кейін 1,5 сағаттан соң таңғы ас ішу керек. Ал жаттығуды күннің екінші жартысына жоспарлаған болсаңыз, жаттығуға дейін 2-3 сағат бұрын тамақтанып, 1 сағат қалғанда тіскебасарды жеп алуды ұсынамыз. Сондай-ақ, кешкі асқа жаттығудан кейін 2 сағат өткенде отырасыз. Тіпті, жаттығу залына баруды түнгі уақытқа қалдырсаңыз, ондайда кешкі асты ертерек ішіп, 1,5 сағаттан соң жаттығумен шұғылдана аласыз.


Жаттығу залына бармайтын күндері мына мәзір бойынша тамақтаныңыз:

Таңғы ас:

1 стақан бал қосылған су. 30 минуттан кейін жидектер қосылған сүзбе.

Екінші таңғы ас: 100 мл табиғи йогурт, 100-150 гр. банан мен жүзімнен басқажемістер.

Түскі ас: жеңіл көкөніс сорпасы немесе қайнатылған күріш, қарақұмық, көкөніс салаты. 100-150 гр. тауықтың төс еті немесе буда піскен ақ балық.

Бесін ас: 50 гр. жаңғақ немесе зәйтүн майы қосылған сәбіз салаты.

Кешкі ас: 1 порция балық пен көкөніс салаты. Ұйқыға жатардан 1,5-2 сағат бұрын 1 стақан майсыз айран ішіңіз.


Фитнес-диета қандай нәтижеге жеткізеді?

Жаттығу мен диетаны қатар алып жүру арқылы қысқа мерзім ішінде дене-бітіміңіз тартылып, теріңіз де жарқырай бастайды. Алайда жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін фитнесті де, диетаны да ұзақ уақыт бойы жалғастыру ұсынылады.

Дайындаған: Қ.Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Лимон қосылған кофе бір айда 5 келі салмақтан арылтады