Мүлде семірмеуге бола ма?

0
974

Бір күндік тағам калориясы әйелдер үшін 1100-1200-ден, ал ер азаматтар үшін 1300-1400-ден аспағаны мақұл.


Мүлде семірмеуге бола ма?

Артық салмақтан арылып, фигураны бір қалыпты ұстап тұру көптеген адамдардың арманына айналған. Себебі біраз уақыт дұрыс тамақтанып, белгілі бір емдәм мәзірі бойынша диетада жүреді. Соның арқасында 4-5 келі салмақ тастайды. Алайда 1 апта өтпей-ақ сол артық майды қайта қосып алатыны жасырын емес. Мұндайды басынан өткізіп жүргендер жақсы түсінеді. Тіпті, бұл жағдай бір рет қана емес, бір адамның басынан бірнеше рет өтуі мүмкін. Сүрінген адам өз қателігінен сабақ алады дейді, бірақ арықтау мәселесінде, яғни, нәпсіні тыюға келгенде көпшілігіміз әлсіздік танытатынымыз рас.

Диетологтартың айтуынша салмақты бір қалыпты ұстап тұру үшін, біріншіден, дұрыс тамақтану керек. Яғни, теңдестірілген тамақтану тәртібі болғаны дұрыс. Басты мақсат салмақ тастау әрі бірқалыпты ұстау болса, мұндай диеталық тағамның құрамында: көкөністер мен жемістер, түрлі жармалар, майсыз ет пен сүт өнімдері, өсімдік майлары аз көлемде болуы керек. Сонымен қатар, күніне аз-аздан әрі 4-6 рет тамақтанасыз.

Екіншіден, тағамның құрамы тек табиғи азық-түліктерден құралуы керек дейді диетологтар.

Үшіншіден, әртүрлі тағамдарды дайындаңыз. Себебі көпшілік адамдар тағамның біркелкі болуынан диетаны тез тастап кетеді екен. Сондықтан да емдәм үзіліп қалмауы үшін тағам өте дәмді әрі пайдалы болсын.



Бір күндік тағам калориясы әйелдер үшін 1100-1200-ден, ал ер азаматтар үшін 1300-1400-ден аспағаны мақұл. Тағам калориясын осы мөлшерден азайтпаңыз, өйткені бірден тағам көлемін азайту диетаның үзілуіне әкеледі. Екі-үш күн өте аз мөлшерде тамақтанып, төртінші күні дұрыс тамақтануды тоқтатуыңыз ғажап емес. Мұндай өзгерістен кейін жоғалтқан салмақты қайта қосып, бұрынғы қалпыңыздан да толысып кетуіңіз мүмкін.

Тағам құрамындағы ақуыз мөлшеріне көңіл бөліңіз. Сондай-ақ, аминқышқылдарының көлемін де азайтпау өте маңызды. Бұл заттардың барлығы зат алмасудың баяулауына, тері мен шашқа, ми жұмысына, тіпті, арықтауға да айтарлықтай әсер етеді. Ақуыз бен аминқышқылдары мөлшерден асып та, азайып та кетпеуі керек.

Пайдалы майлардың мөлшерін де азайтпаған дұрыс. Дегенмен майларды көп тұтыну фигураның бұзылуына әкелетіні сөзсіз. Ал азайып кетсе, тіптен жаман. Онда денсаулығыңыз сыр беріп, зам алмасу жүйесінің жұмысы бұзылады. Сонымен қатар, дәрумендердің ағзаға сіңуіне де дәл осындай пайдалы майлар әсер ететінін ұмытпауымыз керек. Ендеше майлар да тамақтану мәзірінен алынбауы да, көбеймеуі де керек.

Ағзаға дәрумендер мен минералды заттар, жасұнық күн сайын жеткілікті түрде түсіп тұруы керек. Ол үшін көкөністер мен жемістер жеуге тура келеді. Егер жасұныққа бай тағамды тұтынатын болсаңыз, қарынның тез ашуына жол бермейді. Біраз уақытқа дейін тоқ жүретініңіз сөзсіз. Ал, қуырылған, майлы тағамдар зиянды болуымен қатар, сіңуі де жай болады.

Су ішу режимін де дұрыстау керек. 1 кг салмаққа кем дегенде 30 мл су ішесіз. Мысалы, салмағыңыз 70 келі болса, күніне 2 литрден аса су ішу керек болады. Суды ішудің де ережелері бар. Ең алдымен таңертең ашқарынға 200 мл бөлме температурасындағы әрі сүзгіден өткен таза су ішесіз. Содан соң қалған бөлігін күні бойы ішіп тауысу керек. Суды тамақтан жарты сағат бұрын ішсеңіз, зат алмасу мен ас қорыту жүйелерінің жұмысын қалыпты етуге көмектеседі.

Егер осы кеңестерге құлақ асып, дұрыс тамақтануды қолға алатын болсаңыз, аз-аздан тамақ ішіп-жеуді үйренесіз. Сонымен қатар салмақ қосу қаупі де болмайды.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Күзде салмақ тастаудың амалы бар


Ашуланғанда тамақты көп жейсіз бе?