ФИТБОЛ добымен ЖАТТЫҒУ бәріңізге пайдалы

0
869

Оны тек жүктілер қолданады десеңіз, қателесесіз...


ФИТБОЛ добымен ЖАТТЫҒУ бәріңізге пайдалы

Фитбол добын көпшілік тек жүкті әйелдер қолданады деп ойлайды. Негізінде ол аяғы ауырларға ғана емес, бәріне пайдалы болатын, өте қажетті жаттығу құралы. Кімдерге керек және қалай қолданады – толығырақ төменнен оқыңыз.


ФИТБОЛ және ОТЫРЫҚШЫ ӨМІР

Күні бойғы уақытын бір орында отырып өткізуге тура келтін жандар фитболды орындық орнына қолданса болады. Сонда омыртқа мен қарын тұсындағы тұрақтандырғыш бұлшықеттер жақсы жұмыс істейтін болады. Доп үстінде отырғанда болмашы қимыл-қозғалыстың өзі қанайналымды жақсарта түседі. Ал орындық не креслода отырғанда мұндай әсер болмайды.


ФИТБОЛ және БҰЛШЫҚЕТ

Фитбол добының фитнесте қолданыс аясы өте кең. Онымен отырып, жатып, тұрып, секіріп, допты көтеріп-түсіріп, қысып-босатып түрлі жаттығулар жасауға болады.

  • Фитболды жауырын тұсына қойып, шалқалап жатыңыз. Екі аяқ еденге тіреліп тұрады. Қолды желке тұсында айқастырып ұстаңыз. Енді фитболды домалата отырып басыңыздың тұсына апарыңыз. Арқа доп үстінде болмауға тиіс және еденге горизонталды қалпын сақтау қажет. Допты қайтадан жауырын тұсына қарай дөңгелетіңіз. Осы қимылды бірнеше рет қайталау керек.


  • Бір қалыпта ұзақ уақыт отырғаннан кейін омыртқаның иілімділігін және аяқ бұлшықеттерін жаттықтыру керек. Ол үшін фитбол добының жанына тұрып, бір аяқты тізеден бүгіп, доп үстіне қоясыз. Аяқты созу арқылы допты артқа қарай домалатқанда арқаны тік ұстаған қалыпта басты еңкейту қажет. Еденге тірелген аяқты аздап бүгуге болады. Бастапқы қалыпқа келіңіз. Осы қимылды бірнеше рет қайталаңыз. Сосын екі аяқтың орнын ауыстырып, жаттығуды келесі аяққа жасайсыз.


ФИТБОЛ және ЖҮКТІЛІК

Жүкті әйелдерге фитболда қандай жатығуды жасау керегін денсаулық жағдайына қарап дәрігер тағайындауға тиіс. Алайда, бәріне бірдей жасауға болатын әмбебап түрі – доп үстінде отырып әрлі-берлі тербетілу. Бұл жамбас бұлшықеттеріне массаж әсерін береді, жамбас буынының ашылуына ықпал етеді.


ФИТБОЛ және БАЛАЛАР

Фитбол добын балаларға қолданудың ең жиі кездесетін себебі – іш массажы. Бұл асқорытуды жақсартады және іш кебуімен күресуге көмектеседі.

Сондай-ақ, балалар көбінесе екі аяқты қосақтап секіруді меңгеру кезінде қиындықтарға тап болады. Сондайда мына жаттығуды жасатуға болады.


Баланы доп үстіне отырғызыңыз. Екі аяғын екі жаққа жіберіп, денесін аздап еңкейтіңіз. Егер баланың аяғы еденге жетпейтін болса, кішірек допқа алмастыру қажет. Енді қолмен көмектесіп, доп үстінде секіртіңіз. Қозғалыс механикасын түсініп алған соң бала өзі де белсенді түрде секіретін болады. Сіздің қызметіңіз тек доптан құлап түспеуін қадағалау.

Әрбір үйде фитбол добы болса, артықтық етпейді. Арқасы құрысқан әке, омыртқасы майысқан ана, қозғалыс координациясы жақсы қалыптаспаған бала, жүкті әйел,аяғы ауыратын қария – бәрі онымен денсаулығына пайдалы жаттығу жасай алады.

Дайындаған: А. Бектұрғанова,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ТАБАНҒА жаттығу жасасаңыз, бетіңіз ЖАСАРАДЫ