Тыныс алу жаттығуымен біріктірсе, массаж әсерін береді
Жұмыс жайымен күні бойы орындықта отыруға мәжбүрсіз бе? Бұрын отырықшы өмір салты асқорыту жолының жұмысын нашарлатып, метаболизмнің бұзылуына, артық салмақ жинауға себеп болатын. Ал отырған қалыпта мына жаттығуларды жасасаңыз, орындық аталған мәселелердің себебі емес, шешіміне айналады.
Өте қарапайым жаттығулар іш аймағындағы висцеральды майды азайтып, іштің көлемін кішірейтеді. Сонымен қатар асқорытуды жақсартады.
- Орындықта айналу
Орындықтың арқалығына қырын қарап, арқаны тік ұстап отырыңыз. Демді баяу шығарып, денеңізді жаймен орындық арқалығына қарай бұрыңыз. Екі қолмен арқалықтан ұстап көмектесуге болады. Осы қалыпта еркін тыныстап 5-6 секунд тұрыңыз. Асықпай тыныс ала отырып, денені қайта бастапқы қалыпқа келтіріңіз. Осыны 30 секунд қайталаңыз. Сонсоң келесі қырыңызбен отырып, жаттығуды 30 секунд бойы қарама-қарсы жақпен жасаңыз.
Көріп отырғаныңыздай, жаттығу бір-ақ минут уақыт алады. Егер оны тыныс алу жаттығуымен біріктірсек, массаж әсерін береді. Бұл асқорытуды, абдоминальды аймақтағы метаболикалық процестерді жақсартады. Дененің иілімділігін, төменгі арқа ұтқырлығын арттырады. Иық пен мойын аймағына түсетін жүктемені азайтады.
- Тізеге тартылу
Орындыққа отырып, екі қолды желке тұсында айқастырып ұстаңыз. Демды шығарғанда оң аяқты тізеден жоғары көтеріп, сол қолдың шынтағын төменге қарай созып, екеуін түйістіріңіз. Демді ішке тартқанда аяқ пен қолды бастапқы қалыпқа келтіресіз. Осылайша 30 секунд жасаңыз. Соңыра жаттығуды тағы да 30 секунд сол аяқ пен оң қол шынтағымен қайталаңыз.
Жаттығу дене сымбатыңызға оң әсер етумен қатар, иыққа, мойынға және иық пышақтарының астындағы аймаққа жүктемені азайтуға көмектеседі. Алдыңғы жаттығу сияқты асқорытуды жақсартуға көмектесетін, іш аймағындағы кернеуді азайтатын және іш аймағындағы зат алмасу процестерін жақсартатын массаж әсеріне ие.
- «Мысық – сиыр» жаттығуы
Орындыққа тік отырыңыз.Қолды тізеге қойыңыз. Дем алу кезінде баяу қимылмен арқаны бүкірейтіп, сыртқа қарай джоға жасаңыз. Осы қалыпта тұрып демді шығарамыз да, арқаны қайқайтып, ішке қарай доға жасаймыз. Жаттығуды баяу темппен 1 минут бойы қайталаңыз.
Бұл жаттығуды еденге төртаяқтап тұрып жасау өте пайдалы екені белгілі. Орындықтағы нұсқасы да әсері жағынан кем түспейді. Кеңсе қызметкерлері үшын ыңғайлылығы бір төбе. Төменгі арқа, төменгі арқа, иық және мойын аймақтарындағы стрессті азайтуға көмектеседі. Жаттығу кезінде айтылған нұсқау бойынша дұрыс тыныс алсаңыз, іш аймағындағы (тері астындағы және висцеральды) майдың ыдырауын тездететін массаж әсерін аламыз.Сонымен қатар асқорытуды жақсартады.Іштегі және денедегі ісінуді азайту үшін де жақсы жұмыс істейді.
Аударған; Бек КЕРІМ,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: