Сүт безі ҚАТЕРЛІ ІСІГІНІҢ алдын алатын 5 ЖАТТЫҒУ

0
2 196

Барлық әйелдер жасауы керек, әсіресе, 50 жастан асқанда.


Сүт безі ҚАТЕРЛІ ІСІГІНІҢ алдын алатын 5 ЖАТТЫҒУ

15-қазан – Дүниежүзілік сүт безі қатерлі ісігімен күресу күні. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бұл дерт әлем бойынша әйелдер өлімінің негізгі себептерінің бірі болып тұр. Жыл сайын әлемде осындай диагнозбен 2 300 000 жайт анықталады екен. Мамандар аурудың қарқынды дамып келе жатқанын және көбіне 40 жасқа дейінгі адамдарда кездесетінін айтады.

Қорқынышты және сақтану шараларының маңызын ұқтыратын статистика.


Сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу үшін жыл сайын профилактикалық тексеруден өту керек. Профилактикалық тексеру гинеколог-маммологқа қаралудан басталады. Маман анамнез жинайды, сүт бездерін, аксиларлы, жатыр мойны, супраклавикулярлы лимфа түйіндерін пальпациялайды. Қажет болған жағдайда медициналық ұсыныстар береді және емдеу тағайындайды.

Профилактикалық зерттеулер:

• Сүт бездерінің және қолтық асты лимфа түйіндерінің ультрадыбыстық зерттеуі – жылына кем дегенде бір рет;

• Гинекологқа жылына кемінде екі рет бару;

• Маммография – екі жылда бір рет жеткілікті;

• Дәрігер тағайындаған ісік маркерлеріне қан анализі;


Сүт бездері қатерлі ісігінің алдын алу шараларына физикалық жаттығуларды да қосуға болады.

1-жаттығу

Қабырғаға қарама-қарсы тұрып, иық деңгейіне екі қолыңызды тіреңіз. Арқаңызды тік ұстап, белді бүкпестен, кеудеңізді қабырғаға барынша жақындатыңыз. Қол шынтақ тұсынан бүгіледі. Тура жерден көтерілу (отжимание) жаттығуы секілді, тек жерге емес, қабырғаға жасалады. Кем дегенде 10-14 рет қайталаңыз.

2-жаттығу

Тегіс жерге шалқалап, тізеңізді бүгіп жатыңыз. Екі қолды екі жаққа созып, түзу ұстаған күйі баяу жоғары көтеріңіз. Тура солай баяу, қолдың салмағын сезіне отырып қайта төменге түсіріңіз. 10-14 рет қайталаңыз. Егер жаттығудың әсері аз деп санасаңыз, қолға жеңіл салмақты гантель ұстауға болады.


3-жаттығу

Алдыңғы жаттығуды орныңыздан тік тұрып жасаңыз. Екі аяқты иық деңгейіне қойыңыз. Демді ішке тартқанда қолдарыңызды жылдам екі жаққа жайып, барынша артқа қарай созыңыз. Дем шығарғанда қайта алдыға қарай жиналады. Осылайша қайталау 10-14 реттен кем болмасын. Қиындық туғызбаса, екі қолға гантель ұстау артық болмайды.


4-жаттығу

Бастапқы қалып: екі орындықтың алдында тізерлеп тұру. Әр орындықтың отырғыштарына алақаныңызды тіреңіз. Дем алған кезде қолыңызды бүгіп, кеудеңізді мүмкіндігінше төмен түсіріңіз. Дем шығарған кезде бастапқы қалыпқа оралыңыз. 1-жаттығуға ұқсайды, тек бұл жолы қабырға орнына орындық қолданылады. Кем дегенде 10-14 рет орындаңыз.


5-жаттығу

Арқаны тік ұстап тұрып, кеуде тұсында алақандарыңызды беттестіріңіз. Дем алған кезде бір-біріне барынша күшпен басыңыз. Демді, алақандағы қысымды ұстап 7 секунд тұрыңыз. Демді шығарып, алақанды да жаймен босатасыз. Осылайша кем дегенде 10-14 рет қайталаңыз.


Бұлшықеттерді жаттықтырудың емдік әсерін, аурудың алдын алудағы ықпалын елемеуге болмайды. Жаттығулар қатары да жоғарыда айтылғандармен шектелмейді. Кеуде, арқа және гипохондрия бұлшықет жүйесінің бүкіл арсеналын белсендіретін жаттығулардың бәрі дерлік пайдалы.

Жаттығу кезінде ауыр салмақты гантель қолданып, ағзаға артық жүктеме салу міндетті емес. Өзіңізге ыңғайлы режимде жұмыс істеу жеткілікті. Тек жаттығуларды бұлшықеттерде қыздырыну сезімін сезінгенге дейін көбірек қайталауға болады.

Бұлшықеттердің белсенділігі төмендесе, олар атрофияға ұшырайды. Өз кезегінде бұлшықеттегі тамырлар дегенерацияға ұшырап, нәтижесінде сүт бездері түтіктері бітеліп қалады. Бұл процесс, әсіресе, бала емізуді тоқтатқаннан кейін жылдам қарқынмен жүреді. Ал, жоғарыда айтылған жаттығулар сүт бездері түтіктерін сапалы түрде тазартып, бітелуден сақтайды.

Жасыңыз ұлғайған сайын өз денсаулығыңызға көбірек көңіл бөліңіз. Жалқаулықты қарттықпен ақтауды доғарып, түрлі аурулардың алдын алу жолында еңбектеніңіз. Дәрі-дәрмек пен хирургиялық жолдарға жүгінбеудің жалғыз жолы – осы.

Дайындаған: А. Бектұрғанова,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Бір орында ҰЗАҚ отырсаңыз, ТРОМБ пайда болу қаупі жоғары