​Ең ерекше 10 ОЯТҚЫШ: ұйқыдан АНАҢДАЙ ЕРКЕЛЕТІП тұрғызады

0
1 033

Дәмді таңғы ас, таңғы кофе, таңғы жаттығу, таңғы серуен... – басқа да ең пайдалы нәрселерді беретін оятқыштар


​Ең ерекше 10 ОЯТҚЫШ: ұйқыдан АНАҢДАЙ ЕРКЕЛЕТІП тұрғызады

Фото: cdn.lifehacker.ru

Күн салқындай бастағаннан жылы көрпені қимастық сезімі күшейеді. Әсіресе, жұмыс, сабақ, тағы басқа тығыз шаруамен таңда ерте тұруға міндетті болсаң.

Кейде телефон оятқышы, қоңыраулы сағат та көмектесе алмай қалады. Өшіру тетігін басып тастап, жылы төсек пен тәтті ұйқы құшағында әрі қарай пысылдай түсесің.

Бірақ, бұлайша тәтті ұйқыны ұзартқанмен, күніңді қысқартып аласың. Кешігу, шаруадан қалу, жоспардың бұзылуы сияқты салдары көп. Сондықтан, таңда маңызды шаруаң болса, оны қалдырмай, ұйқымен түнге дейін қоштаса тұрған абзал.

Таңертең ұйқыдан тұруды жеңілдетуге, тіпті жағымды етуге заманауи, ерекше әрі көңілді оятқыштар көмектеседі.


  • «Тік тұр!»

Атауына қарап, бұйрық беріп оятады екен деп ойламаңыз. Ерекшелігі сол, белгіленген уақытта дабыл бергенде оны өшіру үшін адам оятқыштың үстінде тік тұруға тиіс. 15 секундтан артық уақыт тұрмаса, оятқыш тынышталмайды. Осы уақыт аралығында оятқыш үстінде тұрып-ақ таңғы жаттығу жасап жіберсеңіз, ұйқыңыз шайдай ашылатыны анық.


  • Қоңыраулы тапанша

Мұндай оятқыштың ұйқының шырқын бұзған шырылын өшіргіңіз келсе, орныңыздан міндетті түрде тұрасыз. Ол аздай, тапаншасын алып, ұшып жүрген нысананы көздеу де керек. Ол үшін, әрине, көзді уқалап, ашып-жұмып, ұйқы пердесін әрі ысыруға мәжбүрсіз. Әйтпесе, нысананы анық көріп, дөп тигізу екіталай. Осылайша, оятқыш өзі өшемін дегенше, сізді «қосып», жаңа күнге толық дайын қылады.


  • Ұшпалы оятқыш

Ұшпалы оятқыш ұйқысын қимай жатқан жанды төсегін тәрк етуге мәжбүрлейді. Өйткені, дабылын сөндіру үшін ауада қалықтап жүрген жерінен ұстап алып, өз қондыру станциясына орналастыру қажет. Оны қуамын деп жүріп үй ішін бірнеше рет айналып, таңғы жүгіруге пара-пар қимыл да жасап қоясыз. Ұйықтап қалудан сақтайды әрі денсаулыққа да пайдалы.

Ұшпалы оятқыштың тағы бір түрі бар. «AlarmClockyRun» – атауының өзі «Ұстап көр, егер үлгерсең!» деп қытығыңа тиеді. Бұл электронды оятқыш балалардың ойыншығына ұқсайды. Іске қосылған кезде 2 жанынан дөңгелектер пайда болып, иесінен қаша жөнеледі. «Қашу» ұзақтығы 20 секундтан басталып, 1,5 минутқа дейін созылады. Ұстап алып, тетігін баспайынша, тыным таппайды. Таңды осындай өзгеше оятқышпен қызықты әрі көңілді бастау балалар үшін де, ересектерге де пайдалы.


  • Таңғы хош иіс

Анаң дайындаған таңғы астың, тәттілердің хош иісі сондай жағымды, иә? Ас бөлме жақтан келіп жеткен иіс көтеріңкі көңіл-күймен оянуға, ұйқы құшағынан жайлы шығуға, күнді айрықша махаббатпен бастауға ықпал етеді. Дәл осындай әсерді хош иістермен оятатын оятқыш та бере алады. Сырттай қарағанда кәдуілгі сағат сияқты. Ерекшелігі – арнайы саңылауға иіс капсулалары салынады. Сағаттың баяу дабыл белгісімен бірге айналаға жаңа піскен тағамның иісін де тарата бастайды. Өзіңізге ұнайтын ас-тағамның иісін таңдасаңыз, әр күніңіз ерекше тәбетпен, махаббатпен, жайлылықпен және өмірге құштарлықпен басталатыны даусыз.


  • Бариста оятқыш

Күнді сергітетін, жайлылық пен жылу сыйлайтын кофемен бастағанды жақсы көресіз бе? Мына оятқышты алсаңыз, кофе қайнатып әуре болмайсыз, кофеханаларға шығындалмайсыз. Оятқыш сізді әрі ұйқыдан тұрғызады, әрі дәмді кофеңізді дайындап береді. Жатарда таңертең ішкіңіз келетін кофе түрін таңдап, баптауын жасап қойсаңыз болғаны.


  • Ұйқының өтемі - ақша

SnūzNLūz оятқышы банк картаңызға байланады. Өзіңіз белгілеген уақытта дабыл соғады. Үш мүмкіндік береді. Үш реттен кейін де ұйқыдан тұрмасаңыз, банк картаңыздан ақша алынады. Әр күнгі артық ұйқы үшін 10 доллардан айрыласыз. Мұны уақытылы тұрмағаныңыз үшін жаза дейсіз бе, оятқыш қызметінің өтемақысы деп қабылдайсыз ба әлде дәлме-дәл уақытта оянуға мотивация деп қарайсыз ба – өзіңіз біліңіз. Ақшаңыздан айырылғыңыз келмесе, ерте тұрып үйренесіз!


  • Спорт және денсаулық

Гантель түріндегі оятқыштың иесі қоңыраудың өшкенін қаласа, жаттығу жасауға тиіс. Гантельді 30 рет көтерген соң барып тыныштық береді. Бұл әсіресе ерлерге аса пайдалы. Таңды сергек бастаудың әрі спортпен айналысып, бұлшықетті шынықтырып, денсаулыққа қамқорлық жасаудың таптырмас жолы.


  • Таңғы ми жаттығуы

Кезекті бір айрықша оятқышты қолдану арқылы таңертең миыңыз да уақытылы оянады. Көз ашық, аяқ-қол қимылдайды, бірақ ми әлі ұйқысыраған қалыпта жүрмейсіз. Өйткені, қоңырау үнін сөндіру үшін пазлдың шашыраңқы бөлшектерін орнына қойып, бүтін бейнені құрыстыруыңыз керек.


  • «Бомба» оятқыш

Сізге экшн кинолар ұнай ма? Ендеше «Бомба» аталатын оятқыш әр күніңізге керемет әсер береді. Себебі, таңыңыз кинодағыдай тамаша басталады. Оятқыш дабылын өшіру үшін көк, сары және қызыл сымдарды дұрыс ретпен жалғау керек! Мұқият болыңыз, егер сымды дұрыс жалғамасаңыз, жарылғыштың атылған даусы дүр сілкіндіреді.


  • Тиын салғыш қоңыраулы сағат

Тиын салғышқа ақша жинау – көпшілік адамның сүйікті ісі. Әсіресе, балалардың. Күнделікті көзге көрінбей жаратылып кететін тиындарды біраз күн қорапқа салсаңыз, әжептеуір сома жиналады. Бірақ соны құнт қылмайтынымыз бар. Тиын салғыш оятқыш осы жағынан көмектеседі. Қоңырау дабылы арнайы саңылауына тиын тастағанша өшпейді. Осылайша уақытты да, тиын-тебенді де тиімді пайдалана аласыз.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Жылытқыштың ЖАҢА түрлері және ЗАМАНАУИ функциялар