КӨЛІКТЕРГЕ жанармай мен газ құюдың ҚАЖЕТІ БОЛМАЙДЫ

0
5 978

Оның орнын су тегін Күн энергиясы алмастырады


 КӨЛІКТЕРГЕ жанармай мен газ құюдың ҚАЖЕТІ БОЛМАЙДЫ

Жер бетіндегі тіршіліктің басты қуат көзі – алтын Күн. Ал адамдар одан алыстап, қуатты жердің астынан іздеп, бүгінде мұнай, жанармай, газ бен электр энергиясына тәуелді болып тұрмыз. Олардың да құны күн санап аспандап барады. Қоры таусылуға жақын деген дабыл тағы бар.


Дәл осы себептен соңғы жылдары энергетика саласындағы инновация мамандары Күн энергиясын өндірудің жолын қарастырып, құрылғылар құрастырып, бірқатарын қолданысқа беріп те үлгерді.

Сіз бен бізге ең пайдалы болатын бірнешеуін теріп алдық, танысып көріңіз.


Фотоэлементтен тұратын шатыр жабыны

Шатыр үйді жауын-шашыннан ғана қорғамай, бүкіл үйді қуатпен қамтамасыз етіп тұрса, қандай ғанибет болар еді. Бұл жай ғана арман емес, жүзеге асыруға болатын жайт. Энергетик-өнертапқыштар су өткізбейтін, сонымен қатар Күн қуатын жинайтын көпфункциялы жабын материалын әлдеқашан ойлап тапқан. Сырт көрінісі жабынқыштан аумайтын жабын төзімді түссіз шынымен жабдықталған. Шыны астында күн батареялары орнатылған. Бір жеке тұрғынжайдың барлық энергетикалық қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз ете алады.


Неғұрлым жақын болса, соғұрлым қуатты

Күн батареялары Күнге неғұрлым жақын болса, соғұрлым қуатты да көбірек беретін сыңайлы. Өйткені, ешқандай жанар-жағармайсыз, күн батареяларының көмегімен көк жүзінде ұшақтың самғауы – тіптен таңдай қақтырарлық жаңалық.

Күн энергиясын қолдануда ең сәтті шыққан жаңашылдықтардың бірі – Solar Impuls-2 әуе көлігі болды. Ол бір ғана Күн сәулесінің қуатымен көк жүзінде 510 сағаттан астам уақыт еркін қалықтаған. Осы уақыт аралығында ауа райының нашар болуына байланысты бірнеше рет қана жерге қонған екен. Рекордтық көрсеткіш. Қол соғып қошеметтеуге, асыға күтуге тұрарлық инновация.


Сейіл-серуенде отын іздеп сандалмайсыз

Енді табиғат аясына сейіл құруға шықсаңыз, отын іздеп сандалмауға, ауаны түтінмен, айналаны күл-қоқыспен ластамауға мүмкіндік бар. Тек ол үшін қолыңызда GoSun қақтама пеші болуға тиіс. Аталған тұрмыстық техникада қуырып та, бұқтырып та, қайнатып та, буда ұстап та ас-ауқат әзірлеуге болады. Көлемі жеті-сегіз адамға еркін жетеді. Және ең кереметі, таза табиғи энергия – Күн сәулесімен 2 минут ішінде 200 градусқа дейін қызады.


Жанармай мен газ қалтаңызды жұқартты ма?

Күн энергиясын пайдаланатын шағын отбасыға арналған темір тұлпар – Stella деп аталады. Салонына 4 адам сыятын бұл көлік иесінің ақшасын едәуір үнемдейді. Бұған дейінгі күн батареясымен жүретін көліктердің жылдамдығы төмен, жиналатын қуат көлемі де аз болатын. Stella-ны құрастырушылар бұл кемшін тұстарын жойып, оны басқа да автокөліктермен бәсекеге түсе алатындай етіп шығарды. Ең жоғары жылдамдығы – 110 км/сағ. Жинақталған қуат қоры күн батқасын тағы 600 шақырым жолды жүріп өтуге жетеді.


Терезедегі жылытқыш

Қыс мезгілінде үйді жылыту – негізгі мәселелердің бірі. Әлі де отын-көмір таситын, табиғи газы болса да, қызуы жетпей, қосымша электр энергиясының көмегіне жүгінетін отбасылар біршама. Бұл тағы да қалтаға салмақ. Терезе көзін тиімді жылытқыш құралына айналдыратын өнертабыс осы бір мәселенің шешімі болады деп сенеміз. Мұндай терезенің шынысына арнайы құрамды, түссіз мөлдір жақпа жағылады. Ол Күн энергиясын бойына сіңіріп, шоғырландырады да, электр энергиясына айналдырады. Бұл үшін Күн сәулесінің тура түсуі міндетті емес, бұлтты, жауын-шашынды күндері де шашыраңқы жарықтың өзінен қуат ала береді.

Күннен қуат алатын батареялар, басқа да технологиялар өмір мен өндірістің барлық саласына дендеп еніп барады. Ыңғайлы, тиімді, үнемді деп тапсаңыз, сіз де қолданып көріңіз.

Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Бұл жаңа «ТОНАЛКА» – барлық ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТІҢ АРМАНЫ