56 жастағы Хәкім Иманиязовтың артында екі ұл, бір қызы қалған.
ERNUR.KZ. Атыраудағы «Мемлекеттік сараптама орталығының» күзетшісі Хәкім Иманиязов 56 жасында басына қан шауып көз жұмған. Бұл оқиғаны әлеуметтік желідегі парақшасына жазған адвокат Айнұр Балакешованың ақпаратына сүйенсек, сол күні ғимаратқа келіп, күзетшіні видеоға түсірген блогерлердің ауыр сөздерінен кейін Хәкім Иманиязовтың қысымы артып, денсаулығы нашарлаған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Айнұр Балакешованың айтуынша, марқұмның әйелі Мәриям қазір оны видеоға түсіріп, келемеждеген адамдардың үстінен арыз жазбақ.
«Атыраудағы «Мемлектетік сараптама орталығы» деген мемлекеттік ғимараттың күзетшісін өздерін блогерміз деп таныстырған екі адам видеоға түсіріп, мазақ еткен. Олардың іс-әрекеті мен сөздерінен кейін күзетшінің жағдайы нашарлап, жедел жәрдем шақырған, арада біраз уақыт өте келе ол көз жұмды. Өздерін блогерміз деп таныстырған олар мемлекеттік органға рұқсатсыз кіргісі келген, бірақ, күзетші оларды турникеттен өткізбеген», - деп жазды адвокат.
Ал, адвокаттың жариялаған видеосына қарасақ, екі келіншек пен ер адам әуел баста сараптама орталығының сыртында мемлекеттік ту жоғын алға тартып, видео түсірген. Олар осы фактіні тіркету үшін 102-ге қоңырау шаламыз деп өзара сөйлесіп жүр. Ал, ғимараттың ішіне кірген олар «бізге не басшыны, не басшының орынбасарын шақырып беріңіз» деп дөрекі сөйлейді.
Турникеттің істемей тұрғанын көрген келіншек «мына турникетті неге іске қоспайсыз, қосып қойыңыз, әйтпесе ішке рұқсатсыз кіре береміз» деп күзетшіге бірден тап береді. Марқұм Хәкім Иманиязов орнынан тұрып, турникетке келгенше екі әйел одан өтіп, ғимараттың ішіне кіріп кеткен. Күзетші блогер әйелді қолтығынан ұстап, турникеттен шығарып жіберген.
Сол сәтте блогер қатты айқайлап, қолы ауырғанын айтады және жанындағы «әріптестеріне» полиция шақырыңдар деп бұйырады. Сол сәтте ғимаратқа кірген қара футболкадағы ер адам күзетшіге дауыс көтеріп, оны видеоға түсіре бастайды.
«Сен кімсің менің аузымды жабатын. Куәлігіңді көрсет. Күзетшімін деген бейджигің мені қызықтырмайды. Мына аяғыңдағы не? Сланцы ма? Сен не, бомжсың ба? Тәпшіке киіп жүрсең, сен бомжсың. Сен юбка киіп отыратын әйелсің», - дейді ер адам күзетшіні отыратын жеріне дейін қуып барып.
Адвокат Айнұр Балакешова кейін телефон арқылы марқұм күзетшінің әйелімен және біздің болжамша, күзетші жұмыс істеген мекеменің өкілдерімен сөйлескен.
«Менің күйеуімнің аяғындағы киіміне қарап, «бомжсың» дейтіндей олар кім? Мен оларды соттатпай қоймаймын, соңғы демім қалғанша күресемін», - дейді қатты жылаған әйел.
Ал, адвокатпен сөйлескен екінші тұлға сол күнгі оқиғаны қысқаша баяндап берген.
«Негізі, күзетші өмірде ешкіммен ұрсыспайтын адам еді. Сол күні өзін блогерміз деп таныстырғандар ғимараттағы заңсыздықтарды түсіріп жүрген. Ғимарат сыртына ту ілмеген деп, мекеме ішіндегі өрт қауіпсіздік дабылдары жұмыс істемейді деп видео түсіріп жүрді. Ал, ғимаратқа кіргізбеген күзетшіге ауыздарына келгенін айтып, аяқ киіміне тиіскен, оны бомж деген. Күзетші олардың ауыр сөздеріне шыдамаса керек, қан қысымы 280-ге дейін көтеріліп кеткен. Жедел жәрдем шақырдық. Кейін, білуімізше, басына қан шауып, көз жұмған», - дейді телефонның артқы жағындағы тұлға.
Редакция тілшісі осы оқиғаның мән-жайын толық анықтау үшін Атырау облысының әкімдігі мене полиция департаментінен қосымша ақпарат сұратты.