Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан Нұрболат Дәкебаев 2 жылға бас бостандығынан айырылды

0
467

Сотталушы өз сөзінде жасаған қылмысына шын жүректен өкінетінін баса айтты.


Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан Нұрболат Дәкебаев 2 жылға бас бостандығынан айырылды

ERNUR.KZ. Қарағандыда жедел жәрдем көлігі жүргізушісін сабаған Нұрболат Дәкебаевтың ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті. Жауапкер сотта соңғы сөзін сөйледі, деп жазады stan.kz.

Сотталушы өз сөзінде жасаған қылмысына шын жүректен өкінетінін баса айтты. Ол тергеу изоляторында жеті ай отырғанда бәрін ой елегінен өткізіп, қатесін түсінген екен.

"Құрметті сот, мен болған іске қатты өкінемін. Зардап шегушіден, сізден, отбасыларыңыздан, қоғамнан кешірім сұраймын. Істеген ісіме қатты өкінемін. Ісім бүкіл қоғамды шошытқанына қатты өкінемін. Жеті ай бойы абақтыда отырып, көп нәрсені түсініп, таразыладым. Сот мырзаға айтарым, маған шешім шығарарда бостандықтан айырмауыңызды сұраймын. Үш балам барын, әке-шешемнің барын ескеруді сұраймын. Әділетті шешім шығаратыныңызға сенемін", – деді Дәкебаев.

Сот отырысында ол бас бостандығын шектеуді қолданып, қамауда болған уақытты жазаға қосуды сұрады.

"Жазаға келетін болсақ, мен қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезде қолданыста болған Қылмыстық кодекстің 2024 жылғы 27 қаңтардағы нұсқасын қолдануыңызды сұраймын. Бапта айыппұл түріндегі жаза қарастырылған. 2 мың АЕК-ке (7 384 000 теңге) дейінгі мөлшерде немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Бас бостандығын шектеуді қолданып, қамауда болған уақытты жазаға қосуды сұраймын. Прокурор маған биыл 16 маусымындағы Қылмыстық кодекстің үш жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін нұсқасын қолдануды сұрайды. Заңға енгізілген өзгертулер мен түзетулер менің жағдайымды нашарлатпауы керек", – деді Нұрболат Дәкебаев сотта.

Судья Бақтияр Ақанов Нұрболат Дәкебаевты бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін кінәлі деп тапты.

Осылайша ол жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан Қарағанды тұрғыны Дәкебаев 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

"Сот сотталушының қызметтік міндеттерін атқару кезінде адамға зиян келтіру фактісін ауырлататын мән-жай деп таныды. Жеңілдететін мән-жайларға кінәсін шын жүректен мойындау және екі кішкентай баланың болуы жатады", - деп атап өтті судья.

Естеріңізге сала кетейік, 22 тамызда Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісі Төреғали Берікқалиұлын ұрып-соғу ісі бойынша сот отырысы қайта жалғасты. Процесс тікелей эфирде көрсетілді. Бұған дейін іс бойынша жүргізілген сараптамадан кейін жаңа айыптау актісі дайындалуына байланысты сот отырысы уақытша тоқтатылған болатын.

Алғашында Нұрболат Дәкебаев күш қолдану арқылы бұзақылық жасады деп айыпталды. Сот-медициналық сараптамалардан кейін тағылған айып 107-баптың 2-бөлігінің 5-тармағына, яғни бұзақылық ниетпен жасалған жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауырлығы орташа зиян келтіруге жатқызылды.

Соңғы отырыста прокурор Дәкебаевты үш жылға бас бостандығынан айыруды және одан жәбірленушінің пайдасына 5 миллион теңгеден астам соманы өндіруді сұраған. Дәкебаевтың өзі моральдық шығын көлемін қолжетімсіз деп атады.