Мені ядролық апат қаупі алаңдатып отыр – Назарбаев

0
563

Нұрсұлтан Назарбаев кейінгі ондаған жыл ішінде Қазақстан көптеген дағдарыстың сәтті шешілуіне дәнекер болғанын атап өтті.


Мені ядролық апат қаупі алаңдатып отыр – Назарбаев

ERNUR.KZ. Жаһандық қақтығыстың алдын алу үшін әлемдік саясатта диалог құрудан басқа жол жоқ. Бұл туралы Қазақстанның тұңғыш президенті "Астана клубының" пленарлық отырысында айтты, деп жазады sputnik.kz.

Назарбаев халықаралық аренадағы текетірестердің күшеюі, санкциялық шектеулердің салдарынан әлемдің экономикада микродағдарыстардың көбеюі, климаттың өзгеруі, сондай-ақ ядролық қауіпті төмендетуге қатысты ынтымақтастықтың әлсіреуі сынды себептер жаңа геосаяси ахуалдың қалыптасуына негіз болғанын жеткізді.
"Еліміз ядролық қарусыздану ісіне елеулі үлес қосты. Мені ядролық апат қаупі алаңдатып отыр. Бұл орайда, жаһандық деңгейдегі саяси ерік-жігерсіз нақты прогреске қол жеткізу мүмкін емес. Сол үшін мен 2019 жылы қарашада өткен "Астана клубының" бесінші отырысында Ядролық қауіпсіздік және ядролық қарудан азат әлем үшін жаһандық көшбасшылық альянсын (GAL) құруды ұсындым", – деді экс-президент.
Ол болашақта тікетірес күшейе түсуі мүмкін екенін ескере отырып, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану мәселесіне ядролық қаруға қарсы қозғалыстың барлық қатысушысы белсене атсалысуы қажеттігін атап өтті. Осы процеске "Астана клубы" пікірсайыс алаңы да қомақты үлес қоса алатынын жеткізді.
"Өздеріңіз білесіздер, мен 2019 жылы наурыз айында өз еркіммен Қазақстан президенттігінен кеттім, қазір ешқандай лауазым атқармаймын. Алайда саналы ғұмырын еліне қызмет етуге арнаған, қашанда маңызды оқиғалардың ортасында жүрген адам ретінде өзіміз, балаларымыз бен немерелеріміз өмір сүретін әлемнің жай-күйіне, болашағына әркез алаңдаймын. Жаһандық қақтығыстың алдын алу үшін әлемдік саясатта диалог құрудан басқа жол жоқ екеніне сенімдімін", – деді Назарбаев.
Қазақстанның тұңғыш президенті қатысушыларға өте күрделі жағдайда да бітімгерлік шешім табуға болатынын жеткізе отырып, соның айқын көрінісі ретінде Ресей мен Түркия арасындағы "ұшақ дағдарысы", қазақстандық дипломаттардың күш-жігерінің арқасында бастау алған "Сирия процесі" сынды тарихи оқиғаларды тілге тиек етті.
"Жалпы, кейінгі ондаған жыл ішінде Қазақстан көптеген дағдарыстың сәтті шешілуіне дәнекер болды. Оның бәрін бір кездесу аясында қамту мүмкін емес. Соңғы 30 жылда сыртқы саясатта болған ең ауқымды оқиғалар туралы толығырақ менің желтоқсан айының басында жарияланған естеліктерімде жан-жақты айтылды. Бұл еңбек үлкен қызығушылық тудырды, шетелдік баспалардан да оны ағылшын тіліне аударуға ұсыныстар түсіп жатыр. Кітап жақын арада жаһандық аудиторияға жетеді деп ойлаймын", – деді Назарбаев.
Сөз соңында экс-президент өзара ымырашылдық пен парасатты қада арқылы ғана әлемдік қоғамдастық шиеленіс шеңберінен шығатын жол таба алатынына сенім білдірді.