Қайтыс болған құтқарушы Олег Тышкевичтің анасы, қызы, ұлы және әпкесі марқұмның қызметтік міндеттерін атқару кезінде қайтыс болуына байланысты моральдық залал өтеуді талап етіп сотқа жүгінді.
Фото: Әлеуметтік желіден
ERNUR.KZ. Алтын кенішіндегі ойыққа түсіп қаза болған төрт құтқарушының бірі, марқұм Олег Тышкевичтің туыстарының әрқайсысы жұмыс берушіден 7,5 млн теңгеден алатын болды. Апелляциялық істі қараған Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы осындай шешім шығарды. Қаулы заңды күшіне енді, деп жазады inform.kz.
Бұған дейін жазғанымыздай, қайтыс болған құтқарушы Олег Тышкевичтің анасы, қызы, ұлы және әпкесі марқұмның қызметтік міндеттерін атқару кезінде қайтыс болуына байланысты моральдық залал өтеуді талап етіп сотқа жүгінді.
Моральдық зиян олардың ұлынан, әкесінен, ағасынан айырылуының ауырлығынан, жерлеу кезінде онымен қоштасуға мүмкіндік болмауынан, жұмыс берушінің көңіл айтып, қолдау көрсетпеуінен талап етілді.
Екібастұз қалалық соты болған жазатайым оқиғаға жұмыс берушінің 100% кінәсін негізге ала отырып, қайтыс болған құтқарушының туыстарының талаптарын толық көлемде қанағаттандырып, әрбір туысының пайдасына қойылған талап көлемінде 30 000 000 теңгеден, жалпы сомасы 120 млн теңге моральдық зиян өндіру туралы шешім қабылдаған болатын.
Кінәлі болып табылған «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС бұл іс бойынша Павлодар облыстық сотына жүгінген.
— Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, әрқайсысының пайдасына моральдық шығын көлемі 7 500 000 теңгеге дейін азайтылды.
Бұл ретте сот алқасы келесіні ескерді: моральдық зиянның өтемақы мөлшерін анықтау кезінде бірінші сатыдағы сот еңбек қызметімен байланысты Өндірістегі жазатайым оқиға туралы актіні, жұмыс берушінің кінәсін 100% анықтаған жазатайым оқиғаның мән-жайын арнайы тергеп-тексеру актісін басшылыққа алды.
Бұл ретте сот арнайы тергеп-тексеру актісіне сәйкес жазатайым оқиғаның, еңбек қызметімен байланысты Өндірістегі жазатайым оқиға туралы актінің себептерін:
— «Майқайыңалтын» АҚ жауапты тұлғаларының тарапынан жұмыстың қауіпсіз жүргізілуіне өндірістік бақылаудың жеткіліксіздігі, жұмыстың қанағаттанарлықсыз ұйымдастырылуы;
— блоктарды өндіру кезінде қазбалардың құлау процесін жеткіліксіз бақылау;
— II кен массасын және таудан жоғары және төмен +90 м (160) кен орнын игеру кезінде тау-кен қондырғыларын дамыту жобаларының болмауын (әзірленбеген) ескермеді.
Яғни, жазатайым оқиға «Майқайыңалтын» АҚ өндірістік қызметімен байланысты, - деп мәлімдеді Палводар облыстық сотының баспасөз қызметінен.
Бұл мән-жайларды сот моральдық зиянның өтемақысы мөлшерін анықтаған кезде ескеруі тиіс.
Ақылға қонымдылық, әділдік және жеткіліктілік критерийлерін басшылыққа ала отырып, алқа бұл жағдайда жауапкерден талап қоюшылардың пайдасына туысының қайтыс болуына байланысты келтірілген моральдық зиян өтемақысын әрқайсысына 7 500 000 теңгеден өндіру қажет деген қорытындыға келді.
Қаулы заңды күшіне енді.
Еске сала кетейік, 4 қаңтарда Павлодар облысындағы Майқайың алтын кенішінде ішінде адамдар бар автобус жер астына түсіп кетті.
Апат болған күні оқиға орнынан екі құтқарушының мүрдесі табылды.
Кейін құтқарушылар топырақтың жиі қозғалуына байланысты жер қазу жұмыстарын тоқтатты.
Ал мамыр айында Майқайың алтын кенішінде қос құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданды.
19 шілдеде Майқайыңда алты айдан соң үшінші құтқарушының мүрдесі табылған еді.
25 шілде күні Майқайыңдағы ойыққа түсіп кеткен автобус табылып, жердің астына түсіп кеткен соңғы адамның денесі жоғарыға шығарылды.
Кейін Елорда соты құтқарушылардың өліміне жұмыс беруші тарап кінәлі деп таныды.
Опат болған бір құтқарушының отбасы жұмыс берушіден 120 млн теңге өндіріп алды.
Қыркүйек айында кеніштегі апатқа кінәлі ретінде 6 адам қамауға алынғаны туралы жазған едік.
Күдіктілер кейін үйқамаққа жіберілді.
Ал арада 9 ай өткенде алтын кеніші қайтадан іске қосылды.