"Жан түршігерлік көрініс": Жетісу облысында белгісіз біреулер зираттарды қазып тастаған (видео)

0
945

Құқық қорғаушылар оқиға туралы марқұмның туыстарына хабарлаған.


ERNUR.KZ. Жетісу облысында белгісіз біреулер православие зиратын қазып кеткен. Желіде видеосы тараған ақпаратты полицейлер растады, деп жазады stan.kz.

Видеодағы оқиға Өтенай ауылының іргесіндегі зиратта түсірілген. Бейнежазбада әйел қазылған зираттарды көрсетіп, тұрғындардың зәресін алған болатын.

“Біреулер қабірлерді қазып тастаған. Қандай қорқыншыты. Кім не үшін істегені белгісіз. Марқұмның туысқандары келіп, зираттарын тексеріңіздер. Жан түршігерлік көрініс”,- деді видео авторы.

Полиция оқиға орнына барып, бұл фактінің Еңбек ауылының маңында орналасқан үш зираттан анықталғанын жеткізді.

"Қабірлерді жануарлар қазған болуы мүмкін деген болжам бар. Келтірілген барлық ақпарат қылмыстық кодекстің 314-бабының бірінші бөлігі (Өлгендердің мәйіттерін және олардың жерленген жерлерін қорлау) бойынша тіркелген қылмыстық істің аясында тексерілетін болады. Тергеу Талдықорған қалалық ІІБ бақылауында", - деді Жетісу облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Құқық қорғаушылар оқиға туралы марқұмның туыстарына хабарлаған. Полиция тергеу нәтижелерін жариялайтын болады.