10 минутта керемет нәтижесін көресіз.
фото: 101hairtips.com
Басы ауыра бастағаннан-ақ цитрамон дәрісін іздейтіндер аз емес. Тіпті, қалтасынан бас аурудың дәрісін тастамай алып жүретіндер де бар. Дәрі ішіп, 5-10 минут тынықса, ауруы жазылады. Алайда бас ауруын дәрісіз де қойдыруға болады. Ол үшін мына әдісті біле жүріңіз.
Басыңызды кез келген жерде емдеңіз
- Басыңыз ауырып бастағанда дереу жатыңыз. 1-2 сағат тынықсаңыз, бәрі жақсы болады.
- Орындыққа жайғасып отырып, көзіңізді жұмыңыз. Осылайша 15-20 минут ештеме ойламай отырыңыз.
- Отжимание жасаңыз. Яғни қолыңызды жерге тіреп, кеудеңізді көтересіз. Егер сіздің бас ауруыңыз мойынға қан келмегеннен немесе бұлшық етке салмақ түскеннен болса, отжимание керемет ем болады.
- 5-10 минут көз жаттығуларын жасаңыз. Кез келген жаттығу жарайды. Қаласаңыз, көзіңізбен сурет салыңыз, әңгіме жазыңыз, есеп шығарыңыз. Немесе көзді ашып-жұмғанның өзі керемет ем болады.
- Бұл әжелеріміздің бұрыннан қолданатын ескі әдісі. Десе де, кәдімгідей пайдасын тигізеді. Ақ немесе мақта матадан тігілген орамалды жұқалап орап, басыңызды қысып байлайсыз. 1-3 сағаттай жүрсеңіз, ауруыңыз басылады.
фото: mgorod.kz
Ас бөлмедегі мына заттар да ем болады
- Ыңғайлап отырыңыз немесе жатасыз. Сосын маңдайыңыз бен самайыңызға лимон қабығын қойсаңыз, 10 минутта керемет нәтижесін көресіз.
- Балғын қызылшаны тазалап жуасыз. Қабығымен дөңгелектеп турап, маңдайыңызға және самайыңызға қойыңыз.
- Қырыққабаттың жапырағын қолыңызбен умаждап, сөлін аласыз. Жұмсарған жапырақты маңдайыңызға қойып, көзіңізді жұмып, 5-10 минут жатыңыз. Осыдан соң-ақ ауруыңыз басылады.
- Егер бас ауруыңызға созылмалы гастрит себеп болса, онда 1 шай қасық бал қосылған 1 стақан жылы сүт ішіңіз. Одан артық ем таппайтыныңызға сеніңіз.
- 1 шай қасық сірке суды 0,5 литр салқын сумен араластырып, кеңдеу ыдысқа құйыңыз. Оған мата немесе сүлгіні малып алып, маңдайыңызға қоясыз.
- Егер бас ауруыңыз қан қысымыңыздың төмендегенінен болса, 1 шыны қою демделген кофе ішесіз. Кофе – бас ауруына таптырмайтын дәрі екенін білгеніңіз жөн.
- Адам ағзасы сусызданған кезде де басы ауырады. Бұл кезде дәріқобдишаны ақтарудың қажеті жоқ. Бар болғаны ыдыстағы 1 литр таза суды 1 сағат ішінде аз-аз жұтымнан ішсеңіз болғаны. Жарты сағаттан соң-ақ оң нәтижесін байқайсыз.
фото: mesyachnie.com
Шөптер де көмектеседі
- 1 шыны қайнаған суға түймедақ (ромашка) немесе қырмызыгүл (календула) шөбін салып, бетін жауып қоясыз. Бөлме температурасында салқындаған соң шайды сүзіп алып, ішесіз. Шөп шай бастың ауырғанын қойдырып, жүйкені тынықтырады.
- 100 мл ыстық суға 1 гр. даршын (корица) қосып, қақпағын жауып қоясыз. Шамамен 30 минуттан соң дайын болған тұнбаны жақсылап араластырып, сүзіңіз. Дайын болған емдік сусынды аз-аз жұтымнан ішесіз. Егер емді ашқарынға жүргізсеңіз, нәтижесі тез байқалады.
- 0,5 ас қасық жалбызды (мята) 1 стақан қайнаған суға салыңыз. Ыдысымен оттағы ыстық суға салып, 15 минут булайсыз. Осы уақытта үзбей қозғап тұруды ұмытпаңыз. Белгіленген уақыттан соң дайын болған тұнбаны сүзіп алып, шыны ыдысқа құясыз. Үстіне толтырып қайнаған су құйып, 2-ге бөліңіз. Емді күніне 2 рет тамақтанудан 15 минут алдын қабылдайсыз.
- Жарты литрлік банкіге толтырып жуылған таза бүрген жидегін саласыз. Үстіне таза табиғи бал қосып, қақпағын мықтап жабыңыз. Ыдысты күн тимейтін жерге қоясыз. Тура 2 айдан соң дайын болған емдік дәріні 1 шай қасықтан күніне 3-4 рет ішіңіз. Емді 2-3 апта бойы тамақтанудан алдын жүргізесіз.
Бас ауруының негізгі әрі тиімді емі – салауатты өмір салтын ұстану екенін ескеріңіз. Дұрыс тамақтанатын, ұйқысы жақсы әрі қанық, физикалық белсенділігі жоғары, жүйкесі тыныш адам ешқашан ауырмайды. Сондықтан өз өміріңізді өзіңіз қиындатып, алыстағы аурумен дос болғанша, денсаулығыңызды күтіп, байлығыңызды бағалаңыз.
Ескерту! Халық емін қолданбас бұрын міндетті түрде дәрігермен кеңесіп алыңыз.
Материал түрлі дереккөздерінен алынды.
Л.АХМЕТОВА,
Тағы оқыңыз:
ТҰМАУҒА ем болатын ЕКІ әдісті БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ
ҚАН ҚЫСЫМЫН түсіру үшін ҚАНША шыны КӨК ШАЙ ішу керек?
ҚЫС бойы МЫНА сусынды ішіп жүрсеңіз АУЫРМАЙСЫЗ