«Дәрігерлердің кеудесінде жүрек емес, тас бар екен»
«Жігіттер» квартетінің әншісі Ердос Қанаевтың жұбайы, блогер Айдана Мейірбекова «Айтарым бар» подкастына сұхбат беріп, сал ауруына шалдығып, өмірден өткен тұңғыш ұлын есіне алды.
Блогер 10 жыл бойы ұлының ауыр дертімен қалай күрескенін айтып берді.
«19 жасымда тұрмысқа шықтым. Жүктілігім өте ауыр өтті. Бір апта емделіп шығамын, екі күннен кейін тағы ауырып қаламын. Жеті ай бойы қиналдым. Жүкті кезімде бірде-бір дәрігер «баланың денсаулығында кінәраты бар» деп айтқан жоқ.
Ұлым жеті айлығында өмірге келді. Туыла сала бірден перзентхананың жансақтау бөліміне түсті. Сол перзентханада дәрігерлер «Баладан бас тарт, ол адам болмайды, ешқандай тіршілік белгісі болмайды, тек жатады, осындай тірі өсімдік саған керек пе?» деді. Жансақтау бөлімінің басшысы келіп, «Аппаратты өз қолыңмен өшір» деп ұсыныс білдірді. Қазір ойланам да, маған сондайды айтқан дәрігерлердің кеудесінде жүрек емес, тас бар шығар деп. Олар күнделікті сондай балаларды көріп, еттері үйреніп кеткен шығар. Бірақ менің жүрегім ондай нәрсені істеуге дауаламады.
Содан кейін басқа ауруханаға алмастық. Ол жақта 40 күндей жаттық. Маған күніне 30 минутқа ғана кіруге рұқсат етеді. Айналасының бәрі шиқылдаған аппарат. Кіре сала сол аппараттағы көрсеткіштерге қараймын. Сонда емдеп жатқан дәрігер «Айдана, сен түсінші, миының төрт бөлігіне де қан құйылған, одан аман шығу мүмкін емес, 100-ден 1 пайыз ғана мүмкіндік бар, ешқандай уәде бере алмаймын» деді. Сонда да үміт үзбедім», - деді өнер иесінің әйелі.
Блогер баласын емдету үшін бес ай бойы ауруханада жатқанын айтты.
«Шілде айында дүниеге келіп, қараша айында үйге шықтық. Бала өздігінен демалатын жағдайға жетті. Ол кезде жаспын, ДЦП, мүгедек бала дегенді білмеппін, жеңіл қараппын. Бәрі бізге мүсіркей қараса «Неге бәрі бұлай қарайды» деп таңғалушы едім. Кейін, балам жасынан асқанда барып жайлап түсіндім. Мүгедектікке шығарды, ДЦП-ның ең ауыр түрімен туылған екен. Тек жатады, басын ұстамайды, көзі көрмейді, тамақты жұта алмайды, қол-аяғы істемеді. Құлағы ғана естіді, қараңғы мен жарықты ғана ажырата білді.
Ақыр аяғында Алламен сөйлесіп, «Сен өзің өмір бердің, енді жанын қинамай алшы» деп бәрін өзіне тапсырдым. Себебі ол ауа жұта алмай жатқанда менің ауа жұтып отырғаным жаныма бататын. Біз үлкен дәретке қиналмай барамыз, ал ол үлкен дәретін ауруханаға барып, арнайы клизмамен шығаратын. Сондай кезде үлкен нығметтердің қадірін түсіндім. Баламыз содан кейін көп ұзамай, екі аптада жан тапсырды», - деді Айдана Мейірбекова.