«Күйеуі, баласы өлгендер тартқан»: Қарақат Әбілдинаның көк түсті орамалы көпшіліктің ашуына тиді

0
1 507

«Өмірді күрделендірмей, бәріне жеңіл қараңыздар!»


«Күйеуі, баласы өлгендер тартқан»: Қарақат Әбілдинаның көк түсті орамалы көпшіліктің ашуына тиді

Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, әнші Қарақат Әбілдина 46 жасқа толып, туған күнін өнердегі құрбыларымен дүркіретіп атап өтті.


«Менің туған күнім әлі жалғасып жатыр. Бүгінгі кеш осындай жақсы адамдардың ықылас-ниеті, тілегінен туындады. «Биыл туған күніңде шетелде болдың, құттықтай алмадық" деп сыйлығын үйге жіберген, қайда жүрсем де, ықылас-ниетін білдіріп жүрген жақын адамдарымның басын бір қосайын деп, шағын отырыс ұйымдастырып жатырмын. Көтермесек көңілді кір басады дейді. Елдегі жағдай реттеліп жатқан сыңайлы. Алла өзі жар болсын», – деп жазды әнші.


Қарақат Әбілдина туған күніне келген қонақтарға «Самидель» сән үйімен бірлесе шығарған өзінің авторлық орамалдарын тарту етті. «Барлығыңызға жетпей қалды. 20 дана дайындап едік. Бұйырса, қарақат жемісі бейнеленген осы әдемі принтпен жаңа топтамалар күтіңіздер!» деп жаңалығымен бөлісті өнер иесі.


Алайда әлеуметтік желі қолданушылары әншінің авторлық орамалын сынға алды. Көпшілік қонақтарға тарту еткен көк түсті орамалды жаман ырымға балады.


«Қазақи дәстүрді білетін Қарақаттың қазақ әйелдеріне көк орамал жапқаны дұрыс болмады. Қазақ әйелдері ешқашан көк жамылмасын!», «Орамал әдемі, бірақ түсі өте жаман екен. Қазақта көк пен қараны баласы өлген, күйеуі қайтқан әйелдер ғана таққан», «Көк түсті атам қазақ жақтырмаған. Көк түс – қағының, қазаның түсі», «Көк түсті күйеуі қайтқан әйел тағады. Осыншама әйелдің біреуі білмеген бе?» «Сәкен Майғазиевтің әйелі біліп тұр, көк түсті басына емс, мойнына тақты, білімді келіншек екен» деп жазды әншінің оқырмандары.


Бұл мәселеге Қарақат Әбілдина үнсіз қалмады. Ол өзінің «Инстаграм» парақшасына көк түске байланысты түсінік беріп өтті.


«Мен көпшіліктің пікіріне мүлдем келіспеймін. Шариғатта, не болмаса қай кітапта жазыпты, «Көк орамал тартуға болмайды» деп? Дәлелсіз сөз – дәйексіз. Мен де үлкен әулетте тәрбиеленіп, біраз нәрсені көрген қызбын. Осы жасыма дейін қаншама адаммен араластым. «Сен енді қайғы көрдің, енді сен көк орамал тағып жүр» дегенді естімеппін, көрмеппін. Мұндай жағдай болмаған. Алла-ай, беті аулақ, осындай әдемі түсті жамандықпен байланыстырып қоюды түсінбедім. Дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар.


Өкпе-наз емес емес, достар. «Біреу деген екен, біреу депті» деп әрдеңеден бірдеңе іздеп, өмірді күрделендіріп, оны қорқынышты жағдайлармен байланыстыру дұрыс емес. Әр нәрседен әдемілік көре білейік. Жақсы ойда, жақсы пікірде болайық. Сонда өмір де сізге күліп қарайды, жолыңыз ашылады», - деп орамалға қатысты ойын білдірді Қарақат Әбілдина.