​«Жылап жүріп бағып едім»: Желіде қарттар үйін паналаған кейуананың видеосы қызу талқыға түсті

0
6 085

Баласы екі қызын, әйелін қарияға тастап, кетіп қалған


​«Жылап жүріп бағып едім»: Желіде қарттар үйін паналаған кейуананың видеосы қызу талқыға түсті

Әлеуметтік желіде қарттар үйін паналаған кейуананың видеосы тарады. Жалғыз ұлынан жақсылық көрмеген ана «Qazaq AIRAN» ютуб арнасына сұхбат беріп, баласына деген сағынышын, ренішін астарлап жеткізді.


Видеодағы әжейдің жасы 87-де екен. Аты-жөні – Күлбаран Шәкенова. 8 жылдан бері қарттар үйінде тұрады.


«Сағынғанда... ешқандай сағынбаймын. Реніш болады ғой енді. Мен жылап жүріп бақтым ғой оны. Елдің бәрі «сені жылап жүріп бағып еді шешең. Тапқан шеше емес, асыраған шеше! Ер жеткізді, үйлендірді» деп айтты. Омырауымды емгізіп, бөтелкедегі сүтін қойныма тығып берген балам мынау болды. Осы келгенде «Кешірдім, жарайды. Енді өміріңді сүре бер» дедім оған. Құдайға тәуба! Енді Алладан тек өлім тілеймін. Өз аяғыммен жүріп өлсем деймін» деп көңілі босады кейуана.


Видеодан білгеніміз, кейуана жалғыз ұлын туа сала асырап алған екен. Шалы екеуі бағып-қағып жеткізген. Оқытқан, үйлендірген. Бірақ ұлы әйелімен ажырасып, екі қызымен тастап кеткен. Сол кеткеннен туған шешесін тауып, кейуанаға қарамай қойған. Ал Күлбаран әжей баласы тастап кеткен екі қызды оқытып, тұрмысқа беріп, өзінің атындағы үйді немерелеріне сыйлапты.


Қамкөңіл қарияның видеосы желі қолданушыларының арасында қызу талқыға түсті.


«Осы әжені мен асырап алайыншы, қайдан тапсам болады?», «Тілі кешірген, бірақ жүрегі кешірмеген екен. Баласы екі дүниеде де оңбайды-ау енді», «Менің анам да, енем де, әжем де жоқ. Балаларым осындай әжеге еркелеп өссе екен деп армандаймын. Қолыма алайыншы, көмектесіңіздерші», «Жүрегім ауырып кетті, баласына сана берсін», «Қазақтар, тасжүрек болмаңдаршы. Анадан артық жан бар ма?!», «Өте өкінішті жағдай. Баласын тауып, жазалау керек» деп жазды көпшілік.